Чт. Июл 31st, 2025

Елде ашылатын жұмыс орындарының бір бөлігі уақытша жұмыспен байланысты. 

Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек адамының абырой-беделін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Мемлекет басшысы  2030 жылға қарай  3,3 миллион адамды,  соның ішінде 2,3 миллион жастарымызды жұмысқа орналастыру бойынша  нақты бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Халықты жұмыспен қамту мәселесін  кешенді түрде шешу үшін  қазіргі таңда  еңбек нарығын трансформациялау жүріп жатыр. Мамандықтар мазмұны жағынан өзгеріске ұшырауда. Экономикадағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде  бұрыннан қалыптасқан бірқатар кәсіптер жойылып,  жаңалары пайда болуда», – деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы жариялаған  Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамының абырой-беделін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек.

«Олар  заманауи талаптарға сай болуға тиіс. Бүгінде елімізде  ауқымды логистикалық  және энергетикалық жобалар  іске қосылып жатыр. Түрлі салаларда  цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Жалпы кешенді шаралар  жаңа  сапалы жұмыс орындарын құруға  мүмкіндік береді. Еңбек министрлігі  аталған жұмысты  салалық министрліктермен  және әкімдіктермен  тұрақты түрде үйлестіріп,  қажетті жедел шараларды қабылдауға тиіс. Бұл ретте  еңбек нарығындағы өзгерістердің  толық есебін жүргізіп отыру керек. Жұмыс орындарын құрудың  сапалы мониторингін қамтамасыз ету үшін  Инновациялық жобалар навигаторы әзірленді», – деді Үкімет басшысы.

Үкімет басшысы елімізде ашылатын жұмыс орындарының бір бөлігі уақытша жұмыспен байланысты екенін атап өтті. 

«Мұндай тәсілдің тиімділігі төмен. Сондықтан қолданыстағы жоспарларда  тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту қажет. Әсіресе, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аудару керек», – деді Олжас Бектенов. 


Дереккөз: Inbusiness.kz