Чт. Ноя 21st, 2024

ІІМ Атырау және Абай облыстарында болған жағдайларға байланысты тексеру жүргізіп жатыр.  

Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Бүгінгі таңда су тасу салдарынан қайтыс болған адамдар жоқ. Бірақ су көтерілген кезде Атырау және Абай облыстарында орын алған жағдайлар бар. Онымен қазір Ішкі істер министрлігі айналысып жатыр. Ол туралы алдын ала шешім шығарып айту ерте. ІІМ өзінің жауабын беретін болады», — деді ведомство өкілі Үкіметте өткен брифингте.

Журналистер «Абай облысында трактор үстіндегі 2 адам неге тасқын құрбандары деп танылмай отыр?» деп сұрады.

«Ол екі адам трактормен тасып жатқан судың ортасына өздері кірген. Қалай ойлайсыздар, су келіп, оларды алып кетті ме әлде су ортасына өздері кірді ме? Мәселе сонда. Біздің құтқарушылар тұрған мен оқиға болған орын арасы 400 шақырым болған. Олар ол жерге ұшақпен немесе көлікпен жетуі керек. Уақыт кеткен жағдай болды», — деп толықтырды вице-министр Бауыржан Сыздықов.

Айта кету керек, осыған дейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев тасқын салдарынан қанша адам көз жұмғанын айтқан болатын. Оның берген ақпараты бойынша тасқын құрбандарының саны жетеу. Кейін ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев елдегі су тасқыны салдарынан  5 адам қаза тапқанын мәлімдеген болатын.


Дереккөз: inbusiness.kz