Вс. Окт 6th, 2024

Қазір жасанды интеллект – әлемдік тренд. Біздің қоғам цифр­ландыруды қолдану мен жасанды интеллектіні бағындыруда уақытпен бірге, көштен қалмай келеді деуге негіз бар. Қай саланы алып қарасаңыз да, цифрлық бағдарламаларға, жасанды интеллектіні қолдануға талпыныс байқалады. Ал жасанды интеллектіні отандық бизнес әлдеқашан бастап та кеткен.

Мәселен, Жоғарғы сот жасанды интеллектіні осыдан бірнеше жыл бұрын қолдана бастады. Сот алқасының мұндай жаңа трендке мойын бұруына отандық бизнес септігін тигізген. «Жасан­ды интеллектінің сот алқасына қан­­­ша­лықты қажет болды?», «Бұл жоба нені өзгертіп, не­ні же­ңіл­детті?» деген орынды сауал туындары ақиқат. Қара­пайым тілмен түсіндірсек, мұн­дағы мақсат – халықты сот істе­рінің нәтижелерін іздеу мен баға­лауда сапалы тың құралмен қам­тамасыз ету. Осылайша, 2018 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Жоғарғы сот бір­лесіп, аталған жобаны іске асы­ру үшін Қазақстан-Британ тех­никалық университеті­нің ма­ман­дарын тартқан. Жүйеге бар­лық сот актісі мен азаматтар­­дан қабылданған мыңдаған талап-арыз жүктелген. Мұнда сот актісі бір жүйеге келтіріліп, «не­гізгі» сөздер анықталып, содан кейін ол цифрлық жүйеге көшіріліп, санатқа бөліну арқылы іріктеледі.

Заңнама өзгерген сайын ақыл­ды жүйе де соған сай өзгеріп, бейім­деліп отырады. Бұл жоба қа­зіргі уақытта судьялардың ше­шім қабылдаудағы сенімді кө­мекші құралына айналған, ал аза­маттарға өз талап-арызының қа­ралу барысын бақылап отыруға мүм­кіндік береді. Жүйе Жоғарғы соттың шешімі бойынша шық­қан азаматтық сот актілері негізін­де ғана жұмыс істейді. Жүйе­ні енгізу халықтың өз уақытын үнем­деуіне және материалдық ре­сурстарын оңтайлы пайдалануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар судьяларға түсетін жүк­те­мені төмендетуге ықпал ете­ді. Алгоритмге негізделген ней­рон­дық желі миллиондаған сот ак­тісін талдайды және судья­ларға елдегі ұқсас істер бойынша статис­тика мен басқа да қажетті мәлі­мет­терді ұсынып отырады.

Әрине, жасанды интеллект судьяларды алмастыра алмайды, алайда күнделікті жүктемені жеңілдетеді. Сонымен қатар жа­санды интел­лектіні қолдану адам ресурстарын үнемдеуге, қа­теліктерді азайтуға және судья­ларға күрделі істерге жіті назар аударуға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, азаматтардың сот төре­лігіне қол жеткізуін жеңіл­дете түспек.

Сот жүйесін цифрландыру биз­нес үшін де жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Біріншіден, ол сот үдерістерінің ыңғайлы логистикасын қамтамасыз етеді. Яғни кәсіпкер сотқа жүгінуден бастап цифрлық платформалар арқылы істің түпкілікті шешілуіне дейінгі барлық үдерісті бақылай алады. Екіншіден, соттарды цифр­ландыру сот үдерістерінің ашық­тығына кепіл­дік береді. Бұл судья­ларға жүк­темені азайтады, шы­ғындарды оңтайландырады және, ең бастысы, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырады.

Мемлекеттік органдардағы үде­­рістерді цифрландыру олар­дың ха­лық­пен және бизнеспен өзара іс-қимы­лын ретке келтіре­рі сөз­сіз. Мәселен, кәсіпкерлер сот про­цестеріне жиі қатысады. Әри­не, мұндай жүйкеге салмақ салатын істер олардың одан да тапшы уақытын алады. Ал биз­нес өкілі сот есігін емес, кәсіп­тің кілтін із­деуі керек емес пе. Сон­дықтан бұл жоба­ның бизнеске де тиімділігі шашетектен. Бұрын олардың сот про­цесіне міндетті түрде қатысуы талап етілсе, қазір сот оны бейнебайланыс арқылы қашықтықтан өткізуге құқылы.

Осылайша, Қазақстан-Британ техникалық университетінің мамандары, бизнес пен судьялар­дың бірлесіп тапқан шешімі сот практикасын цифрлық талдайтын әрі сот істерінің нәтижесін бол­жайтын жасанды интеллект құралы GPT Chat шыққанша ойластырылып, 2021 жылдан бері қолданылып келеді.

Қазақстан соттарында цифр­ландыруды дамыту сот төре­лі­гі­нің тиімділігі жө­нінде­гі Еуро­ко­миссияның (СЕПЕЖ) 2020 және 2022 жыл­дардағы соттар­дың IT-технологияларды қолда­нуы жө­ніндегі шо­луларында 47 ел­дің ішінде 4-орын­ды иеленді. Демек көш со­ңында емеспіз, алдыңғы қа­тар­да келеміз. Мемлекет басшы­сы айтқандай, қазіргі міндет – елі­міз­дегі ІТ-мамандардың, са­рап­шы­лар­дың, ғалымдардың ба­сын қосып, олардың күш-жіге­рін тиімді пайдалану, халық­ара­лық серіктестер­дің зор мүм­кін­дігін еліміздің кәдесі­не жарату.


Дереккөзі: Egemen.kz