Вс. Ноя 24th, 2024

Жақында әлеуметтік желілерде халық қажеттіліктері үшін жеткізілетін көмірдің сапасына сын айтылды.  

Бүгін «Шұбаркөл Премиум» көмір сапасы мемлекеттік стандарттарға сай екенін, ал әрі қарай оның сапасына отын компаниялары жауап беретінін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

«Шұбаркөл Премиум» мемлекеттік стандарт талаптарына сай көмір өндіреді және халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктеріне тек өңірлік көмір операторлары арқылы отынды жеткізеді, делінген компания баспасөз-релизінде.

Компания, ҚР Ұлттық стандарттау жүйесіне сәйкес, отын компанияларына келісімшартта көрсетілген «коммуналдық-тұрмыстық пайдалануға арналған, «Центральный-2″ учаскесі, Шұбаркөл кен орнының көмірі, 0-300 фракциясын» жеткізеді.

Осы стандарттың 5.8-тармағында ұсақ фракция жеткізілетін көмір партиясында 0 мм-ден 5,6 (6) (ұсақ-түйек) мм-ге дейін не жалпы көлемінің 40%-ынан аспауы керек екені жазылған. «Шұбаркөл Премиум» бұл талаптарды толығымен орындағанын айтады.

Сонымен қатар, «Шұбаркөл Премиум» АҚ Шұбаркөл кен орнында, «Центральный-2» учаскесінде көмір өндіру бойынша келісімшарттық қызметті жүргізеді. Осы учаскенің тау-кен-геологиялық жағдайы көмірді сұрыптау кешендері әдісімен қосымша өңдеусіз (байытусыз) ірі фракциялы көмір өндіруге мүмкіндік бермейді.

«Шұбаркөл Премиум» ақ көмірді халыққа тікелей тиемейді, уәкілетті мемлекеттік органдар аккредиттеген отын компаниялары (өңірлік көмір операторлары) арқылы жөнелтуді жүргізеді. Аккредиттелген компаниялар халық игілігі үшін «Шұбаркөл премиум» АҚ-дан басқа, еліміздің өзге көмір кәсіпорындарынан отын алады.

Сондықтан «отын компаниялары базаларынан халыққа тікелей жөнелтілетін көмірдің сапасын бақылау «Шұбаркөл Премиум» АҚ жауапкершілігіне кірмейді, бұл міндет толығымен отын компанияларына жүктеледі», делінген баспасөз-релизінде.


Дереккөз: Inbusiness.kz