Шымкент Полиция департаменті қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуыл дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу жайлы толығырақ мәлімет берді
Полиция департаменті мәліметінше, қылмыстық іс адам өлтіруге оқталу бабы бойынша тергеліп жатыр.
Айта кетейік, Қылмыстық кодексте 24-бап бар – «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу», алайда бұл бапта жаза шаралары нақты көрсетілмеген.
«Қылмысқа дайындалғаны және қылмысқа оқталғаны үшiн қылмыстық жауаптылық осы Кодекстiң аяқталған қылмысқа арналған бабы бойынша, осы баптың тиiстi бөлiгiне сiлтеме жасала отырып туындайды», – делінген кодексте.
Бұл жағдайда аяқталған қылмыс ретінде Қылмыстық кодекстің 99-бабы – «Адам өлтіру» қарастырылады. Ең төменгі жаза – 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Кейінірек Руслан Берденов есін жиғаны айтылды.
ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS