Пт. Дек 6th, 2024

Қаржы институттары Ұлттық банк қойған ережеге сәйкес жұмыс істейтін болады. 

Күні кеше елімізде шетелдік банктердің қатары көбеюі мүмкін екені белгілі болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Оңтүстік Кореяның қаржылық ұйымына банк ашуға рұқсат берілгенін, Біріккен Араб Әмірлігінің банкі елімізде жұмыс істеуге ниетті екенін айтты. Бұдан басқа «Bereke Bank»-ті сатып алған қатарлық инвестор де бар. Бұл жаңашылдықтар қаржы секторында қандай өзгерістер алып келуі мүмкін? Несие пайызы арзандауы мүмкін бе? Бұл туралы inbusiness.kz сайтының тілшісі біліп көрді.

Шетелдік банктерді тарту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген. Президенттің айтуынша, банк саласындағы өзекті мәселенің бірі – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған.

«Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн», — деді Тоқаев.

Жақында елімізде шетелдік банктердің қатары көбеюі үшін оларға қойылатын талаптардың жеңілдейтіні белгілі болды. Мәселен, шетелдік қаржы институттарын ашуға рұқсат алу үшін құжаттар тізбесін қысқарту көзделіп отыр. Бұдан басқа олардың лицензия алуы да жеңілдейді деп күтілуде. Ұсынылған түзетулерге сәйкес, елімізде шетелдік банк бөлімшесінің активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін төмендейді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шетелдік банктердің келуі банк секторында бәсекелестіктің артуына жағдай жасайды деп отыр.

Шетелдік банктердің келуімен не ұтамыз, неден ұтыламыз?

«Ондай банктердің келіп жатқаны құптарлық үрдіс және шетелдік банктердің неғұрлым болғаны бірден оңтайлы әсер етеді, корпоративтік мәдениетті жақсартады. Өйткені олар келіп, жергілікті нарықтағы банктермен бәсекелесе бастайды. Оларда корпоративтік мәдениет дегені тез жасалған ыңғайлы шарттар, біздің азаматтар сол жерде жұмыс істейтін болады. Яғни белгілі бір дәрежеде осы жағынан алғанда пайдалы деуге болады. Несие пайыздары қатты төмендейді деп айта алмаймын. Өйткені бәрібір шетелдік банктер келгенімен, олар Ұлттық банктің қойып отырған базалық пайыз мөлшерлемесі негізінде жұмыс істейтін болады. Сондықтан олар бәрібір де нарықтағы ең төменгі пайыздық мөлшерлемеден төмен несие бере алмайды деген сөз. Салыстырмалы түрде алып қарағанда тұтынушылық несиені біздің банктер 50 пайыздың деңгейінде беріп жатса, олар бәлкім 40 пайызбен беруі мүмкін. Өте қатты болмаса да, пайыздық мөлшерлемеде аз ғана ықпалы болуы мүмкін», — деді экономист Мақсат Халық редакция тілшісіне берген сұхбатында.

Сарапшы шетелдік банктердің келуімен отандық банк секторында қандай қауіп-қатерлер туындауы мүмкін екенін айтты.

«Қауіп-қатерлерден бастасам, ол бар болуы мүмкін. Жергілікті банктер бәсекеге төтеп бере алмай, өздерінің табысынан айырылуы мүмкін. Ортақ нарықтағы үлесінен деп айтайықшы. Өйткені егер олар жақсы жұмыс істесе, нарықтағы үлесінің көп бөлігін өздері алатын болады. Оң жақтарына келсек, корпоративтік мәдениеттің келуі, олар да бәсекелестікке түседі, белгілі бір дәрежеде банк қызметінің сапасының артуына ықпал етуі мүмкін. Себебі жергілікті банктер де олармен бәсекелеседі. Осындай жағынан халық үшін пайдалы болады деп айтар едім. Ең маңыздысы – бәсекенің пайда болуы. Сондықтан да шетелдік банктердің келуімен олардың жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдайлар жасалғаны дұрыс», — деп есептейді ол.

Елде жаңа банктердің көбеюі бұрынғы банктердің жұмысына қалай әсер етеді? Оларды нарықтан ығыстырмай ма?

«Олар төтеп бере алады деп айтар едім. Белгілі бір дәрежеде төтеп бере алатын банктер бізде бар. Бірақ дейтұрғанмен, біздің нарық бәрібір кішкентай. Онда негізінен үлес салмағы басым ірі банктер бар. Біздегі банктер әлі де қырағы, әлі де бәсекеге қабілетті болу үшін қызмет сапасын арттыруға үлес қосатын болады. Шетелдік банктер келгенмен нарықты жаулап алады деп тағы айта алмаймыз. Нарықпен қалай жұмыс істейтініне қарау керек. Яғни, олар жұмыс істей алмай, банкрот та болып кетуі де мүмкін. Осы мәселені айтқым келеді. Олар кәсіпкерлік тәуекелмен келеді», — деп атап өтті экономист.

Мақсат Халық елдегі банк секторына баға берді. Айтуынша, банктердің жақсы жұмыс істеуі ел экономикасына тікелей байланысты.

«Біздегі банк секторы нашар деп айта алмаймын. Дегенмен де банктердің жақсы жұмыс істеуі «дені дұрыс экономика болса, дені дұрыс банктер болады» деген қағидаға келісемін. Бізде экономика дені дұрыс деп айта алмаймыз. Шикізатты экономика, қаншама диверсификация жасаймыз, өндірісті индустриаландырамыз деп айтылғанмен, ол процесс жүріп жатқан жоқ. Жүрсе де, көп жағдайда мүлдем нәтижелі емес. Бізге ең әуелі мықты экономика керек», — деді экономист.

Шетелдік банктердің келуімен нарықта қандай өзгерістер болатынын уақыт көрсетеді. Заман көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті болғысы келетін жергілікті қаржы институттарының бұдан да белсенді жұмыс істейтіні сөзсіз.


Дереккөз: inbusiness.kz