Пт. Май 23rd, 2025

Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысының тікелей эфирінде күмән тудырған диалог естіліп қалды. Сот бұл жағдайға жауап беріп, жеке қаулы шығарды

Отырыс барысында басты айыпталушы – Абзал Шынасыл куәлік берді. Тыңдалым аяқталған соң қатысушылар залдан шыға бастағанда, эфирде мынадай әңгіме естілді:

– Көзіме жас келе жаздады, дұрыс сөйледім бе?
– Саған көп сұрақ қоймайды, уайымдама, сөйлесіп қойғанмын.

Диалог кімнің аузынан шыққаны белгісіз. Судья видеожазбамен танысып, жағдайды былайша түсіндірді:

«Кеше әлеуметтік желілерде процестің белгісіз қатысушыларының арасында болған делінетін екіұшты мазмұндағы әңгіменің видеосы тарады. Осыған байланысты сот жеке қаулы шығаруды қажет деп санады. Прокурорға жазбаның шынайылығын, әңгімелесушілердің жеке тұлғасын, әңгіме мазмұнын анықтап, тиісті шара қабылдау тапсырылды. Айта кетейін: Конституцияға сәйкес, іске қатысты шешімді тек сот қабылдайды. Кез келген жорамал мен алып-қашпа сөзге жол берілмейді», – деді судья.

Жеке қаулы деген не?

Жеке қаулы – бұл судьяның нақты іс бойынша шешімінен тыс, жеке түрде шығаратын ресми құжаты. Мұндай қаулы сот отырысында заң бұзушылықтар немесе құқық қорғау органдарының, шенеуніктердің, ұйымдардың әрекетінде ескеруді қажет ететін жайттар анықталғанда шығарылады.

Қарапайым тілмен айтқанда: егер сот барысында бұл іске тікелей қатысы жоқ заң бұзушылық байқалса, судья басқа органдарға «мұнда бір мәселе бар, назар аударыңыздар» деген белгі ретінде жеке қаулы шығарады.


ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS