Вт. Май 6th, 2025

Бүгін Шерзат Болаттың әкесі мен жақында сотта куә ретінде айғақ берген Санат Әбдіқадірмен беттестіру кезінде түсірілген видео сот отырысына қатысушылардың назарына ұсынылды. Қаржаубай Нұрымов оқиға болған түні дүкенге кіріп бара жатып, сыртта тұрған адамдарға «Істеңдер» деген сөзді «Санат Әбдіқадір айтты» деп көрсетті

Қаржаубай Нұрымовтың сөзінше, дүкеннің алдына төбелестен бұрын Accent автокөлігі мен Mercedes автокөлігі келіп тоқтады.

«Бұл жігіт түсті, аяғында қызыл галош, үстінде капюшоны бар киім болды, бірақ басына кимеген. Жанында рульдегі жас жігіт болды. Тағы бір жігіт болды, сақалы бар. Келіп тоқтаған кезде бұл «кабандағы» (Mercedes автокөлігі — ред. ескертпесі) жігіттермен амандасты. Нұрболмен, Дарханмен, Нұрқияспен…

Бұл жердегі оның іс-әрекеті – Нұрқанат екеуі амандасты, сөйлесті, «Бір жерде көрдің ғой» деп екеуі бір-біріне қарады. Мен дүкеннің алдында тұрдым. «Мен төбелеспеймін ғой» деген сөз шықты оның аузынан.

«Мен шалмын ғой» деген сөз де өз аузынан шықты. «Мен үшін жастар төбелеседі, жігіттер төбелеседі» деді.

Мен Нұрқанатқа бәрі дұрыс па деп сұрадым, ол бәрі дұрыс деді.

«Делайте» (істеңдер — орыс тілінен аудармасы — ред.ескертпесі) деген әңгімені осы айтты. Сосын мен ақырын дүкенге кірдім де, телефонды алып, 103, 102-ге қоңырау соқтым. Сағат 0:40 шамасында. Сол аралықта 3-5 минут өтті, олар тұтқаны көтермеді. Сөйтіп дүкеннің артқы жағына барайын, кілтті алайын дегенде бұл жігіт, екі қыз, тағы бір бейтаныс бір жігіт сыра алмақшы болды. Мен дүкенді жабамын, «шығыңдар» дедім. Неге десең дүкеннің артында біреу құлады, төбелес басталды», — дейді Қаржаубай Нұрымов беттестіру кезінде.

Ал куә Санат Әбдіқадір беттестіру кезінде марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевпен «мен шалмын ғой» деген әңгіме болғанын жоққа шығарды. Алайда өткен аптада өткен сот отырысында Әбдіқадірдің өзі Ғайыпбаевпен арада «мен шалмын ғой» деген әңгіме болған айтып қалған болатын.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ