16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталғандар апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы жәбірленуші тараптың өкілі Мейірман Шекеев Instagram парақшасында мәлімдеді
Заң кеңесшісі Мейірман Шекеевтің айтуынша, Шыңғыс Белғожаев пен кәмелетке толмаған сотталушыдан басқалардың барлығы апелляциялық шағым түсірген.
«21 маусымда үкім шықты, сол күннен бастап, яғни, сотталушылар қолына үкімді алғаннан бастап, шағым түсіруге 15 тәулік мерзімі бар. Қазіргі таңда сотталғандар мен олардың қорғаушыларынан апелляциялық шағым түсті. Белғожаев пен кәмелетке толмаған сотталғаннан басқасы шағым түсірген. Алдағы уақытта біз сот отырысының қай күнге қойылғанын хабардар етеміз», — деді Мейірман Шекеев.
NUR.KZ тілшісі Алматы облыстық сотына осы іске қатысты сауал жолдады.
Шерзат Болаттың қазасы
Еске сала кетейік, 2024 жылы қазанның 3-інен 4-іне қараған қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталғанын мәлім етті.
Шерзат Болаттың өлімі бойынша ісі сотқа жеткен күдіктілер қатарында 9 адам болды. Олар: Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрұияс Ильясов, Азамат Тоқтаубаев, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет және кәмелетке толмаған бала.
5 маусымда Талдықорғанда қоғамды дүрліктірген іс бойынша сот үкімі шықты. Шерзат Болаттың өліміне Абзал Шынасыл кінәлі деп танылып, оған 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Қалған сотталушылар 7 жылдан 20 жылға дейінгі аралыққа бас бостандығынан айырылды, ал кәмелетке толмаған сотталушы 1,5 жыл арқалады.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ