Вс. Ноя 17th, 2024

Биыл 95 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры көптеген іс-шараның ұйытқысы болуда. 

Соның бастысы – қазақта театр өнерінің қалыптасуына ат салысқан тұңғыш тұлғаның атындағы қарашаңырақ Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалін өткізуде. Екі жылда бір рет өтетін бұл фестиваль еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің мәдени өміріндегі елеулі оқиға болып тұр. Бұған тұспа-тұс келген театр мерейтойы шаһарға даңқты өнерпаздардың жиналуына ұйытқы болды. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған фестивальда Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзербайжан мен еліміздің таңдаулы театрлары өнер көрсетеді. Шымкент қаласындағы өнерсүйер қауым Әзірбайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Қырғызстан мемлекеттік «Учур» жастар театры, Өзбекстан «Дийдор» мемлекеттік жастар экспериментальды театр-студиясы, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театры, Түркияның Алания қалалық театры, Самарқанд облыстық музыкалық драма театры және Тукай атындағы «Әтнә» мемлекеттік татар драма театры сахналаған қойылымдарды тамашалау мүмкіндігіне ие болып отыр.

Бүгін фестивальдың ашылу салтанаты өтіп, оған Қазақстанның Еңбек ері, халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов қатысты. Абыз ақсақалдар алдымен Жұмат Шанинның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Көп өтпей мерекелік шарада Шыымкент қаласының әкімі театр ұжымындағы өнерпаздарды Алғыс хатпен марапаттады.

– Жұмат Шанин театры осы кезге дейін талай танымал тұлғаларды түлетті. Биыл міне, ғасырға жуық уақыт – 95 жылын тойлап отырмыз. Өнерпаздарымыз халықаралық фестиальдарда талай топ жарып, қоржынын жүлдеге толтырып келді. Бүгін бірнеше елдің театр ұжымдары арнайы келуде. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, – дейді Ж.Шанин театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбек.  

Енді шетелден театр ұжымдары бір апта бойы қала жұртшылығына қойылымдарын ұсынбақ. 6-11 қараша күндері Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры мен Шымкент қалалық орыс драма театрының сахналарында С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр», Ш.Айтматовтың «Бетпе-бет», Х.Ниязидің «Сайқымазақтардың ойыны», П.Сейидлидің «Киллерден телеграм», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Ш.Айтматовтың  «Лувр үйрегі», Хэменгуэйдің  «Шал мен теңіз», А.Навоидің «Ләйлі-Мәжнүн» және А.Гильязованың  «Қар астындағы қайнар бұлақ» туындыларын көрермен назарына ұсынатын болады.

Сонымен қатар фестиваль аясында театр мамандарының шығармашылық әлеуеті мен кәсіби деңгейін жақсарту мақсатында «Шеберлік сабақтары» өткізіледі. Онда театр мамандары Е.Б.Вахтангов атындағы театрдың режиссері, «Алтын масканың» бірнеше дүркін иегері Юрий Бутусовтың, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Айгүл Наремгенованың және театртанушы, Өзбекстан мемлекеттік музыкалық комедия театрының директоры Бури Ганиевтің шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.


Дереккөз: inbusiness.kz