Чт. Апр 3rd, 2025

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұлттық мәдениет пен өнер тарихынан сыр шертетін «Шам түбіндегі шындық» жаңа тарихи-драмалық телехикаясын ұсынады.

Телехикая Қазақ театрының 100 жылдығына орай түсірілген. Үш бөлімді сериал арқылы көрермендер сол кездегі ел астанасы — Қызылорда қаласында 1925 жылы құрылған тұңғыш ұлттық қазақ театрының тарихымен, өнер ордасының Алматыға көшірілуі кезіндегі көрнекті режиссер Жұмат Шаниннің еңбегімен танысады.

Жұмат Шанин – қазақ өнерін үлкен сахнаға шығарып, ұлт театрының негізін қалап, қазақ режиссура өнерін кәсіби бағытта дамытуға еңбегі мен өмірін арнаған біртуар тұлға.

Қазақ театрының ұлтқа жасар зор қызметі жайлы сонау 1925 жылдың өзінде-ақ «Еңбекші қазақ» газетінде «Ұлт театры туралы» атты мақала жарияланып, мақала авторы Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов Жұмат Шанин жайлы «Бұл жігіт театр үшін барын салатын адам… Жұмат өзі артист, өзі жазушы» деп пікір берген екен.

Тарихи телехикаяда 1927 жылы Мәскеуде өткен этнографиялық концерттегі қазақ зиялыларының өнер көрсетуі және сол кездегі Қалыбек Қуанышбаев, Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Серке Қожамқұлов бастаған қазақ делегациясы құрамындағы қайраткерлердің рөлі жан-жақты көрсетіледі.

Телехикаяның қоюшы-режиссері – Жасұлан Пошанов. Басты рөлдегі Жұмат Шаниннің жас кезін Ғалым Оспанов, есейген шағын Азамат Есқұлов ойнайды. Серке Қожамқұловтың бейнесін Жандәулет Батай, Әміре Қашаубаевты Біржан Бәзілжанов, Қалыбек Қуанышбаевты Алмас Шаяхметов сомдайды. Ал Күләш Байсейітованың рөлінде көрермен Инабат Ризабекованы көре алады.

Тарихи оқиғалармен қайта қауыштыратын «Шам түбіндегі шындық» телехикаясы «Qazaqstan» телеарнасының эфирінен 27 наурызда көрсетіледі.