Пт. Дек 27th, 2024

Оған жеткізбеу үшін мемлекет шара қабылдайды. Ұлттық компаниялар шетелде тапқан табысының жартысын биржада сатуға міндеттелмек. 

Қазақстанда бірқатар айырбастау бекеттері доллар саудасын уақытша тоқтатып қойды. Елордалық айырбастау пунктінің менеджері Санжар Төремұрат кейбір әріптестерінің доллар құнының ары қарай шарықтайтынын күтіп отырғанын айтады. Ол арнайы форум, чатта пікір бөлісіп тұратындарын жеткізді.

«Ұлттық валюта бағамының қазіргі әлсіреуіне мұнай бағасының кезекті рет құлдырауы, доллар индексінің әлемде нығаюы, теңгеге тірек болар факторлардың азаюы ықпал етті. Қазіргі кезде бюджетке тоқсандық салық төлеу науқаны шырқау шегіне жетті. Соның өзінде теңге бағамы шамалы ғана нығая алды. 25 қарашадан соң салық төлеушілер легі сұйылады. Сонда доллар қайтадан қымбаттай бастайтын түрі бар», – деді ол.

Өйткені АҚШ валютасының әлсіреуіне әсер ететін мықты факторлар байқалмайды екен.

«Нарықта ары қарай «Trump trade» үстемдік етуде. Сондықтан кейбір әріптестерім келесі жылы доллар 550 шыңын шабуылдайды деп отыр. Оған сену қиын, бірақ Трамптың саясаты әлемдік кризис туғызса, бағам одан да асып жығылуы мүмкін», – деп тұспалдады С.Төремұрат.

Оның пікірінше, билік ұлттық валютаның бағамын Ұлттық қордан шетелдік валютаны трансферт түрінде алып, биржада үстемелете конвертациялау арқылы ғана ұстап тұр.

Енді оған қосымша ретінде «Самұрық-Қазына» қоры тобын, ұлттық компанияларды шетелден алатын валюталық түсімдерінің тең жартысын биржаға төгуге мәжбүрлеу арқылы да теңгеге қолдау көрсетпек.

Сарапшылардың байламынша, егер осындай нарық қағидаларына қайшы тірліктерінің бәрінен мемлекет бас тартса, доллар Қазақстан тарихында болмаған, бас айналтарлық белестерді бағындыруы мүмкін.

Өз кезегінде KASE сарапшылары да бүгінде нарықтан алып қойылып жатқан қысқа мерзімді өтімділік-ликвидтіліктің деңгейі қазан айынан бері тоқтаусыз, тұрақты түрде өсіп бара жатқанына назар аудартады. Ашық позиция 7,5 триллион теңгеден асып кеткен.

Қаржыгерлердің байламы көңілсіз: егер Трамптың «Вашингтонды астаң-кестең ету» саясаты әлемдік дағдарысқа апарса, Ұлттық қорын тауысуға ден қойған, сыртқы борышы тарихи рекордқа таяған, бюджетінің тапшылығы бұрын-соңды болмаған көлемге жеткен Қазақстан ол күйзеліске әлсіреп кірмек. Мұндай жағдай ұлттық валютаны нығайта қоймасы даусыз.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы сұрау салған қаржы нарығының эксперттері де биліктің қолдауынсыз, ұлттық валютаның енді өз бетінше нығаятынына сенбейді. Олар келесі жылы USD/KZT бағамы 507 теңге деңгейінде болады деп күтеді. Оның үстіне бұл 12 қарашаға дейін жүргізілген сауалнама. Одан кейін АҚШ валютасы 500 теңгелік межеден асып үлгерді.  

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сараптамалық орталығы әзірлеген сауалнамада қаржы нарығының кәсіби қатысушылары, банктердің, сақтандыру және брокерлік ұйымдардың өкілдері, аналитикалық және қазынашылық бөлімшелердің қызметкерлері алаңдатарлық ахуалға назар аудартты.

Олардың пікірінше, айлық инфляцияның қыркүйектегі 0,4%-дан қазан қорытындысында 0,9%-ға, яғни, екі еседен астамға өсіп шыға келуі, оның өзгеруінің тым жоғары амплитудасы Ұлттық банкке базалық ставканы төмендету циклін қайта жандандыруға кедергі болады.

Сондықтан қаржы нарығы сарапшыларының көпшілігі, 75%-ы Ұлттық банк 29 қарашадағы кезекті отырысында ставканы жоғарғы 14,25% деңгейінде қалдырады деп болжады. Мұның өзі ел тарихындағы рекордтық ставка көрсеткіштерінің бірі.

Салдарынан, елде несие құны түспейді. Арзан кредит болмаған соң бизнес дамымайды, кәсіпкерлік субъектілер кеңеймейді. Бұл сайып келгенде, экономиканың дамуын тежейді.

Қазақстанның дамуы баяулап, кері кете бастағаны қазірден байқалуда: Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша 2024 жылдың 9 айында ЖІӨ өсімі небәрі 4% болды. Салыстырсақ, 2023 жылдың 9 айында ЖІӨ 4,7%-ға артқан еді. Бұрынғы жылдары осы кезеңде тіпті 7 пайызға дейін жететін.

Мысалы, Азия даму банкі 2024 жыл қорытындысында Қазақстан экономикасы небәрі 3,8%-ға ғана өседі деп болжап отыр.

Сондықтан Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы сұрау салған сарапшылардың пікірінше, келесі жылы долларға шаққанда ұлттық валютаның бағамы 507,1 теңгеге жетуі, ЖІӨ өсімі 4,3 пайыз ғана болуы мүмкін.

Олардың бағалауынша, 2025 жылы ел Үкіметі мен Ұлттық банк инфляцияны құрықтай алмайды және ол 8,4 пайызға дейін шығындауы мүмкін. Айта кету керек, ел басшылығы Үкіметке инфляцияны 4–6% дәлізіне оралту міндетін қойған болатын.

Бұдан бұрын, қазан айындағы сұрау кезінде сала эксперттері келесі жылғы инфляция 8,1% болады деп болжаған екен. Осылайша, тек бір ай ішінде болашақ инфляцияға қатысты жорамалдар нашарлай түсті. 8,4%-дық инфляция да әлемдегі ең нашар көрсеткіштердің бірі және ол халықтың әл-ауқатының төмендеуіне соқтырады.

Қауымдастық жаңа жылда Қазақстанды ауыр сынақтар күтіп тұрғанына назар аудартты. Қазақстанның басты экспорттық тауары – мұнайдың бағасы ары қарай құлдырауы мүмкін. Өйткені АҚШ-тың жаңа лидері Дональд Трамп Президент бола сала (ұлықтау салтанаты 2025 жылғы 20 қаңтарда өтеді), Америкадағы мұнай өндірісін күрт арттырып, жаһандық нарықты қара алтынға қарқ етуге уәде етті. Дүниежүзіндегі ең ірі мұнай экспорттаушылардың бірі Сауд Арабиясы да қара алтын өндірісін арттыруға ниетті.

Халықаралық санкциялар кесірінен өркениетті әлемнен оқшауланған Ресей санкциялық тауарларды Қазақстан арқылы қарқынды түрде тасуда. Содан республикада импорттың еселеп өсуі жалғасады. Бұған елде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру да әсер етпек.  

Қаржыгерлер Қазақстанға алдағы жылы сыртқы борыш бойынша аса ірі қарыздарын өтеуге тура келетінін қаперге салды. 2025 жылы Қаржы министрлігі еурооблигациялар бойынша 2,5 миллиард доллар берешегін «жабуға» тиіс. Төлей алмаса, мемлекет «дефолт» болады, оған жол беруге болмайды.

Эксперттер осының бәрі, басқа қосымша факторлар (Трамп трендтері) ұлттық валютаның бағамына қысым көрсетпек деген пікірде.

Ұлттық валюта жығылмауы үшін мемлекет оны қолдауға ұмтылды. Ұлттық банк қараша айында биржада шетелдік валютаны сату көлемін рефордтық ауқымға – шамамен 1,5 миллиард долларға дейін жеткізуді жоспарлады.

Кеше Inbusiness.kz Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсініктемесін берді. Ол квазимемлекеттік компанияларды валюталық түсімдерін ішкі нарыққа өткізіп, теңгеге қолдау көрсету тәжірибесіне амалсыз, қайта оралғандарын мәлімдеді.

Ұлттық банктің жоғары лауазымды өкілі шетел валютасына деген сұраныстың қарқынды өсуі жалпы экономикалық белсенділіктің, оның ішінде сыртқы экономикалық белсенділіктің артуымен байланысты екенін айтты.

Сондай-ақ, оған бюджет шығыстарының артуы мен квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға шығындарының ұлғаюы септесіп отыр. Осы фактордың барлығы жиынтығында импорттың өсуіне, сәйкесінше, шетел валютасына сұраныстың артуына ықпал етеді.

«Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің бұзылуы инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізді. Инвестициялық жобалардың қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның артуына соқтырды. Осыған байланысты валюта нарығындағы теңгерімді арттыру үшін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі! Үкіметтің тиісті қаулысы мен Ұлттық банктің бұйрығы әзір. Жақын күндері қабылданады», – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Бұған дейін мұндай талап 2023 жылдың тамызына дейін қолданыста болды. Содан соң макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған еді.

Үкімет пен Ұлттық банктің нарық табиғатына жат мұндай мәжбүрлеу тетігін қайта іске қосуы көп жайттан хабар береді. Бұл енді тұрақты тетікке айналып кетуі де ғажап емес.

Өйткені Әлия Молдабекова квазимемлекеттік сектор субъектілерін валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сатуға мәжбүр ету талабын «шоктарды бәсеңдету үшін жедел қолдануға болатын тиімді құрал» деп атады. Қазақстанды келесі жылы қаптаған «шоктар» күтіп тұруы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды.


Дереккөз: Inbusiness.kz