Пт. Окт 31st, 2025

Алмалы аудандық сотында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сәриев пен «MM Travel» туристік фирмасының басшысы Ақтоты Дүйсееваға қатысты кезекті сот отырысы өтті. 

Қос айыпталушыға аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық жасағаны бойынша айып тағылған, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Бұған дейін Дүйсеева өзін «қазақ Робин Гуды» деп есептейтін Сәриевтің құмар ойнағанын айтып берген еді. Сондықтан, сотта Сәриевтің адвокаты қорғауындағы азаматқа тағылған айып бойынша дәлелдер ұсынуды сұрады. Нақтыласақ, Дүйсееваның Kaspi pay шотынан І.Сәриевтің ақша алғаны туралы анықтамалар мен айыпталушының қаражатты құмар ойынға жұмсағаны туралы дәлелдер беруін өтінді. 

Төрағалық етуші судья Ернар Қасымбеков аталған өтінішті ішінара қанағаттандырған. Ол Kaspi Pay және Kaspi Gold шоттарын зерттеу үшін Дүйсееваның телефонын келесі сот отырысына әкелуді тапсырды. 

Мұнан өзге сот отырысында өзін «қазақтың Робин Гуды» деп есептейтін «қайырымды» жанмен бірге жұмыс істеген мобилографтың бейнеүндеуі көрсетілді. Ол бейнежазбалар парақшадағы статистика төмендеп кеткендіктен шықпағанын мәлім етті. Мұны айыпталушы да растады. 

Бірақ, бұл мәлімдемеге жәбірленуші Айман Жүргенбаева түбегейлі қарсылық танытты. Ол айыпталушы бейнежазбаны түсіріп, жариялайтын уақытты әртүрлі себеппен соза бергенін алға тартады. 

Сол-ақ екен, сот залында жәбірленуші мен айыпталушы арасындағы әңгіме дауға айналды.

Судья тараптарды тыңдап, үзіліс жариялады. Енді сот 6 қараша күні сағат 15:30-да жалғаспақ. 

Бұған дейін сотта Ілияс Сәриевке алданғандар сотта сөз сөйлеп, «ақшамызды алып, үй береміз деп сендірді» деген еді. 


Дереккөз: inbusiness.kz