Қазақстанның ақпараттық айдынын көршінің ақпараттық ағынының жайлап алғанына ондаған жылдың жүзі болды.
Елімізде «Россия 24», «Первый канал», РенТВ, НТВ, «Звезда» сияқты ресейлік арналар күні-түні сайрап тұрады.
Себебі, азаматтар өз бетінше ресейлік операторлардың спутниктік тәрелкелерін орнатып алған немесе арнайы сервистер көмегімен ресейлік телеарналар топтамасын интернет арқылы қосып алған. Бұл олқылықты түзеуге бұрынғы Үкіметтің тісі батпады.
Жаңадан құрылған Мәдениет және ақпарат министрлігі осыған тосқауыл қоюға белсенді. Осы мақсатта «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Ол жазаның жаңа түрін енгізеді.
Атап айтқанда, «Телерадио хабарларын тарату саласында лицензиясы жоқ және Қазақстан аумағында өзінің спутниктік хабар тарату жүйелері жоқ операторлардың теле, радио сигналын жеке қабылдау үшін телерадио хабарларын тарату операторларының қызметтеріне шартты қол жеткізу карталарын және жабдықтарын тарататындарға» әкімшілік жауапкершілікті енгізеді.
«Жалпы, қолданыстағы «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңының 37-бабының 4-тармағына сәйкес, тиісті лицензиясы жоқ және елімізде тіркелмеген шетелдік, ресейлік операторлардың теле, радио сигналдарын жеке, индивидуалды қабылдауға шартты түрде қол жеткізетін карталарды таратуға тыйым салынған. Алайда заңнамада бұл тыйымды бұзғандарға ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған», – деп түсіндірді ақпарат ведомствосының сарапшылары.
Тиісінше, жаңа заң жобасы жаза түрін енгізеді.
Оған сәйкес, шетелдік, соның ішінде ресейлік телеарналар мен радиоарналарды тарататын қазақстандық лицензиясы жоқ операторлардың қызметіне шартты қол жеткізу карталарын (карт условного доступа к услугам операторов) және сол арналардың сигналын қабылдаушы жабдықтарды, мысалға, спутниктік тәрелкелерді сатса не орнатса:
- жеке тұлғаларға – 10 АЕК (2024 жылы 36 920 теңге),
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК,
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК,
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК (184 600 теңге айыппұл салу ұсынылып отыр.
Егер осы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасаса, шартты қол жеткізу карталары және әкімшілік құқық бұзушылықтың тікелей нысанасы болып табылатын жабдықтары тәркілене отырып:
- жеке тұлғаларға – 20 АЕК (73 840 теңге),
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК,
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60 АЕК,
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (369 200 теңге) айыппұл салу қарастырылуда.
Заң жобасы сондай-ақ құзырлы құрылымдарға заңсыз шартты қол жеткізу карталары мен жабдықтарын пайдалануға тосқауыл қоюға уәкілетті береді. Әйтпесе, азаматтардың заңсыз орнатып алған тәрелкелерін бұзғызып, демонтаждап, тәркілеуге жергілікті атқарушы билік батпайды.
Заң жобасы қабылданса, мұндай істерді енді Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған аудандық және оларға теңестiрiлген соттардың судьялары қарап, үкім шығаратын болады.
Ал заңды белден басып, ресейлік спутниктік тәрелкелер мен сигнал қабылдау жабдықтарын орнатып алған үйлерді табу, олардың үстінен «соттар қарайтын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды» толтыру құзыры – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарына, яғни әкімдіктерге беріледі.
Осы саладағы күреске, заңның бұзыла бермеуіне солар жауапты болады.
Министрліктің байламынша, жаңа өзгерістер «лицензиясы жоқ және Қазақстан аумағында өзінің спутниктік хабар тарату жүйелері жоқ операторлардың теле, радиосигналын жеке қабылдауға арналған жабдықтарды және телерадио хабарларын тарату операторларының қызметтеріне шартты қол жеткізу карталарын таратуды толық шектейді».
Ведомствоның мәліметінше, ұсынылып отырған түзетулер мүдделі кәсіпкерлік субъектілерімен бірге талқыланды. Қатысушылар жаттың идеологиясын таратып жатқан жаблықтарды анықтауға көмек көрсетуге дайын екендерін білдірді.
Тараптар «тек сонда ғана ұлттық және ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі» деген ортақ тоқтамға келіпті.
Жария етілгендей, «РадугаТВ», «Триколор ТВ», «НТВ+», «Орион Экспресс», «Ямал», «Hotbird», «Платформа HD», «Телекарта» сияқты Қазақстан аумағында жатжұрттық арналарды таратуға лицензиясы жоқ шетелдік спутниктік операторлар (ЛШСО) елімізде өз қызметтерін көрсетуді жалғастыруда.
Олардың топтамаларына қазақстандық таратуға міндетті арналар кірмейді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл фактілер Қазақстанға өз территориясында бірыңғай ақпараттық кеңістікті құруға кедергі келтіреді.
Жалпы, ЛШСО-лардың қызметінен уәкілетті орган көптеген заң бұзушылық тауып отыр. Олардың негізгілері келесідей:
- «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңын бұзады, яғни телерадио хабарларын тарату қызметін көрсету үшін Қазақстанның мемлекеттік лицензиясы жоқ;
- «Жарнама туралы» заңнама талаптарын сақтамайды. Салдарынан, қазақстандық заңнамамен тыйым салынған тауарлар мен қызметтер жарнамаланады.
- Қазақстан аумағында қызметін жүргізгенімен, Қазақстан бюджетіне тиісті салықтарды төлемейді.
- «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңының талаптарын сақтамайды.
- Лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын сақтамайтындықтан, қазақстандық құқықтық өрістен тыс қалды.
- Отандық ақпарат құралдарына адал емес, жосықсыз бәсекелестік түзеді. Бұлардың абоненттік төлемінің бағасы арзан, сондықтан отандық кабельдік, спутниктік операторлардың аудиториясын өзіне тартып алады.
Осы орайда ресейлік және қазақстандық операторлардың пакеттерінің бағасын салыстыра кеткенді жөн көрдік.
OTAU TV/TV Comm/ «Premium»: арналарының саны – 148. Пакетінің құны 3 300 теңгеден басталады.
НТВ+/ «Базовый»: арналарының саны – 183. Құны 199 рубль немесе Ұлттық банк 2024 жылғы 6 наурызға белгілеген бағаммен (4,95 теңге) 985 теңге.
Телекарта/ «Премьер»: арналарының саны – 240. Құны – 399 рубль немесе 1 975 теңге.
Телекарта/ «Мастер»: арналарының саны – 145. Құны – 190 рубль немесе 940 теңге.
Триколор ТВ/ «Единый»: арналарының саны – 148. Құны – 150 рубль немесе 742 теңге.
Триколор ТВ/ «Единый ULTRA«: арналарының саны – 154. Құны – 250 рубль немесе 1 237 теңге.
Қазақстандық «Қазақтелекомның» кабельдік ТВ пакеті 1 390 теңгеден басталады. Интернетке жеке төлейсіз.
Осыдан-ақ, қазақстандық операторлардың қатты ұтылатынын байқауға болады.
«Шетелдік телеарналар өз елдеріне ғана қажетті көзқарасты таңады және көптеген аспектілерде тәуелсіз Қазақстанның мүдделеріне қайшы келетін қоғамдық пікірді қалыптастыру үшін табысты пайдаланылады. Олардың топтамаларында ақпарат беруде баламаның болмауы Қазақстанның әртүрлі облыстарында әлемде және көрші елдерде болып жатқан оқиғаларға қатысты азаматтардың теріс әрі орнықты көзқарасын қалыптастырады. Осылайша, ЛШСО қызметтерін пайдаланатын азаматтар Қазақстанның ақпараттық кеңістігінен тыс өмір сүреді», – делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің түсініктемесінде.
Бүгінде «Қазтелерадио» ұлттық операторы» АҚ мәліметінше, елімізде кем дегенде 98 сауда нүктесі лицензияланбаған шетелдік спутниктік операторлар қызметтеріне шартты қолжетімділік карталарын таратады.
Олардың ең көбі Батыс Қазақстан облысында (31 сауда нүктесі), Ақмола облысында (16 нүкте), Маңғыстау облысында (12) және СҚО-да (7), Қостанай облысында (6) орналасқан. Қалғандарында 5-ке жуық.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстандағы спутниктік теледидар абоненттерінің жалпы саны 2022 жылдың соңында 1 млн 676,6 мың абонентті құрады. Оның 60%-ы немесе 1 млн 13,1 мың абонент ауылда тұрады. Ресейлік операторлардың басты клиенттері де негізінен солар.
Алдын ала бағалау бойынша ресейлік ЛШСО-ларға қосылған қазақстандық абоненттердің саны 658 мыңға жуық.
Дереккөз: inbusiness.kz