Вс. Май 5th, 2024

Бұған дейін көршілес елден алынған қару-жарақ пен техниканы жөндеу үшін құрал-саймандар өндіруші елдің өзінен тасымалданатын.

Енді санкция бұл жұмыстарға кедергі келтіріп отыр. Ал ендігі жылы Қорғаныс саласына бөлінетін қаражат 100 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Сарапшылар бұл көршілес елге қойылған шектеуден соң қазақстандық әскердің өзге елдерден қымбат қару-жарақ пен техника сатып алуы үшін бөлінген қаражат деп топшылап отыр. Санкцияның елімізге қандай әсері бар?

Соңғы бір-екі жылда Қазақстан әскеріне бөлінетін қаражат жыл сайын ұлғайтылып келеді. Бұған дейін бюджет есебінен Қорғаныс саласына 2 триллион теңгеге жетер-жетпес сома берілетін. Қаңтардағы ішкі қақтығыс пен сыртқы геосаяси жағдай билікті ойландырды дейді сарапшылар. Ендігі жылы үкімет қорғанысқа 2,6 трлн теңге жоспарлап қойған. Бұл биылмен салыстырғанда 100 млрд теңгеге артық. Оның үстіне мамандар Ресейдегі санкция салдары да қорғаныс саласының шығынын өсіріп жатыр деген пайым айтуда. 

«Бұл — қосымша фактор. Иә, біз көптеген техниканы Кеңес одағы мен Ресейдің үлгісінде жарақтандырып алғанбыз. Бірақ қазір Ресейге санкция салынуына байланысты дәл қару-жарақ импортына біз абайлап қарауымыз керек. Сол себепті біз қосымша нарық іздейміз және қолымызда бар техниканың баламасын іздейміз», — дейді әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы.

Ал әскери техниканың баламасының өзге елдердегі бағасы өте қымбат. Мысалға, БТР-дің бір данасы 400-500 млн теңге тұрады. Әскерге ондайдың 10-ы, тіпті, 20-сы қажет болуы мүмкін. Зымырандардың құны одан да бетер, екі миллион долларға бағаланады. Ал елдегі әскери техниканың 90 пайыздан астамы моралдық тұрғыда ескірген. Ресеймен байланыс жасайтын жол жабылған соң, Қазақстан өзге жол іздеуге мәжбүр.

«Ресейден алынған немесе Кеңес одағынан қалған бұрынғы көп техниканың Үндістанның, Шығыс Еуропаның немесе Қытайдың техникалары арқылы жөндеуге болады, біздегі кәсіпорындар оларды жөндеп, әскери қорғанысқа дайын қылып қайта ұсынуға қабілетті. «Семей инжиниринг» біршама броньды техниканы жөндейді. Кейбір ұшақтарды жөндейтін кәсіпорындарымыз бар. Шама шарқынша жөндейді», — дейді әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы.

30 жылдан бері Ресейдің өзінен қалған қару-жарағы мен әскери техникасын пайдаланып келген Қазақстан үшін Қорғаныс өнеркәсібін диверсификациялауға мүмкіндік туып тұр дейді сарапшылар. Қазақстанның әскери қорын жаңартатын кез келген сияқты.

«Бір жағынан, өкінішті, бір жағынан, жаңа жол ашады бізге.  Біздің қару-жарағымыз түгел 95 пайызы Кеңес үкіметі, Ресейдікі. Бізге келген қару жарағы бұрынғыдан да ескі болады», — дейді әскери аналитик Ермек Сейітбатталов.

Жалпы, Қорғаныс өнеркәсібінде техниканың арзаны болмайды. Жетілген қару-жарақ болса, тіптен қымбат. Сол себепті бюджеттің де артып отыратыны заңды, дейді сарапшылар. Ал соңғы геосаяси жағдай елдің шебі берік болуы керек екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Әзірге, Қазақстанның Қытай, Үндістан, Израиль, Түркия сияқты бірқатар елдерден қару-жарақ сатып алуына мүмкіндік бар. Тек қаражат жеткілікті болса болды.


Ақпарат көзі: inbusiness.kz