Пн. Окт 7th, 2024

Қайырымдылық акциясы Қарттар күні мен Республика күніне орайластырылған.

Qazaq Oil компаниясы Астана қалалық әкімдігімен бірлесіп аз қамтылған 1000-нан астам отбасыға азық-түлік жиынтығын үлестіріп жатыр. 

Жалпы елорда бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасы санатына жататын 180 мыңға жуық отбасы бар. Игі шара шеңберінде көмекпен 1 мыңнан астам отбасы қамтылмақ. Әр қорапта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бар. 

“Астана қаласының әкімдігі Qazaq Oil компаниясымен бірлесіп Республика және Қарттар күніне орай “Игі істер марафоны” қайырымдылық акциясы аясында игі іс-шараны жалғастырып отыр. Азық-түлік себетін қала бойынша әлеуметтік аз қамтылған 1000-нан астам отбасы алатын болады. Азық-түлік жиынтығының ішінде бірінші қажеттіліктегі тауарлар – ұн, қант, қарақұмық, макарон және т.б. бар. Бір қорап шамамен 40 келі болады. Акция Qazaq Oil компаниясымен бірлесе отырып үшінші рет өткізіліп отыр”, – Астана қаласы әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.

Оның сөзінше, бір азық-түлік жиынтығының құны шамамен 40 мың теңге тұрады.

Барлық азық-түлік себетінің салмағы 40 тоннадан асады.

“Қиын жағдайға тап болған отбасылар, сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұрғылықты жері бойынша аудандық әкімдіктерге жүгіне алады. Осылайша тізім жасалып, еріктілер қораптарды олардың мекен жайларына дейін жеткізеді”,– деп толықтырды Қуаныш Молдабек.

“Астана жастары” жастар ресурстық орталығының қызметкері Олжас Хамитовтың айтуынша, игі шара жыл соңына дейін тағы да өткізілмек. 

“150-ге жуық ерікті осы корзинаны жинады. Алдағы үш күнде азық-түлік себетін таратуды толық аяқтаймыз деп ойлаймын”,– деді Олжас Хамитов.

Азық-түлік себетімен қамтылған қала тұрғындары өз ризашылықтарын білдіріп жатты.

Соның бірі – Татьяна Цхе. 81 жастағы зейнеткер жалғыз тұрады. Ол өзінің таңданысын жасырмады. 

Ал, қала тұрғыны Қазыбек Алимжановтың 8 баласы бар. Ол отбасының жалғыз асыраушысы, әйелі жұмыс істемейді. Балаларының алды 23-те болса, ең кенжесі 2 жаста. Отбасында мектеп жасындағы 4 бала бар. Айтуынша жұбайы ауруханада жатыр, оған жақында ота жасалған.

“Өзімнің, балаларымның атымнан сіздерге алғыс білдіремін. Демеушілерге, әкімдікке көп рақмет. Шынын айтқанда, күтпеген жағдай болды. Жылда әкімдік пен демеушілер көмектесіп тұрады. Қысқа қарай көмір де беріледі деді. Әрине қаржылық тұрғыдан қиын кездер болады. Себебі жалғыз өзім жұмыс істеймін. Жеке үйіміз жоқ”,– деді Қазыбек Алимжанов.


Ақпарат көзі: inbusiness.kz