Пт. Ноя 22nd, 2024

Сергеев су қоймасы 152 пайызға толды. 

Солтүстік Қазақстан облысында 3702 үй су астында қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Облыстағы жағдай тұрақты күрделі. Сергеев су қоймасы 152 пайызға толды. Бөгет үстінен ағып жатқан судың биіктігі 2 метр 75 см. Өткен тәулікте бұл көрсеткіш 23 см-ге азайды. Есіл өзенінің жоғарғы ағысында және оның салаларында су деңгейінің айтарлықтай төмендеуі байқалады. Қазір су тасқынының белсенді кезеңі Петропавлда өтіп жатыр. Мұнда тәулігіне 13 см-ге ұлғаю тіркелді. «Қазгидрометтің» болжамына сәйкес, су тасқынының белсенді кезеңі аптаның соңына дейін жалғасады, содан кейін біртіндеп төмендеу болады. Яғни, 1 мамырдан бастап СҚО аумағында су деңгейінің тұрақты төмендеуі болжанып отыр», — деді СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев ОКҚ-де өткен брифингте (ZOOM).

Оның дерегінше, облыс бойынша 3702 үй су астында қалып отыр. Тағы 196 үйден су кеткен. Өңірде барлығы 14388 адам эвакуацияланды, оның ішінде 3596 бала бар.   

«Бүгінде уақытша орналастыру пункттерінде 906 адам, оның ішінде 159 бала тұрады. Бізде осындай 13 пункт бар. Оның 8-і аудандарда орналасса, бесеуі Петропавлда. Су тасқыны жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі», — деп атап өтті спикер.


Дереккөз: Inbusiness.kz