Ср. Мар 12th, 2025

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Әділет департаментінің «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тарату туралы талабын қарады

Сот материалдарына сәйкес, бұл заңды тұлғаның бастапқы мемлекеттік тіркеуі 2021 жылғы 11 қазанда жүргізілген. Бірлестіктің құрылтайшылары 10 адам болып табылады, олардың есімдері Қайрат Перизатты қоса алғанда, құрылтай жиналыстарының хаттамаларында көрсетілген.

«Қылмыстық істі тергеу барысында қолжазба сараптамасы жүргізіліп, қорытындысына сәйкес, 10 құрылтайшының 9-ның атынан құрылтай құжаттарына Қайрат Перизат қол қойған», – делінген хабарламада.

Заңды тұлға Азаматтық кодекстің 49-бабына сәйкес, заңды тұлға оны құру кезінде жіберілген, жойылмайтын сипаттағы заң бұзушылықтарға байланысты жарамсыз деп танылған жағдайда, сот шешімі бойынша таратылуы мүмкін.

ҚР Жоғарғы Сотының «Соттардың салық заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес — заңды тұлғаны құруға (қайта тіркеуге) қатысы жоқ заңды тұлғаны басшысын және (немесе) құрылтайшысын (қатысушысын) көрсете отырып тіркеу (қайта тіркеу) заңды тұлғаны тарату (жарамсыз деп тану) үшін негіз болып табылады.

«Бірлестікті құру кезінде анықталған бұзушылықтарды ескере отырып, сот «Biz birgemiz Qazaqstan 2030″ қоғамдық бірлестігін мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім қабылдады», — деп хабарлады сотта.

Бұған дейін Әділет министрлігі «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тарату туралы мәлімдеген болатын.

Айта кетейік, бұған дейін Перизат Қайраттың анасы – Ғайни Алашбаева қылмыстық іске қатысы бар күдікті ретінде танылған болатын. 2024 жылдың 20 желтоқсанында әлеуметтік желілерде оның ұрлық істеріне қатысты күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған.

19 ақпанда Мәжіліс кулуарында журналистер Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтен Алашбаеваның бұл іске қатысы бар-жоғын сұрады. Елемесов Ғайни Алашбаева алаяқтыққа қатысы бар және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға көмектесті деген күдікке ілінгенін айтты.

Перизат Қайратқа қатысты тергеу аяқталуға жақын, деп мәлімдеді агенттік өкілі. Наурыздың басында тергеу толық аяқталып, іс материалдарымен танысу кезеңіне өтеді.

Еске салсақ, 2024 жылдың қарашасында Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінгені белгілі болған. Бұл қаражат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде жиналған.


ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS