Паспорт алу үшін 8 АЕК мөлшерінде баж төлеу керек. 2023 жылы оның құны – 27 600 теңге.
Шетелге шығу үшін Қазақстан Республикасы азаматының паспорты қажет. Онсыз шекарадан аттап басу мүмкін емес. Қазақстанда ХҚКО-ға барып паспорт жасату көп уақыт алмайды. Жеке басты куәландыратын құжатыңыз болса жеткілікті.
№1. Паспорт жасату құны қанша?
Паспорт алу үшін 8 АЕК мөлшерінде баж төлеу керек. 2023 жылы оның құны – 27 600 теңге.
Бірақ 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап паспорттағы бет санына байланысты баж құны өзгереді:
24 парақ – 4 АЕК, яғни 13 800 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
48 парақ – 12 АЕК, яғни 41 400 теңге (ересектерге).
Қолданыстағы 36 парақ төлқұжат құны 8 АЕК болып қала береді.
№2. Паспортты тез жасатуға бола ма?
Паспорт 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Ал паспорт тез қажет болса бөлек ақы төлеу қажет. Бұл ретте жеңілдікке ие азаматтар рәсімдеу ақысын емес, жеделдетілген қызмет ақысын ғана төлейді.
Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында:
1 жұмыс күні ішінде – 4983 теңге;
2 жұмыс күні ішінде – 2752 теңге.
облыс орталықтарында:
3 жұмыс күні ішінде – 4983 теңге;
5 жұмыс күні ішінде – 2752 теңге;
облыстардың аудандары мен қалаларында:
7 жұмыс күні ішінде – 1116 теңге.
№3. Қандай құжаттар қажет?
Паспорт алу үшін ХҚКО-ға жүгіну қажет. Қажет құжаттар:
жеке куәлік (ересектерге);
туу туралы куәлік (балаларға);
паспорт үшін 8 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек.
Құжаттарды рәсімдеу кезінде баланың болуы міндетті.
№4. Кімдер паспортты тегін жасата алады?
Салық кодексінің 622-бабына сәйкес мемлекеттiк баж төлеуден босатылады:
Кеңес Одағының батырлары, Социалистiк Еңбек ерлерi;
Даңқ орденiнiң үш дәрежесiмен және Еңбек Даңқы орденiнiң үш дәрежесiмен, «Алтын Қыран», «Отан» ордендерiмен наградталған, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ерi» атақтарын алған адамдар;
«Батыр ана» атағын алған, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналар;
Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестiрiлген адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 9 мамыры кезеңiнде кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет еткен) және Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы қажырлы еңбегi мен қалтқысыз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСРО-ның ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер, сондай-ақ бала жастан мүгедектердiң ата-аналарының бiрi;
Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгiдегi медициналық-әлеуметтiк мекемелерде тұратын қарттар, балалар үйiнде және (немесе) интернаттарда тұратын толық мемлекет қамқорлығындағы жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар.
Бұл жеңілдікке ие болу үшін жоғарыда аталған санаттарға жататын азаматтар жеке басын куәландыратын құжат пен бірге сәйкес санатқа жататынын растайтын құжатты ұсынуы тиіс.
№5. Құжаттағы мәліметтерді өзгертуге бола ма?
Иә, болады. Күні, айы, жылы және туған жерінің өзгеруіне байланысты паспорт алу кезінде келесі құжаттар қажет:
жазбаша өтініш;
АХАТ органдарының анықтамалық деректерін өзгерту туралы куәлік, болған жағдайда сот шешімі;
туу туралы куәлік;
ауыстыруға жататын жеке куәлік, паспорт;
паспорт үшін – 8 АЕК сомасында мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек.
Ал аты-жөніңізді өзгертемін деп шешсеңіз, ең алдымен жеке куәлікті ауыстыру керек.
№6. Паспорттың мерзімі өтіп кетсе, айыппұл салына ма?
Паспорт азаматтарға олардың қалауы бойынша беріледі, яғни оны алу міндеттелмейді. Жеке куәліксіз жүрген адамдарға жауапкершілік қарастырылған. Алайда паспорт мерзімі өтіп кетсе жаңасын алу не алмауды азаматтың өзі шешеді. Әкімшілік заң бойынша мерзімі өткен төлқұжат үшін жауапкершілік қарастырылмаған.
Паспорттың қолданылу мерзімі өткенге дейін бір ай бұрын жаңасын жасатуға болады.
Ақпарат көзі: informburo.kz