Вт. Окт 21st, 2025

17–25 қазан аралығында Катар астанасы Доха қаласында паделден Азияның ең мықты командалары беделді құрлықтық турнирде сынға түсуде. 

Жарыс Катар астанасы Дохада өтіп жатыр. Бұл турнир құрлық үшін маңызды оқиғаға айналып, 17 ұлттық құраманың басын қосты және Азиядағы падел спортының жаңа даму кезеңін айқын көрінісі болды.

Қазақстан құрамасының сапында Тимур Хабибулин, Евгений Данилов, Родион Пак, Жақас Қозбақ, Жанібек Үмбетов, Алдияр Мұздыбаев, Кирилл Колганов және Ян Брек өнер көрсетті. 

Жеребе нәтижесінде Қазақстан құрамасы Жапония, Филиппин және Ливан құрамаларымен D тобына түсті.

17 қазанда Қазақстан құрамасы алғашқы матчын Филиппин командасына қарсы өткізіп, 3:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.

18 қазанда қазақстандық спортшылар Жапония құрамасымен кездесті. Қиын әрі тартысты өткен матч 2:1 есебімен Қазақстанның пайдасына аяқталды.

19 қазанда команда Ливан құрамасымен кездесіп, тең дәрежелі ойында 1:2 есебімен аз ғана айырмашылықпен жеңіліп қалды.

Топтық кезең қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы өз тобында екінші орын алды. Бірақ, келесі кезеңге өте алмады. Енді кубок үшін Азияның сегіз үздік құрамасы тартысты жалғастырады.

– Біз ұлттық құрамамызбен және оның Қазақстанды халықаралық аренада танытып жүргенімен мақтанамыз. Бұл болашақ табыстарға негіз болатын құнды тәжірибе, – деп атап өтті Арслан Абулғазин.

Жарысты ерте аяқтағанына қарамастан, ұлттық құраманың өнері Қазақстандағы падел спортының дамуына маңызды үлес қосты. Команда жоғары дайындық деңгейін және мықты командалық рух көрсетті.


Дереккөз: Inbusiness.kz