Еліміздің Олимпиадалық қозғалысқа қосылғанына биыл 30 жыл. Осыған орай ҚР Ұлтттық Олимпиадалық комитеті еліміздің спортшыларына мерейтой кешін өткізді.
Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің спортшылары, жаттықтырушылары мен спорт ардагерлеріне арнаған құттықтау сөзімен басталды.
«Құрметті Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ұжымы! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетіне 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл-елімізде ерекше орны бар ұйым.
Сіздер Олимпиада құндылықтарын дәріптеп, өскелең ұрпақты спортқа баулуға және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келесіздер. Соның нәтижесінде өрендеріміз талай байрақты бәсекеде табысты өнер көрсетіп жүр. Олар Олимпиада ойындарынан, әлем біріншіліктерінен және Азия чемпионаттарынан ел қоржынына жүздеген жүлде салды. Саңлақтарымыздың есімі әлемдік спорт жылнамасына алтын әріппен жазылды.
Еліміз қысқы Азия ойындарынан, Бүкіләлемдік универсиаданы, әлем және құрлық чемпионаттарын жоғары деңгейде өткізіп, жаһан жұртшылығының лайықты бағасын алды.
Мемлекет олимпиада қозғалысын дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біз Халықаралық олимпиадалық комитетімен және басқа да беделді ұйымдармен ықпалдастықты нығайта береміз.
Көк байрағымыздың әрдайым биікте желбіреп, абыройымыз асқақтай берсін! Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!», — деп Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысының сөзін келтірді».
Мерейтойға орай Халықаралық Олимпиадалық комитетінің президенті Томас Бах және әлемдік спортта белді басқа да тұлғалар қазақстандық спорт қайраткерлері мен спортшыларына құттықтау жолдады.
ХОК президенті Томас Бах Қазақстан халықаралық спорттық шараларды өткізуде тамаша ұйымдастырушы және қонақжай ел ретінде өзін танытқанын, 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстанның Олимпиалық өтінішін барлық Олимпиадалық спорттық қауымдастық жоғары бағалағанын атап өтті.
«Бүгінгі мерейтой – сіздер үшін ғана емес, біздің барлық Олимпиалық отбасымыз үшін маңызды оқиға. Сондықтан мен Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті және менің досым Тимур Құлыбаевтың тиімді басшылығымен жұмыс жасап отырған Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің барлық командасына өз елдеріңіздің әр түпкірінде спортты ілгерітуде атқарып жатқан істеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Олимпиалық құндылықтарды – бейбітшілік пен ынтымақтастықты дамытуда Халықаралық Олимпиадалық комитеті сіздерге қашанда қолдау танытатынына кәміл сенімді болыңыздар дегім келеді. 79 олимпиада медалін тарту еткен спортшыларыңыздың жоғары жетістігі — ауыз толтырып айтарлық көрсеткіш. Бұл мақтануға тұрарлық жетістіктер!»,- деді ХОК президенті Томас Бах.
Алғашқы қадамын 90-шы жылы бастаған Ұлттық Олимипиадалық комитет 30 жылда Қазақстанда Олимпиадалық қоғамдастықты халықаралық нормаларға сай ұйымдастыра алды. 1993 жылдан бастап ҚР ҰОК халықаралық институт ретнде қалыптасып, Халықаралық Олимпиадалық комитетімен бірлесіп жұмыс жасауда. Бүгінде ҚР ҰОК еліміздің мүддесін Олимпиадалық ойындарда ғана емес, Халықаралық Олимпиадалық комитетінің ұйымдастырумен өтетін аймақтық, құрлықтық және бүкіләлемдік жарыстарда танытуда.
«Менеджментті таңдауға аса мән беретін Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және спорттық тұрғыда дамуына әлеуеті мол. Спорттың болашағын жіті байқай отырып, сіздердің жоғары жетістіктерге жететіндеріңізге сенімдімін. Алдағы уақытта өз елдеріңізді, оның мәдениеті мен дәстүрін одан әрі таныта түсу үшін спорттың барлық түрлерінде жарқын жеңістерге жететіндеріңізді сенімді түрде мәлімдей аламын. Бүкіл әлемде кемел болашақты, бірлік пен бейбітшілікті құруға елеулі үлес қосар жастардың арасында да спортты насихаттауда зор жетістікке жететіндеріңізге бек сенімдімін», — деді құттықтау сөзінде IJF (Халықаралық дзюдо федерациясы) президенті Мариус Визер.
1994 жылы алғашқы Олимпиадалық медальді Норвегиядан елімізге шаңғышы Владимир Смирнов әкелді. Екі жылдан соң Атлантада спортшыларымыз 11 медаль жеңіп алды. 30 жылда Қазақстан 7 жазғы Олимпиадалық ойынға қатысып, 71 медальді ел қоржынына салды, оның ішінде 14 алтын медаль. Сондай-ақ еліміздің спортшылары қысқы Олимпиадалық ойындарынан әртүрлі дәрежедегі 8 медальді иеленді, оның ішінде 1 алтын медаль бар. Бұл алтын медальді 1994 жылы Лиллехаммерде Владимир Смирнов жеңіп алып, қанжығаға тағы 2 күміс медальді байлаған болатын. 1998 жылы Наганода Людмила Прокашева мен Владимир Смирнов екі қола медаль алды. Қысқы Олимпиадалық ойындар құрамасының қоржынына Ванкуверде биотлонист Елена Хрусталева күміс жүлде қосса, 2014 жылы Сочидағы Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен қола медальмен толықтырды. Ал 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Олимпиадада фристайлдан Юлия Галышева қола медаль тақты.
«Қазақстанның ҰОК-нің 30-жылдық мерейтойына орай сіздерді құттықтау мен үшін үлкен мәртебе! 30 жыл біреулер үшін аз мерзім болса, ал кейбіреуге бұл айтарлықтай көп уақыт. Десе де Қазақстанда Олимпиадалық қозғалыстың даму тарихы, жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы – 15 олимпиада чемпионы, 64 олимпиада медаль иегері, Олимпиадаға қатысқан спортшылар саны — 11 мыңнан астам! Сіздерге алда тек жеңіс пен жетістіктер тілеймін!», — деді ХОК вице-президенті Хуан Антонио Самаранч құттықтау сөзінде.
Сидней-2020 жазғы Олимпиадасында Қазақстан боксы жаңа белеске көтерілді. Ермахан Ибраимов пен 20 жастағы Бекзат Саттарханов алтын алып, елдің атын асқақтатқаны есімізде. Дәл осы Олимпиадада жеңіл атлетші Ольга Шишигина жүзден жүйрік атанды. Одан кейінгі қатарынан үш Олимпиадада Ольга Рыпакова бірнеше медель жеңіп алды: Бейжің-2008 – күміс, Лондон -2012 – алтын, Рио-2016 – күміс.
Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындары Қазақстан құрамасы үшін жеңіске толы болды. Құрама есебі 17 марапатқа толды, оның ішінде 2- алтын, 5 – күміс және 10 қола жүлде бар. 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында Дмитрий Баландин Қазақстанның жүлде қорына жүзуден тұңғыш рет алтын медаль салды. Бокстан таланантты спортшымыз Данияр Елеусінов алтын медаль тақты. Осылайша Данияр Елеусінов еліміздің Василий Жиров, Бақтияр Артаев, Ермахан Ибраимов, Бекзат Саттарханов, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сапиев сынды танымал спортшылардың қатарын толықтырды. 2012 жылы жеңіс тұғынан түспеген спортшымыз Александр Винокуров Лондонда өткен Олимпиадада велоспорттан соңғы жарысына қатысты. .
«Күрес қазақтың қанында бар. Спортшылардың Олимпиадалық рухын нығайту үшін осы спорт түріне қолдау көрсетіп жатқан Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетіне алғысымды айтқым келеді. Қазақстан Олимпиадалық комитетінің құрылғанына аз уақыт өтсе де, оның қоржынында қазірдің өзінде Олимпиада ойындарынан 79 медаль бар, оның 17-сін балуандар жеңіп алған. Қазақстанның әр жастағы және әртүрлі салмақтағы күрестің барлық түрінен халықаралық жарыстарда иеленген медальдарының жалпы саны айтарлықтай мол. Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетінің командасын тарихи кезең — 30 жылдық меретоймен құттықтаймын! Алдағы уақытта тек жеңістер мен жетістіктер тілеймін!», — деді UWW (Біріккен күрес әлемі) президенті Ненад Лалович.
«Қазақстан Азиядағы спорттың көшбасшылық бестігі арасында әрдайым жоғары орындарды иеленіп келеді», — деді Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығының президенті, ХОҚ мүшесі Робин Митчелл.
«1994 жылы Хиросимада өткен жазғы Азия ойындарына Қазақстан Азия Олимпиадалық кеңесінің мүшесі ретінде алғаш рет қатысты. Содан бері Қазақстан Азиядағы спорттың көшбасшылық бестігі арасында әрдайым жоғары орындарды иеленіп келеді. Қазақстан Олимпиадалық қауымдастыққа қосылғалы бері тек спортта жетістіктер көрсетіп қана қоймай, Олимпиадалық отбасының аймақтық және халықаралық құрылымдарында бірнеше рет тағайындау алғанын атап өткен жөн. Жақында Ханчжоу-2022 жазғы Азия ойындарына қатысасыз, осы сәтті пайдалана отырып, Қазақстан делегациясының Қытайға сапары оңынан болсын дегім келеді, спортшыларыңызға тұғырлы жеңіс тілеймін!»,- деді ХОКҚ президенті Робин Митчелл.
Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыстың 30-жылдығына орай еліміздің спортшыларына мерейтойлық марапаттар табысталды. ҚР ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев Олимпиада ойындарынан үш мәрте медаль иегері Ольга Рыпаковаға (жеңіл атлектика), бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановқа, КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Цхайға, ҚР ҰОК Спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатовқа ұйымның ең жоғары марапаты – ҚР ҰОК орденін тақты.
Бокстан Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев, Серік Сапиев, жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, Олимпиада ойындарында бокстан жеңіске жеткен Иван Дычко, Болат Жұмаділов, Василий Левит, дзюдодан Олимпиада ойындарының жеңімпаздары Асхат Житкеев, сондай-ақ Олимпиада ойындарында қола алған Людмила Прокашеваға (коньки спорты), Арман Чильманов (таеквондо), Елена Шалыгина (әйелдер күресі), бокстан танымал жаттықтырушы Ғалымбек Кенжебаев, Олимпиада ойындарының ауыр атлетикадан жеңімпаздары Денис Уланов және Жазира Жаппаркүл, еркін күрестен Олимпиада жеңімпазы Ақжүрек Таңатаров, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшақаловқа І және ІІ дәрежелі марапаттар табысталды.
Сондай-ақ еліміздің атақты жаттықтырушылары Мәдиғали Қарсыбеков (шорт-трек), Оксана Тен (мәнерлеп сырғанау) құрмет белгісі берілді.
Айта кетейік, ҚР ҰОК Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыстың 30-жылдығына орай спорт ардагерлері мен қайраткерлері, спортшылардың қатысуымен әр өңірде салтанатты іс-шаралар акциясын өткізген болатын.
Қосымша ақпарат:
Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті
Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҚР ҰОК) 1990 жылы 3 ақпанда құрылған. 1992 жылы ҚР ҰОК ресми тіркеліп, оны 1993 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті мойындаған.
ҚР ҰОК тәуелсіз қоғамдық ұйым болып табылады. ҚР ҰОК өз қызметінде Халықаралық Олимпиада комитетінің хартиясын, Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын және ҚР ҰОК Жарғысын басшылыққа алады. ҚР ҰОК миссиясы — Олимпиадалық қозғалысты дамыту және оны қорғау, Қазақстан Республикасының аумағында сыйластық, достық пен кемелдік сынды олимпиадалық құндылықтарды ілгерілету. Ұлттық Олимпиадалық комитетінің тағы бір мақсаты — жоғары дәрежелі қазақстандық спортшыларды Олимпиада ойындарына қатысуға дайындау арқылы Қазақстан Республикасының жоғары жетістіктер спортын дамыту. ҚР ҰОК тұңғыш президенті — Тимур Досымбетов, ал ҚР ҰОК қазіргі басшысы — Тимур Құлыбаев.
Ақпарат көзі: Olympics.kz