Бүгін бүкіл Қазақстанда Халықаралық Олимпиада күніне орай түрлі спорт шаралары өткізіліп жатыр. Астанада мерекелік фестиваль ұйымдастырылып, оған он шақты спорт мектебінің оқушылары қатысты.
Ежелгі Грекиядан бастау алған Олимпиада ойындары – күллі әлемнің спортшылары бақ сынайтын дүбірлі дода. Төрт жылда бір өтетін айтулы шара жаһандық олимпиада қозғалысына айналғалы қашан?! 1948 жылдан бастап 23 маусым осы қозғалыстың басты күні – Халықаралық Олимпиада күні ретінде аталып өтіле бастады. Әлемнің 150-ден астам Ұлттық Олимпиада комитеттері жыл сайын ұйымдастыратын шараға жер шарының түкпір-түкпірінен 3,5 млн жуық адам қатысады. Біздің ел де тәуелсіздік алғалы бері спорт күнін 30 жыл қатарынан тойлап келеді.
Олимпиада күні эстафетасын Қазақстанның барлық өңірлері қабылдап, түрлі шаралар ұйымдастырды. Алматыда 2 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге велосипед спортынан чемпионат ұйымдастырылып, Ұлттық Олимпиада комитеті Францияның Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп, Франция олимпиада құрамасының мүшесі, брейк-данс бойынша екі дүркін әлем чемпионы Лил Кевтің қатысуымен Алматы-Париж 2024 Summer Funky Summit іс-шарасын өткізді.
Олимпиада күнінің арқасында балалар жаңа спорт түрлері туралы біліп, өздерінің пір тұтар қаһармандарымен – атақты қазақстандық спортшылармен, спорт чемпиондарымен, Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерімен кездеседі.
Олимпиада күні Астанада
Сондай кездесудің бірі Астана қаласында, Триатлон паркінде Олимпиада күніне орай ұйымдастырылған мерекелік фестивальде мүмкін болды. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, боксер Серік Сәпиев, әлем мен Азия чемпионы Мерей Ақшалов спорт мектептерінің оқушыларымен тілдесіп, шеберлік сағаттарын өткізді.
«Барлық қазақстандықтарды Халықаралық Олимпиада күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мен осындай спорттық шараларға қатысуға әрдайым қуана келісемін, өйткені олимпиадалық спорт түрлерімен айналысып, чемпион болуды армандайтын жастармен жүздесу бір бақыт!», — деді Серік Сәпиев.
Бүгінгі мерекелік шараға елордамыздың 10-нан астам мектептерінен 200-ге жуық жас спортшылар қатысты. Оларға арнайы футболкалар мен бас киімдер таратылып, қолдарына жалаулар берілді.
Көңіл-күйді көтерер әуен қосылып, брейкдансерлер би биледі. Тхэквондо мен каратэмен айналысатын жас спортшылар дүйім жұрттың алдында өз өнерлерін көрсетті. Санақ бойынша тізіле жұдырықтасқан каратэшілер мен көкке ұшқан тақтайлар балаларға ерекше әсер қалдырды.
«Шыны керек, Олимпиада күні туралы бірінші естуім. Біз сияқты жас спортшыларға көңіл бөлініп, өзіміздің төл мерекмеіз барына қуаныштымыз. Бүгінгі іс-шарадан керемет әсер алдық. Танымал боксерлер келді, келесі жылы Әлия Юсупованы көрсем деймін. Өйткені мен өзім көркем гимнастикамен айналысып жүргеніме 5 жыл болды, сол сияқты Олимпиада жүлдегері болуды армандаймын», — деді №1 БЖМОРСМ Әлия есімді оқушысы.
Сонымен қатар, жас спортшылар олимпиадалық спорт түрлері бойынша өз білімдерін викторинада сынап, «Көңілді старт» эстафетасына қатысты және Ұлттық Олимпиада комитеті дайындаған сыйлықтарды ұтып алды.
«Жыл сайын аталып өткізілетін Олимпида күнінің арқасында қаншама жас жеткеншек чемпион болуды аңсап, көк туымызды желбіретуді мақсат тұта бастады. Осы жерде мен балаларының таңдауына қолдау көрсетіп, болашақ жұлдыздарымызды жебеп жүретін ата-аналарға мың алғыс айтқым келеді. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын!», — деді Мерей Ақшалов.
ҚР ҰОК олимпиадалық қозғалыс дәстүрлерін еш ұмытқан емес. Себебі «Дені саудың, жаны сау». Алайда спорт – тек қана жан мен тәннің саулығы емес, бейбітшілікті, білім беруді, гендерлік теңдік пен тұрақты дамуды нығайту үшін біріктіруші күшке ие.
Олимпиада күнін ұйымдастыруда ҚР ҰОК серіктестері «Туризм және спорт саласын қолдау қоры» мен «Тойота Мотор Казақстан» болды.
Ақпарат көзі: olympic.kz