Өзінің әрекетімен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген атыраулық үш жасар балақай мемлекет басшысы атынан алғыс хат алды.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов үш жасар Дінмұхаммед Жұмажанмен және оның ата-анасымен жүздесті. Бүлдіршіннің қаладағы Ораза айт тойланған орынды жинастырып жүрген видеосы әлеуметтік желіде кең таралған еді.
Серік Шәпкенов Дінмұхаммедтің тәрбиесі мен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігіне риза болып, Президент әкімшілігінің жетекшісі Айбек Дәдебайдың мемлекет басшысы атынан жолданған хатын табыстаған.
«Кейде көп сөздің орнына бір ғана істің өзі жетіп жатады. Дінмұхаммед ойын баласы болса да, оның әрекеті көпке ой салды. Әлбетте, ол мұны бөгде біреуден көріп емес, өзінің отбасында тазалық пен тәртіптің мәнін түсініп өсіп келе жатқандықтан жасады.
Бұл – тек тәрбиенің емес, нағыз отансүйгіштіктің үлгісі. Өз Отанына шын берілгендіктің белгісі. Осындай әрекеттер мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы уақытша іс-шара ғана емес, әр азаматтың өмір салты болуы қажеттігін көрсетеді. Кішкентай Дінмұхаммедтің жасағаны – тазалықты әркім өзінен бастауы керек деген үндеу», — дейді Серік Шәпкенов.
Дінмұхаммедтің әкесі Ержан Хайрошевтың айтуынша, жердегі қоқыстарды жинап жүрген ұлын тұрғындардың бірі видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.
«Біз өзіміздің ықшамауданда Ораза айт мейрамын кең көлемде тойладық. Ұлымыз әрекетімен бүкіл елдің ықыласына бөленеді деп ойламадық. Оның тілі кеш шықты, сосын балабақшаға бердік. Сол жақтан үйренгені де бар шығар. Өз отбасымызда да тазалыққа мән береміз, сенбіліктерден қалмаймыз. Ұлымның елдің патриоты болып ер жеткенін қалаймын», — дейді Ержан Хайрошев.
Облыс әкімі Дінмұхаммедке ескерткіш сыйлықтар тапсырып, ата-анасына алғысын айтқан.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ