Вт. Июн 17th, 2025

Teacher of the Year – педагогтар арасындағы беделді кәсіби байқаудың нәтижелерін NNEF қоғамдық қоры жария етті. Байқау «Мирас» балабақшалары мен мектептері, Алматыдағы халықаралық мектебі мен «Арыстан» мамандандырылған лицейі сынды қордың жеті филиалының педагогтары арасында жыл сайын өткізілетін кәсіби байқау.

Осы жылдан бастап Teacher of the Year байқауы институционалдық мәртебеге ие болып, республикалық педагогтардың кәсіби шеберлік байқауларының тізіміне енгізілді. Бұл – жекеменшік білім беру ұйымдарының экожүйесі жоғары жетістіктерге қол жеткізгенінің айғағы.

Енді байқауға қатысқан педагогтардың жеңісі мемлекеттік аттестациядан өтуі кезінде ескерілетін болады, бұл Қордың жүйесіндегі балабақшалар мен мектептерде жұмыс істейтін педагогтардың кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндікті кеңейтеді.

Көп жылдан бері Teacher of the Year тек тәжірибе алмасу ғана емес, жаңа идеялар мен бастамаларды дамыту, кәсіби қауымдастықты нығайту алаңына айналды. Биыл байқауға 112 педагог қатысты. Бірнеше кезеңнен соң финалға 24 педагог шықты, оның ішінде мектепке дейінгі және мектептегі білім беру салаларынан 12 педагогтан қатысты.

«Бұл байқау төртінші жыл қатарынан жыл сайын өткізіліп келеді. Байқау үш кезеңнен тұрады. Осы жылы біздің балабақшадан финалға екі педагог өтті. Олар өте білікті мамандар. Жүзден жүйрікті таңдау оңай болған жоқ. Бірақ бұл жерде жеңілгендер де жоқ – барлық қатысушы жеңімпаз. Белгілі болғандай, мұғалім – кез келген білім беру ұйымының жүрегі», – деді журналистерге берген сұхбатында Алматы қаласындағы «Мирас» бөбекжай-бақшасының директоры Баян Файзуллина.

NNEF қорының өкілдері атап өткендей, Teacher of the Year байқауы балаларды оқыту мен тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған маңызды міндеттерді шешуге ықпал етеді. Сонымен қатар, байқауға қатысу білім беру жүйесіне инновация енгізуге, талантты мұғалімдерді қолдауға, тек білім беріп қана қоймай, оқушыларын шабыттандыра алатын ұстаздарды ынталандыруға мүмкіндік береді.

«Teacher of the Year бізді кәсіби тұрғыда әрі қарай дамуға, шығармашылық ізденіске жетелейді. Осындай керемет мүмкіндікті берген ұйымдастырушыларға және NNEF қорының негізін қалаушы Динара Нұрсұлтанқызына алғысымды білдіремін», – деді Teacher of the Year–2021 жеңімпазы Альмира Аюпова.

Осы жылғы байқаудың қорытындысы бойынша, әділқазылар шешімімен NNEF қоры жүйесіндегі филиалдардан алты педагог жеңімпаз деп танылды.

Астана қаласынан жеңіске жеткен ұстаздар – балабақша тәрбиешісі, ағылшын тілі  пәнінің мұғалімі және PYP-координатордың орынбасары Айтолқын Молдыбаева мен бастауыш сынып мұғалімі Елена Десерт.

Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, IBMYP бағдарламасының координаторы Айтан Мамедова да жеңімпаз атанды.

«Шын мәнінде қиын емес. Қобалжудан гөрі, қызықты болды. Әр кезең – өсуге, бүкіл педагогикалық қызметті қайта қарауға септігін тигізді», – деді Айтан Мамедова.

Жеңімпаздар қатарында Атырау қаласынан Іңкәргүл Канкомова мен Алматыдан Бағила Алғыбаева есімді балабақша тәрбиешілері бар. Ал Атырау қаласындағы «Мирас» бөбекжай-балабақшасының педагогы Айгүл Дусалиева әділқазылардың арнайы сыйлығына ие болды.

Teacher of the Year өткізілген жылдарда байқауға 480-нен астам педагог қатысып, 32 мұғалім жеңімпаз атанды. Олар – кәсіби шеберліктің, шабыт пен көшбасшылықтың әрі үздіксіз даму жолындағы табандылықтың жарқын үлгісі. Байқаудың жалпы жүлде қоры 18 миллион теңгеден асты.

Өз қызметі барысында NNEF қоғамдық қоры Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосып келеді.  Айталық, халықаралық стандарттар мен озық білім беру тәжірибелерін енгізіп, білім беру бағдарламалары аясында балаларға гранттық қолдауды қаржыландырып отырған қор. Сондай-ақ  Қор байқаулар, кәсіби іс-шаралар мен білім сапасын арттыруға бағытталған бастамалар арқылы педагогикалық қауымдастықты дамытуда белсенділік танытады.

Дереккөз: bilimdinews.kz