Вс. Май 26th, 2024

Елімізде 1 мамырдан бастап жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады.

«Отбасы банк» төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламасы туралы айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Бағдарлама қатысушыларына депозитті ашу мерзіміне ешқандай талап қойылмайды. Өтінім берген кезде депозитте кем дегенде 1 млн теңге болуы тиіс. Соңғы 5 жылда тұрғын үйге байланысты операциялар болмауы керек. Бағдарламаның шарттарына келсек, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сыйақы мөлшерлеме жылдық 7 пайыз, ал басқа қатысушылар үшін 9 пайыз. Бастапқы жарна мөлшері – 20 пайыз, қарыз мерзімі – 19 жылға дейін. Өтінімдерді қабылдау «Отбасы банк» онлайн платформасында биылғы 1 мамырда, келесі жылы 1 наурызда басталады. 24 маусымға дейін жалғасатын болады», – деді «Отбасы банк» төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

Қабылдаған өтінімдерді бағдарлама автоматты түрде іріктейді. Бағдарлама қатысушыларының тізімі банктің ресми сайтында жарияланатын болады, деп жалғастырды спикер. 

«Биылғы 1 шілде мен 31 тамыз аралығында кредиттік өтінімдер қабылданады, 1 шілде мен 15 желтоқсан аралығында үй таңдалған соң несиелер беріледі. «Наурыз» бағдарламасы бойынша несиенің максималды сомасы Астана, Алматы қалалары үшін 36 млн теңге, қалған өңірлер үшін 30 млн теңге етіп белгілеуді ұсынамыз. Бұл «Наурыз» бағдарламасының шарттарына сай келетін пәтерлердің санын ұлғайтады, халықты көбірек тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Нұрлан Ақшанов.


Дереккөз: inbusiness.kz