Вс. Ноя 24th, 2024

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«22 наурызда Мәскеу облысындағы Crocus City Hall концерт залында теракт болды.

Ресей Федерациясында «Болашақ» және «500 ғалым» бағдарламасы бойынша бүгінде 32 қазақстандық азамат білім алуда, 24 стипендиат Мәскеуде.

Олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Барлық стипендиаттар байланысқа шықты», — деп жазды министр Телеграм арнасында.

Бұған дейін хабарланғандай, белгісіз біреулер Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы Крокус сити холл ғимаратында оқ жаудырған.

Куәгерлердің айтуынша, қылмыскерлер кешкі сағат 20:30 шамасында, концерт басталар алдында негізгі подъезд арқылы ғимаратқа кіріп, келушілер мен күзетшілерге бірден оқ атқан. Содан үш-төрт адам концерт залына кіріп, көрермендерді атып, «Молотов коктейльдерін» лақтыра бастаған. Осыдан кейін шабуыл жасағандар қашып кеткен.

Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі лаңкестік әрекеттен зардап шеккен 145 адамның біразының тізімін жариялады.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан азаматтары үшін мына сенім телефоны бойынша жедел желі іске қосылды: 8 (925) 897-71-14.

ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Ресейдегі терактіде қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар екені туралы ақпарат жоқ.


Дереккөз: inbusiness.kz