Сб. Ноя 23rd, 2024

Өз мамандарынан көңілі қалды ма, Еңбекмині мүгедектікті анықтау үшін енді тәуелсіз сарапшыларды жаппай тарта бастады.

Бұл талап олардың ашуын туғызады, олар өздерін мазақ еткендей сезінеді. Мұндай масқараға тоқтау салу керектігін Парламент депутаттары да айтқан болатын.

Одан бас тарту орнына Светлана Жақыпованың командасы қолданыстағы әбден ескіріп, тозған тетігін жетілдіруге тырысуда.

Қазақстанда медициналық ұйымдар мүгедектігін растау үшін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберетін азаматтарды сырттай проактивті форматта куәландыруға тәуелсіз сарапшыларды тарту бойынша пилоттық жоба басталды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, Әлеуметтік кодексте осы тәуелсіз сарапшылар институтын толық ауқымда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу көзделген. Қазіргісі – соған дайындық және сынақ.   

«Азаматтарды куәландыру процесіне тәуелсіз сарапшыларды енгізу тетігін сынақтан өткізу үшін биылғы сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері бірлескен бұйрық қабылдады. Ол үміткерлердің тестілеуден өту және талап етілетін құжаттар топтамасын ұсыну тәртібін реттейді», – деп хабарлады ведомство.

Мүгедектің мүгедек екенін растауға құзыры болатын сарапшыға айналу үшін ақ халаттыларға бірнеше талап қойылады. Негізгі талаптардың бірі – жоғары медициналық білімінің және денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатының болуы. Сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу мәселелері бойынша соңғы 5 жылда оқудан өткенін растайтын құжатын көрсетуі шарт.

Министрліктің мәліметінше, тәуелсіз сарапшыларды іріктеу – біліктілік деңгейі мен жұмыс өтілін ескере отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады.

Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) үшін тәуелсіз эксперттерді жалдау бойынша пилоттық жобаны іске қосу аясында алғашқы конкурсқа 50-ге жуық адам қатысты. Алайда іріктеудің барлық кезеңдерінен тек 18 сарапшы дәрігер ғана өтіпті. Олар қазіргі кезде сарапшылық жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті.

Сараптама келесі түрде жүргізіледі: біріншіден, мүгедек болып қалған азаматтың медициналық құжаттары экспертке электронды күйде және автоматты түрде түседі. Бұл ретте Еңбекмині сыбайлас жемқорлық және тамыр-таныстық деректеріне жол бермеу үшін медициналық құжаттарда оның иесінің кім екенін, аты-жөнін жасырады.

Дегенмен, егер дәрігер шынымен мықты эксперт болса, өз қамқорлығындағы протежесін атын атап, түрін түстемей-ақ, диагнозынан, анамнезінен таныса керек. Қалай болғанда, сарапшыларға «анонимді» түсетін медициналық құжаттарда Денсаулық сақтау министрлігінің және өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған деректер болады.

Екіншіден, сарапшы кемтар жанның ауруы жанына батып, қиналған бет-жүзін көрмей, денесіне қол тигізбей, оны медициналық тексеру құжаттарын ғана талдау арқылы қашықтан оның мүгедек немесе ондай еместігін анықтайды.

Коррупциямен, туыстық-таныстықпен байланысты бармақ басты, көз қысты тірліктерді болдырмау үшін Еңбекмині тағы бір талап енгізді. Оған сәйкес, мысалы, еңбек қабілетінен мүлдем айрылған Маңғыстау тұрғынына бағаны Шымкентте отырған сарапшы беруі мүмкін.

«Істерді бөлу эксаумақтық-экстерриториалды тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл – Алматыда тұратын сарапшыға еліміздің Алматыдан басқа өңірлерінен құжаттар келіп түсетінін білдіреді. Тәуелсіз сарапшылар институтын енгізу азаматтардың сарапшылармен және тиісінше сыбайлас жемқорлық көріністерімен тікелей байланысын болдырмауға бағытталған», – деп сендірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері.

Үшіншіден, іс-қимыл алгоритмі бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама рәсімдерін жүргізгеннен кейін сарапшылар адамдарды кембағал деп таныса, оның мүгедектік тобы анықталады. Мұндай жағдайда ол кісіге тиісті әлеуметтік төлемдер мен арнаулы әлеуметтік қызметтер соның, өтініш берушінің қатысуынсыз, проактивті түрде тағайындалады.

Тиісінше, мүгедек емес деп таныса, жәрдемақы беріп, әлеуметтік қызметтер көрсетуден бас тартылады.

«Жалпы, медициналық-әлеуметтік сараптама өткізудің сырттай (заочный) форматын енгізетін пилоттық жоба 2022 жылдың 1 қаңтарынан бері Қазақстанның барлық аумағында сынақтан табысты өтуде. Бүгінгі күні сырттай проактивті форматта куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. Жыл басынан республиканың барлық өңірлерінде 60,4 мыңнан астам өтінім қаралды», – деп мәлім етті министрлік. Бірақ қанша мүгедектің меселін қайтарып, обалына қалғандарын нақтылап жатпады.

Қазақстандықтар мүгедек адамды мезгіл-мезгіл мазалап, куәландыруға сүйреуді сорақылықтың бірі деп санайды.

«Көзімнің ауырғанына көп болды. Он жыл бұрын дәрігерлер «көз торларының пигментті дегенерациясы» деген диагноз қойды. Бұл тұқыммен берілетін генетикалық ауру және әлемнің бір де бір клиникасы емдей алмайды. Бірақ көз ауруханасының бірде бір дәрігері мұндай аурумен маған мүгедектік берілуге тиістігін дер кезінде айтпады. Оны тек бертінде білдім. Бастапқыда ІІІ-ті топты берді. Бір жылдан соң ІІ-ші топқа көтерді. Тек балаларым қуанып, әр кеңсені жағалағаннан кейін І-ші топ мүгедектігін бір жылға ұсынды», – дейді Күнсұлу Маратқызы.

Салдарынан, сырқат жыл сайын тексерістен өтуге мәжбүр. Ол тиісті тексерісті өңірлерде бірде бір мемлекеттік емхана жүргізбейтінін біліпті. Медсақтандыру қорынан да қайыр-қайран жоқ екен. Сондықтан Күнсұлу апайға барлық диагностикадан ақылы өтуге тура келіпті.

«Сол көзім мүлдем көрмейді. Оң көзім тек жарықты сезеді. Су қараңғы соқыр болуға шамалы қалды. Министр Жақыпова соқырлардың бір күнде көріп кететініне сене ме? Неге бізді жылда куәландыруға, МӘС-ке сүйрейді? Мүгедектікті тағайындағанда бір рет көз жеткізсе болды емес пе? Жыл басында медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өттім. «Пигменттік абиотрафия» және көру қабілетін жоғалтқан деген қорытынды берілді. Ендігі тексерісі – келесі жылдың басында, таяп келеді. Мемлекет берген азын-аулақ жәрдемақыға өмір сүремін. Осы жылдары көзім шырадай жанып, ашылып кеткен жоқ. Қашанғы куәландыра беруге болады? Азапқа салмай, жыл сайын МӘС-тен өту деген әділетсіз тірлігінен билік бас тартса жақсы болар еді!», – дейді К.Маратқызы.

Ол мемлекет тарапынан не медициналық арнайы көмек, не дәрі-дәрмек, не санаториялық-курорттық емдеу, не инватакси қызметтерін алмайтынына мұң шақты.

Мүгедектігі бар адамдар жәрдемақы төленетін мәртебесінен айрылып қалудан қорқып, МӘС мерзімін үлкен үреймен күтеді. Бұл жерде тағы бір проблема белгілі болды. Кеміс жан МӘС-тен жыл басында, қаңтар айының ортасында өтсе, онда оған сол айдың қалған жартысына ғана жәрдемақы төленеді екен. Соның кесірінен қолына тиын-тебен тиеді. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар министрдіктен МӘС-ті жыл соңында, 25 желтоқсанға дейін өткізуді сұрайды. Сонда олар келесі жылы жәрдемақы ала бастау үшін құжаттарын тапсырып үлгереді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, Денсаулық кодексіне сәйкес, медициналық көмекті және сауықтыруды азаматтарға денсаулық сақтау органдары ұсынуға тиіс. Сондықтан олар ақылы емес, бюджет есебінен тегін өтуге мүмкіндіктің бар-жоқтығын білу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінуі керек.

Бірақ Еңбекмині қайта куәландырудан бас тартпауға табандап отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығымен бекітілген «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларының» 21-бөліміне сәйкес, сырттай мүгедектік және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі тек бір жылдан аспайтын мерзімге ғана айқындалады.


Дереккөз: inbusiness.kz