Ср. Май 21st, 2025

Соңғы уақытта қоғамда Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелер жиілеп кетті.

Сара Алпысқызы мамандардың бақылауында ем алып жатқаны туралы  Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі мәлімдеме жасаған болатын.

Еліміздің тәуелсіздік тарихында Сара Алпысқызының атқарған рөлін жоққа шығару мүмкін емес. Orda.kz редакциясы Сара Алпысқызының өмір жолы жайлы,  ауқымды әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған еңбегі туралы ақпарат жариялады.

Анасынан ерте айырылды

Қазақстан тарихында есімі балаларға деген мейірімімен, жанашырлығымен  танылған әйелдер аз емес. Сара Назарбаева – солардың бірі. Сара Алпысқызын президенттің жары ретінде ғана емес, балаларға қолдау көрсетуді өмірлік мақсатына айналдырған жан ретінде көпшілік таниды. Ол мектептер мен балалар ауылдарын ашып, тәрбие бағдарламаларын әзірлеп, жетім балаларды қорғау жүйесін қалыптастырған қоғам қайраткері. Қызылжарда дүниеге келген қарапайым ауыл қызы өмірдің қиын сынақтарынан өтіп, мыңдаған балаға, ұстаз бен ата-анаға шабыт сыйлаған тұлғаға айналды.

Сара  Алпысқызы 1941 жылдың 12 ақпанында Теміртауға жақын маңдағы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Бес жасында анасынан айырылып, он екі жасында тігін фабрикасында жұмыс істеу үшін мектептегі оқуын тастауға мәжбүр болған. Осылайша, жас кезінен бастап отбасының қамын өз мойнына алады. Соғыстан кейінгі жоқшылық пен тапшылыққа, балалық шағындағы қиындықтарға қарамастан, әділетті, мейірімді, кішіпейіл мінезді боп бойжетеді. Бұл қасиеттер кейін қоғамдық қызметінде ерекше байқалады.

Тігін фабрикасынан кейін Қарағанды металлургия комбинатында жұмысқа орналасады. Бұл зауытқа бүкіл республикадан жастар ағылып, еліміздің индустриялық болашағын бірге құрып жатқан қарқынды жылдар еді. Металлургия комбинатында шыңдалып, ересек өмірге алғашқы қадамын жасайды. Мектепте оқуын жалғастыра алмаса да, 1972 жылы ҚарМет техникумы жанындағы жоғары техникалық оқу орнына түсіп, экономика мамандығын игереді.

Ал 1976 жылы экономист дипломын алады. Сараның білімге деген ықыласы мен жауапкершілігін, сабақты ешқашан қалт жібермейтін мінезін, тіпті кішкентай қызы Динараны да сабағына бірге алып келетін кездерін техникумдағы ұстаздары еске алып, ерекше атап өткен. Жұмыс орнындағы мінездемесінде іскерлігі мен жауапкершілігі мол қызметкер екені аталған. Осы қасиеттерінің арқасында «Коммунистік еңбектің екпіндісі» атағын иеленіп, цехтағы өзара көмек кассасының қазынашысы қызметін де адал атқарған.

Болашақ жарымен танысуы

Сараның болашақ жары Нұрсұлтан Назарбаевпен Қарағанды металлургия комбинатында танысады. Екеуі бір домна цехында бірі болат құюшы, ал енді бірі – электр бөлімінде жұмыс істеген. Екі жастың алғаш кездесуіне домна пешінде  болған апат себепкер болған. Шаршаған, шаң-тозаңға көмілген жұмысшылардың қасына не болып жатқанын көруге келген Сараны сонда Нұрсұлтан алғаш рет көреді.

Уақыт өте екі жас қайта кезігіп, Нұрсұлтан Сараны биге шақырады, жас жігіттің көзіндегі жылылықты байқаған Сара бұл ұсыныстан бас тарта алмайды. Екеуі  бос уақытты бірге өткізіп, комбинаттағы хорға бірге қатысқан. 1962 жылдың 25 тамызында екеуі отау құрып, Теміртаудағы «Комсомолец» кафесінде шағын үйлену тойын атап өтеді.

Жас отбасында үш қыз– Дариға, Динара және Әлия өмірге келді. Назарбаевтар  шаңырағы қашанда қонаққа толы болатын, ал Сара Алпысқызы әрдайым қонағын ақжарқын, жайдары мінезімен қарсы алатын деп еске алады замандастары.

«Сара Алпысқызы өте қонақжай, келген адамды әрдайым жылы жүзбен қарсы алып, дастарханын жайнатып қоятын», — дейді металлургия саласының ардагерлері Қуаныш Омашев пен Тоқтархан Ысқақов.

Барлық балаөз балам

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ел президентінің жары ретінде Сара Назарбаева елдің бірінші ханымы атанды. Сара Алпысқызы бұл жылдары балалар мүддесін қорғауды өзінің бас миссиясы ретінде қабылдайды.

1992 жылы ол «Бөбек» халықаралық балалар қорын құрып, бұл ұйым жетімдер мен аз қамтылған отбасындағы балаларға нақты көмек көрсететін орталыққа айналады. Сара Алпысқызы бала құқығын қорғауға қатысты заңдарды әзірлеуге атсалысып, «Өзін-өзі тану» атты рухани-адамгершілік бағытындағы бағдарламасын әзірлеу туралы бастама көтереді.  Мектептер мен жасөспірімдер үйлерін аралап, әр балаға  жеке көңіл бөлуге уақытын арнайды. Көпшіліктің алдында ол биік лауазымы үшін емес, әр адамға деген ықыласы үшін құрметке бөленген жан.

Сара Назарбаева қайырымдылық саласына елеулі үлес қосқан жан. Ол негізін қалаған «Бөбек» қоры, «Өзін-өзі тану» бағдарламасы, сондай-ақ «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» жобасы жетім балалардың отбасылық ортада тәрбиелеуіне мүмкіндік ашты. 2003 жылдан бастап бірінші ханым жетім балалар мен аз қамтылған отбасында тәрбиеленген студенттерге арнайы стипендия жариялаған.

Сара Алпысқызының қайырымдылық бағыттағы бастамаларының нәтижесінде мыңдаған бала білім алып, өмірден өз орнын табуға мүмкіндік алды. Оның бастамасымен құрылған жобалар әлі де сәтті жұмыс істеуде. SOS балалар ауылдары – сәтті жобалардың бірі. Бұл жүйенің қалыптасуына Сара Алпысқызы ерекше үлес қосты. Қазіргі уақытта бұл жобалар NNEF білім беру қоры және Тимур мен Динара Құлыбаевтардың «Халық» қорының қолдау көрсетуі нәтижесінде игі істерді жалғастырып отыр. Оның бастамасымен құрылған өзге де жобалар осы қорлар арқылы жұмысын жалғастыруда. Көпшілік Сара Назарбаеваны – мейірім мен жылулық, қамқорлық пен үміт сыйлаушы жан ретінде бағалайды. Сара Алпысқызы барлық баланы өз балам деп атап,  өмірдегі ең құнды марапат -балалардың жарқын күлкісі мен олардың жеткен жетістігі деген ұстанымға берік жан


Дереккөз: ORDA.kz