Чт. Ноя 21st, 2024

Ширек ғасырда жеткен жетістік пен бағындырған белес.

25 жыл ішінде мектепті 830 оқушы бітірді, оның ішінде 20 түлек «Алтын белгі» төсбелгісімен марапатталды, 46 түлек арнайы аттестатқа ие болды. Беделді Дипломдық бағдарламаны 197 студент бітіріп, халықаралық дипломға ие болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты

«Мирас» халықарылық мектебі биыл 25 жылдығын атап өтті. Алматыдағы білім ошағы «NNEF» қоғамдық қорының қолдауымен сонау 1999 жылдың күзінде ашылды. Мектеп миссиясы алғашқы күннен бастап белгілі. Ол — қазақстандық және халықаралық білім беру стандарттарының интеграциясы негізінде сапалы білім беру.

«Бізде 25 жыл бұрын әлемдік және ұлттық білім берудің үздік тәжірибесін біріктіретін бірегей білім беру мекемесін құру сынды үлкен мақсат тұрды. Бұл жолда көптеген қиындықтар мен сынақтар кездесті. Бірақ, бүкіл ұжым, мұғалімдер мен ата-аналардың күш-жігерінің арқасында «Мирас» біздің еліміздің білім беру жүйесінде үлгі боларлық оқу орнына айналғанын мақтанышпен айта аламыз», — деп атап өтті «NNEF» Қоғамдық қорының құрылтайшысы Динара Құлыбаева.

«Мектеп жаңадан ашылғанда бар-жоғы 75 студент болған. Қазір 800-ден астам білім алушы бар. Халықаралық «Мирас» мектебі сапалы, әрі заманауи білім береді. Бүгінде мектеп IB (Халықаралық Бакалавриат) бағдарламасынан бөлек CIS (Халықаралық мектептер кеңесі) халықаралық ұйымынан да аккредитациядан өткен. Сонымен қатар, ECIS (Халықаралық мектептердің еуропалық кеңесі), ЮНЕСКО мектептері қауымдастығының және ТМД елдерінің халықаралық бакалавриат мектептері қауымдастығының (ASMB) мүшесі болып табылады», — дейді Алматы қ. Халықаралық «Мирас» мектебінің директоры Ирина Власянц.

Айта кету керек, бұл мектеп халықаралық стандартты негізге ала отырып өзінің теңдесі жоқ білім беру моделін жасап шықты. Ал, 2012 жылы «Мирас» халықаралық мектеп мәртебесіне ие болды. Мектеп студенттері білім алғаны туралы екі бірдей құжат, яғни, мемлекеттік сертификат және халықаралық бакалавриат дипломын алып шығады. Бұл өз кезегінде шетелдік алдыңғы университеттер мен колледждерге түсу кезінде жеңілдіктерге ие болуға мүмкіндік береді. IB дипломдық бағдарламасының түлектері әлемнің үздік университеттеріне емтихансыз қабылданады.

Болашақта әлем тұлғасын тәрибелеу жоспарымыз – қазақ тілі пәнінің мұғалімі  

«Мирас» мектебі бүгінгі таңда 3-18 жас аралығындағы оқушылар үш тілде білім алады. Яғни, қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде білім беретін үздіксіз білім беру кешені болып табылады. Мұндағы оқытушылар құрамы да тәжірибелі мамандардан тұрады. Олардың көпшілігі халықаралық бакалавриаттың жаттықтырушылары мен емтихан алушылары, сонымен қатар білім беру саласындағы жетістіктері үшін марапатталған. Қазіргі уақытта АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Қытай, Ирландия, Жаңа Зеландия және Түркия сияқты әртүрлі елдерден келген 94 маман студенттерге білім нәрін беріп келеді.

«Соңғы жылдары «Мирас» мектебі жан-жақты дамуын тоқтатқан жоқ. Соның ішінде, педагогтар да заман талабына сай білімдерін жетілдіріп отырады. Өйткені, біздің мақсатымыз жаһандық тұрғыдан ойлай алатын әлем тұлғасын тәрбиелеу. Осы уақытқа дейін студенттеріміз қалалық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орын алып жүр. Соның бірі 2023 жылы халықаралық диплом иегері Бисимби Досжан. «Дарын» олимпидасының республикалық кезеңінің жеңімпазы болса, бертін келе ол халықаралық олимпиададан күміс жүлдемен оралды», — дейді  «Мирас» халықаралық мектебінің Қазақ тілі кафедра меңгерушісі Құралай Молдагалыкова.

Осының арқасында болар, «Мирас» мектебінің түлектері жыл сайын алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына түседі. Атап айтқанда, Назарбаев Университетінен бастап, ҚБТУ, Harvard University, University College London, University of California, Berkeley , King’s College London, University of Manchester, University of Toronto, McGill University, МҰУ және тағы басқалары.

Білім ошағының алдағы уақыттағы жоспары цифрлық ойлауды және білім беру үдерісінің инклюзивтілігін дамыту қажеттілігін ескере отырып, мектептің білім беру моделін одан әрі жетілдіру. Соның ішінде, STEAM білім беру шеңберінде пәндік блоктарды кеңейтіп, оларды одан әрі пәнаралық интеграциялау. Осының арқасында жаһандық тұрғыдан ойлай алатын, бірнеше тілде өз ойын еркін жеткізе алатын, қиыннан қиыстырып идея тудыра алатын, жетістікке жетуге бекінген жастардың тұлғасын қалыптастыруға мүмкіндік болады.


Дереккөз: inbusiness.kz