Алматы мемлекеттік архиві материалдық-техникалық базаны жаңғыртып, құжаттарды қалпына келтіру зертханасын ашты.
Бұл мақсатқа соңғы 10 жылда алғаш рет қалалық бюджеттен қаржы бөлінді, деп жазады inbusiness.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Соның арқасында көпформатты жеті сканер, 3D интерактивті кескінін жасауға арналған жүйе, микрофильмдер жүйесі, құжаттарды қалпына келтіру машинасы, 110 моноблок, 34 компьютер және т.б. жабдықтар сатып алынды.
Жаңғыртумен бірге, қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен қызметкерлердің жалақысы да өсті.
«Біз материалдық-техникалық базаны жаңартып, стационарлық сөрелердің орнына мобильді сөрелер алынды. Сол арқылы құжаттарды қабылдау және сақтау орны кеңейді. Сонымен қатар, былтыр мамандардың жалақысы 30%-ға өсті», — деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Қазір архивте құжаттардың 10 миллионнан астам парағы цифрландырылған. Әрі аудиовизуалды құжаттарды цифрландыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр.
Дереккөз: Inbusiness.kz