Ср. Сен 3rd, 2025

Қазақстанда нақты қанша білім ордасы барын ешкімнің білмейтіні анықталды. 

Бұл мәселені алдымен, Парламент депутаттары көтерген еді. Олар білім саласына қатысты көптеген заңнамалық түзетулерді әзірлеу барысында елде қанша орта білім беру ұйымының бар екенін білмек болыпты. Алайда әртүрлі ресми дереккөздерден әрқилы жауап алған.

Мысалы, бүгінде Ұлттық статистика бюросының ресми интернет-ресурсында «Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептер саны – 7 833» деп жазылған. Бірақ статорган мұның 2023 жылғы дерек екенін ескертеді. Одан бері жаңартылмаған, өзекті ақпараты жоқ.

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев 2025 жылдың шілде айының соңында Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықовқа жолдаған №16-10/4503 дз шығыс хатында Қазақстан Республикасында 7 981 мектеп, 11 856 мектепке дейінгі ұйым, 772 колледж барын тілге тиек етеді.

Нақты бір көрсеткішті Сәкен Арубаев бастаған 8 сенаторға 2025 жылғы 26 шілдедегі хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов келтірді. Оның мәліметінше, «жалпы алғанда, елімізде 8 004 мектеп тіркелген». Алайда бұл да биылғы шілдедегі сан.

Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтындағы «Орта білім» бөліміндегі ақпарат жаңа оқу жылы қарсаңында, 2025 жылдың 20 шілдесінде ғана жаңартылған екен.

«Орта білім беру жүйесі – Қазақстандағы адами капиталды қалыптастырудың өзегі, әрбір оқушының зияткерлік және тұлғалық дамуының негізгі кезеңі. Елде жалпы білім беруге ерекше мән беріліп, барлық бала үшін сапалы білімге тең қолжетімділік қамтамасыз етілуде. Негізгі көрсеткіштер: мектеп саны: 7 900-ден астам. Оқушылар саны: 3,9 миллионнан астам. Педагогтер саны: 406 мыңнан астам», – деп жазылған ведомствоның ресми веб-ресурсында.

Яғни, нақты санын тағы да көрсетпеген. Бір қызығы, жаңа 2025–2026 оқу жылының басталуына арналған хабарламасында Оқу-ағарту министрлігі енді мүлдем басқа санды ұсынып отыр.

«Елімізде жаңа оқу жылы басталды. Бүгін, 2 қыркүйекте Қазақстан бойынша 8 мыңнан астам мектеп 4,1 миллионнан астам оқушы үшін өз есіктерін қайта ашты. Ал, 363 461 бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады», – деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігі.

Бәлкім, апта сайын елде жаңа орта білім ұйымы ашылып жатқандықтан, білім ведомствосы олардың нақты санағынан жаңылған болар? Олай емес сияқты: министрлік жөнделген, жаңадан салынған мектептердің әрбір бірлігіне дейін біледі.

«Оқу-ағарту министрлігі заманауи әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Атап айтқанда, жаңа мектептер салу және ескі мектептерді қайта жаңғырту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылды», – дейді келе, ОАМ келесі нақты мәліметтерін жария етті:

• 127 мектеп реновация бағдарламасы аясында жөнделді, жыл соңына дейін олардың саны 245-ке жетеді;

• шамамен 1 000 мектепте модернизация жұмыстары жүргізілуде – олар заманауи жабдықтармен және функционалды оқу кабинеттерімен қамтамасыз етіледі;

• 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 57-сі «Келешек мектептері» (бұрынғы атауы – «Жайлы мектеп») ұлттық жобасы аясында салынған. Соның тең жартысы ауылдық елді мекендерде орналасқан.

«Бұл шаралардың нәтижесінде еліміздің білім беру жүйесі қосымша 100 мыңға жуық жаңа оқушы орнымен толықты. Бұл – мектептегі орын тапшылығын шешу және әр балаға жайлы білім алу жағдайын жасау жолындағы маңызды қадам», – дей келе, министрлік бәрібір мектептердің ақырғы, нақты санын атамады.

Депутаттардың пікірінше, мектептер санына қатысты дәл статистиканы жасыру немесе «мыңнан астам», «шамамен» деген сияқты айқындауыштарды қосып, бұлыңғырландыру шенеуніктерге цифрлармен қалағанынша «ойнауға» мүмкіндік береді.

Айталық, осы арқылы елдегі апатты және үш ауысымды мектептерге қатысты проблеманың шешілу мерзімін шетсіз-шексіз ұзартуға болады.

Мысалы, Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы 15 тамыздағы хабарламасында ведомствоның апатты, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқаны мәлімделген.

«2023–2024 оқу жылында 132 мың оқушы орны бар 154 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал, 1 қыркүйекке қарай тағы 194 орта білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, 65,6 мың орындық 52 мектеп іске қосылады. Осылайша, елде апатты жағдайда тұрған 12 мектеп пен үш ауысымды 29 мектептің мәселесі шешіледі», – делінген министрліктің дерегінде.

Содан бері екі жыл өтті, туған құлын құнан болды. Аталған мәселе сол бойы шешілмеді, керісінше, 11 облысты жайлаған былтырғы алапат су тасқыны, өрттер, жер сілкінісі, дауыл және басқа апаттар салдарынан қолданыстағы ескі мектептердің бір бөлігі тозып, қирап, бала оқытуға жарамсыз болып қалды. Апатты және үш ауысымды мектеп саны өсті.

Таяуда Үкімет отырысының қорытындысы бойынша журналистер үшін баспасөз мәслихатын өткізген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептердегі орын тапшылығын шешу мәселесі күн тәртібінде тұрғанын жеткізді.

«Жалпы алғанда Қазақстандағы үш ауысымды мектептердің саны азайды. Бұған дейін елде 100-ден астам осындай мектеп болған. Былтыр олардың шамамен 70-іне қатысты мәселе шешіліп, бүгінде 30-ға жуығы қалған. Биылғы жыл соңына дейін бұл мәселені толықтай шешу жоспарланып отыр. Жаңа мектептердің құрылысы үш ауысымды мектептер мәселесінен бөлек, апатты жағдайдағы мектептер мәселесін де шешуге мүмкіндік береді», – деп жаңа межені атап, жаңа уәде берді министр.

Егер шынымен, 2025 жыл соңында Қазақстанда үш ауысымды оқыту жойылса, балалар қауіпке бас тіге жүріп, түн ортасына қарай мектептен оралатын сорақы көрініс жойылса, онда бұл қазіргі министр Бейсембаевтың үлкен бір жеңісі болары даусыз. Себебі, оған дейінгі білім министрлерінің бірде бірі осы проблемадан елді арылта алмады.

Негізі, салада мүлдем ілгерілеушілік жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Министрліктің мәлімдеуінше, жаңа басталған оқу жылы орта білім беру жүйесінде біраз өзгеріс өмірге жолдама алды.

«Біріншіден, 1-шіден 11 сыныпқа дейін барлық оқушы үшін оқыту үрдісіне жасанды интеллект негіздері енгізілуде. Мұндағы басты мақсат – ЖИ базалық технологияға айналған бүгінгі қоғамда балаларды оны сауатты басқару мен қолдануға үйрету. ЖИ негіздері оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеріп енгізіледі. ЖИ қолдану мен оның этикасын түсіндіретін интерактивті модульдерден тұратын «Day of AI» онлайн курсы барлық оқушы үшін қолжетімді болады», – деп сендірді ведомство.

Екіншіден, бұрынғыдай өткенді қайталап, шәкірттердің іші пыспауы үшін 10–11 сыныптарда оқушыларға бастапқы кәсіби біліктілік беретін «ерте бейіндік бағдарлау» жүзеге асырыла бастайды.

Ал, заманауи жаңа стандарттарға сай білім беруге бағытталған «Келешек мектептерінде» (Жайлы мектептерде) 7-сыныптан бастап оқушыларға кәсіби бағдар беру қолға алынады. Осыған орай «Маман» деп аталатын арнайы платформа әзірленіп, жетілдіріліп жатқан көрінеді. Онда әр баланың икемі, қызығушылығы, мүмкіндігі ескеріліп, бағдарлау жұмыстары жүргізіледі.

Мемлекеттік және жекеменшік барлық білім беру ұйымдарына «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіледі. Ол биылғы жылы жалпыұлттық құндылықтар мен Абай философиясына негізделіп қайта жаңғыртылған.

Мектептер мен колледждерде буллингке қарсы «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылады. Сондай-ақ мектептерде ыстық тамақ ваучерлік жүйе арқылы, «Әлеуметтік әмиян» негізінде төленеді.

2025 жылдың соңына дейін балалардың мүддесін басты назарға алатын «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы қабылданады.


Дереккөз: inbusiness.kz