Алматыда мас мотоцикл жүргізушісі қаққан әйел ауыр халде ауруханада жатыр. Жол апаты түнгі бір жарымда болған. Жол жиегін жөндеп жатқан үш адамды мотоцикл жайпап өткен. Екі ер адам сол жерде қаза тапты
Алматыда мас мотоцикл жүргізушісі қаққан әйел ауыр халде ауруханада жатыр. Жол апаты түнгі бір жарымда болған. Жол жиегін жөндеп жатқан үш адамды мотоцикл жайпап өткен. Екі ер адам сол жерде қаза тапты, деп хабарлайды «КТК» арнасы.
23 жастағы мотоцикл жүргізушісі Рысқұлов даңғылымен келе жатып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Одан тоқтамай, жол үстінде тұрған үш жұмысшыны қағып кеткен. Жедел жәрдем келгенше, екі ер адам көз жұмды. Ал 47 жастағы әйел ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын «өте ауыр» деп бағалауда.
Ал қаза тапқан марқұмдардың бірі ауруханада жатқан әйелдің күйеуі екен. Полицейлердің айтуынша, 23 жастағы жігіт мотоциклді мас күйде жүргізген. Ол да ауруханада жатыр, полицейлер оның палатасын күзетіп отыр.
«Алматы полиция департаменті анықтау басқармасымен екі адамның өліміне әкеп соқтырған жол көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Мотоцикл жүргізушісі мас күйде болған. Жарақат алған жүргізуші де ауруханада жатыр, полицияның күзетінде. Шыққан сәтте қамауға алынады. Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды», — дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ