Чт. Янв 2nd, 2025

29 желтоқсанда Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккен қырғызстандық үш азамат өз еліне жол тартты.

Әкімдік мәліметінше, ұшақ апатынан зардап шеккен қырғызстандық үш азамат Осмонов Тилек, Эрлан Джунушуалиев және күні кеше жансақтау бөлімінен шыққан Асанов Ринат Ақтауға келген жақын туыстарымен бірге өз еліне қайтты.

Оларға Маңғыстау облыстық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетілді.

«Бүгінде үш азаматтың да жағдайы тұрақты. Зардап шеккендерді әуежайдан шығарып салуға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысты», — делінген хабарламада.

Әкімдік өкілдері қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөлімінде ұшақ апатынан зардап шеккен үш әзербайжандық азамат ем қабылдап жатқанын мәлім етті.

Апат себебін анықтау мақсатында Ақтауда үкіметтік комиссия жұмысын жалғастыруда.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады. Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.

Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.

Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды. 26 желтоқсанда Euronews агенттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.

Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына «Ковер» режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ