Чт. Ноя 21st, 2024

Облыста 30-ға жуық мұнайгаз компаниясында бос жұмыс орындары туралы хабарланбай келген.

Оны облыс прокуратурасы бос жұмыс орындарын бөлу және оларды ақпараттық порталда жариялау кезінде заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізу барысында анықтады. Қадағалау нәтижелері көрсеткендей, жұмыс берушілер еңбек жағдайлары мен төлемдерді көрсете отырып, бос жұмыс орындарының болуы туралы мәліметтерді жұмыспен қамту орталықтарына жіберу туралы талаптарды жиі сақтамайды екен.

Маңғыстау облысының прокуратурасының хабарлауынша, соңғы 2 жылда прокурорлық тексерулер мен талдаулардың нәтижелерімен жұмыс берушілердің, яғни мұнай-газ саласының 30-ға жуық компаниясы бос жұмыс орындары туралы хабарламаудың 1 мыңнан астам фактісі анықталды.                                                                                                     

«Прокуратура органдары осы фактілер бойынша «немқұрайлы жұмыс берушілерді» әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қадағалау актілерін енгізді. Әкімшілік бұзушылықтар туралы Кодекстің 98-бабына сәйкес бос жұмыс орындарының болуы туралы мәліметтерді халықты жұмыспен қамту орталығына жібермеу, уақтылы жібермеу әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Бұдан басқа, жұмыс берушілер еңбек шарттары туралы мәліметтерді бірыңғай есепке алу жүйесіне енгізу жөніндегі міндеттерді толық көлемде орындамайды. Маңғыстау облысының прокуратурасы меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс берушілерді заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтауға және азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуге шақырады»,- делінеді прокуратура хабарламасында.                                                                                                                                                                   


Дереккөз: Inbusiness.kz