Вт. Ноя 18th, 2025

Ресейде қауіпті скимпфляция таралуда.

Нарықты қымбатшылық жайлағанда өндірушілер «шринкфляцияға» бой ұратыны мәлім. Америкада «даунсайзинг» деп аталатын бұл тәжірибеде бұрынғы бағаны сақтап қалу үшін тауардың салмағы, көлемі немесе саны азайтылады.

Мысалы, бұрын салмағы 100 грамм болған шоколад шринкфляция кезінде 90 немесе 80 грамға дейін кемиді. 1 литр сүт орнына 900 грамдығын сата бастайды. Бірақ бағасы бұрынғы күйде қалуы шарт. Яғни, осы арқылы компаниялар халыққа елеусіз күйде бәрібір баға көтереді.

Шринкфляцияға өндірушілер шикізаттың, тасымал мен логистиканың, коммуналдық қызметтер тарифінің артқан шығысын еңсеру үшін амалсыз барады. Сонымен бірге, өнімін қымбаттатып, тұтынушысынан айрылып қалмаудың қамын жасайды.

«Газета.ру» жазуынша, РФ-та сонау кеңес заманынан болған шринкфляцияға енді скимпфляция қосылып отыр. Зерттеушілер ағылшынның «to skimp» – үнемдеу дегенді білдіретін сөзінен шығарған бұл термин өнімнің бағасын сақтап қалу үшін оның сапалы ингредиенттерін баламаларымен алмастыруды қарастырады.

«Ресейде скимпфляция кең таралуда. Яғни, сіз бұрын қандай да бір брендпен сапалы, дәмді азық-түлікті алып келсеңіз, енді оның орнына дәл сол бағада сапасызын алуға мәжбүрленесіз. Өйткені қымбатшылыққа шыдамаған өндіруші сапалы құрамдас бөліктерін сапасыз арзанымен алмастыруға ұйғарды. Скимпфляция – ресейлік тұтынушылық нарықтың күн өткен сайын басым, үстем элементіне айналып келеді. Ол бұрыннан бар шринкфляция эффектісін толықтырды және ушықтырды», – деді ресейлік порталға сұхбатында РФ Халықаралық экономикалық байланыстар институтының аға оқытушысы Илья Мосягин.

Оның мәліметінше, шринкфляция, яғни, өнімнің көлемі мен салмағының қысқаруы – үнемі ұлғайған шығындарды оңтайландыру бағытындағы ресейлік бизнестің бірінші қадамы болды. Ал, сапалы ингредиенттерді анағұрлым арзанқол аналогтарына ауыстыру – келесі кезеңге айналды және енді ресейлік нарықты жаппай жайлайтын болады.

Ғалым бұл үрдістің әсіресе, тамақ өнеркәсібінде және қоғамдық тамақтандыру саласында кең таралғанына назар аудартты. Мысалы, кеспеде бұрын 8 тілім ет болса, енді тек төртеу ғана немесе өте жұқалап алтауын ғана салады.

Шұжық-колбасада еттің үлесі тіптен төмендейді, орнын соя, ұнтақтап тартылған мал сүйегі, крахмал және басқа қоспалар басады. Қымбат мал майын өсімдікті баламаларына өзгертеді. Басқа да амал-айла қолданылады.

Оның пікірінше, бұл үрейлі құбылыс бірінші кезекте табысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған тұтынушылар санатына соққы береді. Олар үйреншікті бұқаралық брендтердің сапасы күрт нашарлағанда, бағасы қымбаттаған, алайда жоғары сапасын сақтаған премиалды маркаларға дереу көшіп ала алмайды.

Мосягин ресейліктерге азық-түлік тауарын алмас бұрын оның құрамына көз жүгіртуге кеңес берді. Өйткені тамақ өнімінің құрамын нақты көрсетуді талап ететін заң жойылған жоқ, әзірге күшінде.

Сондықтан өндірушілер құзырлы органдардың қырына ілікпеу үшін құрамын біршама ашық жазуға тырысады.

Әйтсе де, ғалым іс жүзінде сапалы ингредиенттерді сапасыз арзанына алмастырғанымен, кейбір өндіруші «қағаз жүзінде», яғни, тауардың заттаңбасында мұны жария етуді «репутациялық тәуекел тудырады, беделге дақ түсіреді» деп санап, жазбайтынын да жеткізді. Ендеше егер ұзақ жыл пайдаланған өніміңіздің кенеттен дәмі жаман жаққа өзгерсе, күрт нашарласа, одан бас тартып, сапалысын іздеген жөн.

Ресейлік кәсіпкер Дмитрий Потапенко svoboda.org порталына сұхбатында шринкфляция мен скимпфляцияның белең алуының негізгі себебі ретінде – бизнеске әкімшілік, салықтық, несиелік және қаржылық жүктеменің артуын атады.

«Орталық банктің шешуші ставкасы жоғары болып қалуда, салдарынан бизнес арзан кредит ала алмайды. Бұған келесі жылы тағы артатын салықтар қосылады. Кәсіпкерлер оған қазірден дайындалуда. Өндірушілерге табыстылықты сақтап қалу маңызды. Шығындар тез өсуде. Содан олар әмбебап тәсілдерге жүгінеді. Мысалы, Батыс елдерінде бұл кері құбылыстар кең қолданылмайды. Өйткені Еуропада экономика басқаша құрылған, онда инфляция әлдеқайда төмен және қымбатшылыққа сұрапыл серпін бермейді. Ресейде нарықтық тетіктер сол бойы жетіле алмады және бүгінде олар тапшы. Бәсекелестік деградацияға ұшырады», – деді Потапенко.

Кәсіпкер мемлекеттен шағын және орта бизнеске қолдау азайғанына назаланды: бүкіл мемлекеттің көмектің шамамен 80%-ы ірі агрохолдингтерге беріледі.

Онда неге ресейлік ортанқол фермерлермен қатар ірі агрохолдингтер де бағасын көтеруде немесе шринкфляция мен скимпфляцияға бой ұрды?

Ресейлік экономист Наталья Зубаревичтің түсіндіруінше, мемлекеттен қуатты қолдау көргенімен, санкция және соғыс жағдайында агрохолдингтердің де шығыны тоқтаусыз өсуде.

Ресей банкі төрағасының кеңесшісі Кирилл Тремасов ресейліктердің жалақысы «өте тез қарқынмен өсіп келе» жатқанын және 2025 жылдың басынан бері кем дегенде 15% жоғарылағанын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, қарсыласының ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына, мұнай өнімдерінің қоймасына, жылу-электр станцияларына үстемелете соққы беруі нәтижесінде РФ-та бензин, дизель, жанар-жағармай және электр энергиясының бағасы күрт көтерілді.

«Фермерлердің, агрохолдингтердің, барлық өндірушілердің өнімдерінің өзіндік құны үнемі ұлғаюда. Бұл ауыртпалық ақыр соңында тұтынушының мойнына жүктеледі. Мәселен, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің бағасы биыл өсімдік шаруашылығында 19%-ға, мал шаруашылығында – 9%-ға өсті. Неге? Себебі, электр қуатының, жылу мен будың, ЖЖМ-нің және басқасының құны ең кемі 15%-ға жоғарылады. Автотасымалдың тарифтері 22 пайызға артты. Өндірушілер осы шығындарының бәрін бағаға қосады», – деді экономист Зубаревич.


Дереккөз: inbusiness.kz