Құзырлы министрлік әлеуметтік тұрғын үй бағасына ғана әсер ете аламыз деп отыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баспана бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
«Біз министрлік ретінде жеке құрылыс компанияларының бағасына ықпал ете алмаймыз. Бұл нарық заңы ғой. Егер сұраныс өсетін болса, онда баға да өзгереді. Пәтерлерге ондай көп сұраныс болмаған жағдайда, онда баға да сол бағытта өзгереді. Қазір бағаға болжам жасағаным дұрыс емес. Себебі қазір нарықта ажиотаж көріп отырмыз. Бәлкім, пәтерлерін тезірек сатқысы келетін құрылыс компаниялары нарықта дүрбелең туғызуы мүмкін. Салдарынан халықта баспананы тезірек сатып алу керек деген ой пайда болады», – деді Ерсайын Нағаспаев Үкімет үйінде өткен баспасөз брифингінде.
Бағаға әрдайым ажиотаждың себебінен пайда болған сұраныс әсер етеді, деді ол.
«Бағаның күрт көтерілуіне негіз көріп отырған жоқпын. Мен бұл жерде нарықтық механизмдер туралы айтып отырмын. Біз әлеуметтік тұрғын үй бағасына әсер ете аламыз. Мұнда бағаны бақылауда ұстап, баспана бағасының өсуіне жол бермейміз», – деп атап өтті министр.
Дереккөз: inbusiness.kz