Ср. Июн 26th, 2024

Оның орнына Үкімет су басу қаупі төнген өңірлер тұрғындарының мүлкін міндетті сақтандыруды енгізуге шешім қабылдады. 

Петропавл қаласында, баспаналары су астында қалған тұрғындардың жаңа үй алу салтанатында еңіреп жылаған видеосын шетелдік ақпарат құралдарына дейін көрсетті. Бұл жағдай небары 20 мың рубль өтемақы алған ресейлік жапа шегушілердің қызғанышын тудырды.

Айта кету керек, тасқын бүлдірген 13 мыңдай баспананы қайта салып шығуға немесе күрделі жөндеуге «жыртық-тесік» бюджеттің жағдайы келмейді: республикалық бюджеттің тапшылығы онсыз да 3 триллион теңгеге жетті. Сондықтан шенеуніктер топан судан зардап шеккендерге үй салып беруге бизнес пен инвесторларды мәжбүрледі.

Мысалы, бір ғана Петропавлда Kaspi АҚ есебінен 300 үй, Kazakhmys корпорациясының қаржысына 100 үй тұрғызылуда. KAZ Minerals та көмекке келіп, бастапқы кезеңде 200 пәтер сатып алады. Әрине, «Қазақстан халқына» қоры да қаржы бөлуде, алайда бұл қордың өзі ештеңе өндірмейді, ол да ірі бизнес пен олигархтардан «ақша сауумен» айналысатыны жасырын емес.

Жалпы, осы аталған демеушілер қызыл судан зардап шеккендерге жәрдемдесу үшін құрылған Qyzyljar Asar корпоративтік қорына шамамен 60 миллиард теңге аударған. Салыстырсақ, СҚО орталығы Петропавл қаласының бүкіл жылдық даму бюджеті 68 миллиард теңге ғана. Тұтастай алғанда, бір Солтүстік Қазақстан облысында жарамсыз болып қалған инфрақұрылымды қалпына келтіруге, жылжымайтын мүліктерді жөндеуге және жаңасын сатып алуға кем дегенде 75 миллиард теңге қажет. Бұл ретте биылғы 2024 жылы жалғыз СҚО-ны емес, еліміздегі 20 өңірдің басым көпшілігін – 11-ін су басқанын ұмытпаған жөн.

Қалай болғанда, мемлекет жұртшылықты қиындықпен жалғыз қалдырмады: бизнес есебінен шенеуніктер өз ұпайын түгендеді.

Бірақ бұл тек биылғы соңғы көрініске айналуы, мемлекет бастап, жылу жинап, қолдау тәжірибесі тарих қойнауына кетуі мүмкін. Бибігүл Жексенбай бастаған бір топ Сенат депутаты Үкіметке қызыл суға қарық болған қазақстандықтарды баспанамен қамту жүгін тұрғындардың және сақтандыру компаниялардың иығына арту бастамасын көтеріп, Үкіметке жүгінген еді.

«Биыл еліміздің бірқатар өңіріне қарғын су басып, 13 мыңға жуық жеке тұрғын үй су астында қалды. Үкімет пен жергілікті билік оның салдарын жоюдың кешенді шараларын ары қарай жүргізіп жатыр. Алайда мұндай төтенше жағдайдағы шығындарды өтеудің мемлекеттік бюджетпен қатар, басқа жаңа жолдарын қарастыру – уақыт талабы. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Ол: «Біз алдағы уақытта азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарын қарастыруымыз қажет. Дамыған елдерде апаттан келген шығынның басым бөлігін сақтандыру компаниялары өз мойнына алады» деген болатын», – деп дәйектеді Б.Жексенбай.

Ол әлемдегі климаттық кризистің күшеюіне байланысты апаттар саны да артатынын, сондықтан халықтың өз жағдайын өзі ойлауы өзекті бола түсетінін білдірді. БҰҰ мәліметінше, соңғы 20 жылда дүниежүзінде табиғи апаттар – жер сілкінісі, су тасқыны, құрғақшылық және дауылдардың саны екі есе өскен. Қазақстанның 75%-ы дауыл, көшкін, сел, су тасқыны, жер сілкінісі, орман және дала өрттері сияқты табиғи апаттар қаупі жоғары аумаққа жатады екен.

«Халықаралық тәжірибеде мұндай табиғи және техногендік апат аймақтары бар елдерде сақтандыру қорлары, мембағдарламалар, міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Түркияда 1999 жылдан апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру бағдарламасы TCIP (Turkish Catastrophic Insurance Pool) іске қосылып, оның аясында мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылған. Жылжымайтын мүліктің шамамен 50%-ы осы міндетті бағдарламамен қамтылған. Жапонияда 1966 жылы, яғни 58 жыл бұрын жер сілкінісін сақтандыру бағдарламасы іске қосылды. Осылайша, Жапония үй шаруашылықтары үшін мүлікті қорғаудың өте жоғары деңгейін қамтамасыз етті», – деп бастаманы қолдауға қолайлы халықаралық тәжірибені ғана алға тартты сенаторлар, Үкіметке жолдаған өз ұсынысында.

Айта кету керек, шетелде сақтандыру компанияларының ешқайсысы зардап шеккендерге жаңа үй салып бермейді. Тек сақтандыру төлемдерін төлейді.

«Ешбір ел өз аумағында болған апат залалын дербес өтей алмайды. Қазақстанда отандық сақтандыру жүйесі дамымағандықтан ТЖ кезінде келтірілген залалды олардың өтеуі өте сирек. Мұндай жағдайда зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және олардың қаржылық мәселелерін шешу ауыртпалығын түгел дерлік жергілікті атқарушы органдар мен ел Үкіметі көтереді», – деп қамығады сенаторлар.

Бірақ мемлекет те халқына көмектесу үшін құрылмады ма? Тасқыннан зардап шеккендер суға қарық болғанға дейін баспаналары үшін мемлекетке ондаған жыл бойы салық төлеп, бюджетті толтырып келді.

Сақтандыру ісінің маманы, андеррайтер Вадим Рожин бұл жерде Қазақстан халқының кедей екендігін ұмытпаған жөн дейді.

«Су басқан өңірлерде тұрғындарға келтірілген залалды бағалауға тартылдық. Байқап тұрсақ, ауыл-аймақта халық кедей тұрады. Ел бір мойнында бірнеше несиесі барын айтып, бізге шағымданды. Жалпы, бір қабатты жатаған үйді су басудан, жер сілкінісінен, табиғи апаттан сақтандыру жылына шамамен 70–80 мың теңгеден көп қаржыға түсуі мүмкін. Сонша қаржыны өңірлерде ауылдықтар, тіпті қалалықтар көтере алмайды. Бағалау кезінде көптеген фактор – үйдің қай өңірде орналасқаны, салынған жылы, тұрған жері, ауданы, қолданылған құрылыс материалы, тәуекелдер және басқасы ескеріледі. Саманнан салынған үйлер көп. Оның үстіне қарғын судың ықтимал жолында орналасқан үйлерді сақтандыру, тәуекелінің жоғары болуына орай қымбатқа түседі», – деді В.Рожин.

Сондай-ақ мемлекеттік болсын, жеке болсын бірде бір сақтандыру компаниясы 1970-шы жылдардан ерте тұрғызылған үйлерді сақтандырмайды екен. Ал, ауыл-аймақта сондай баспананың үлесі басым. Бұдан бөлек, сақтандырылуы үшін тұрғын үйдің құжаты толық және сәйкес болуға тиіс. Бұл критерий де көптеген баспананы сақтандыру аясынан тыс қалдырады. Себебі, әсіресе, ауылдарда халық үй жанындағы жер әчаскесінде жаңадан отау құрған баласына, не туысына үй, «времянка» салып беретін жағдайы жиі кездеседі. Ондай баспана үшін мемлекеттен рұқсат алынбайды, тиісінше, құжатталмайды.

Сарапшы жылжымайтын мүлкін табиғи апаттардан міндетті сақтандыруға халықты мәжбүрлеу бастамасын шенеуніктер жиырма жылдан бері талқылап келе жатқанын айтады. Депутаттар ұсынып отырғандай, табиғи және техногендік апаттардың салдарларын жоюға бағытталған арнайы сақтандыру қорын құруды ол қолдамайды.

Өйткені мұны шенеуніктердің және олардың жақын-жуықтарының ел қаржысын талан-тараж етудің тағы бір тетігіне айналдырып алмасына кепіл жоқ. Өйткені қаптаған қорлар Парламентке бағынбайды, заң бойынша Жоғарғы аудиторлық палатаның ревизорлары, мемлекеттік аудиторлар оларды тексере алмайды.

Сарапшы биылғыдай су астында қалған 13 мыңдай үйге төлем жасауды бірде бір қазақстандық сақтандыру компаниясы көтере алмайтынын, дәрменсіз жағдайға жетіп, банкрот болатынын айтады. Республикада сақтандыру нарығы өте шағын.

2024 жылдың алғашқы екі айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүлікті ерікті сақтандыру шарттары 77,3%-ға өскен. Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көш бастап тұр. Оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4% келеді. Тіпті зілзала ошағындағы Алматының үлесі небәрі – 14,85% ғана. Cу басқан аймақтарда жеке мүлікті сақтандырудың деңгейі өте төмен – 1%-дан да аз.

Қазақстандықтар баспананы көбіне мәжбүрлі түрде сақтандырады, мысалы, ипотека рәсімдегенде. Себебі, бұдан пайда да шамалы: ерікті түрде сақтандырылған азаматтар сақтандыру жағдайы туындағанда еш көмек ала алмағанына, компаниясы алдап кеткеніне жиі шағымданады.

Бірақ ел Үкіметі сенаторлар айтпай-ақ, тасқыннан келген залалдың бір бөлігін елдің мойнына арту жолдарын бұрыннан қарастырып жатқан көрінеді.

Бұл жұмыс Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүктелген. Апатты оқиғалар туындағанда залалды өтеу моделін айқындау үшін осы агенттік төрағасының 2024 жылғы 11 сәуірдегі №Б-136 бұйрығымен Ұлттық банктің, Төтенше жағдайлар, Ұлттық экономика, Қаржы, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің және әкімдік өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.

Биылғы 21 мамырда осы аталған ведомстволардың барлық өкілдерінің, сондай-ақ Дүниежүзілік банк өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының бірінші отырысы өткізілді. Отырыста Дүниежүзілік банк сарапшылары табиғи апаттар тәуекелдерін қаржыландыруды және сақтандыруды енгізу тәжірибесі бойынша, соның ішінде апатты облигациялар (CAT bonds) шығару бойынша презентациясын ұсынды. Яғни, бұл істен халықаралық банк те табыс табатынға ұқсайды.

Сондай-ақ Үкімет бұл істі ілгерілету үшін халықаралық консультантты жалдады. Соны тарта отырып, техникалық көмек шеңберінде Қазақстандағы апатты тәуекелдерден сақтандыру моделін айқындау бойынша Азия даму банкімен жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы Премьер Олжас Бектенов хабарлады.

«Апатты тәуекелдерді өтейтін мүлікті сақтандырудың қолданыстағы ерікті шарттарын талдау мақсатында ағымдағы жылғы сәуірде Қаржы нарығын реттеу агенттігі осындай сақтандыру шарттарының талаптарын, сақтандыру тарифтері мен өтемдерін, сақтандыру шарттарын жасасу кезіндегі андеррайтингтің ерекшеліктерін, сондай-ақ оларды қайта сақтандыру шарттарын тексерді. Бұл талдау апатты оқиғалар басталған жағдайда залалды өтеу үшін еліміздің сақтандыру нарығының сыйымдылығын айқындауға мүмкіндік береді. Халықаралық практика көрсеткендей, бірде-бір ел халықаралық қайта сақтандыру ұйымдарының көмегінсіз өз аумағында болып жатқан апаттар қаупінен келтірілген залалды өз бетінше «жаба» алмайды. Қайта сақтандыру – апатты оқиғалар қаупі сияқты ірі тәуекелдерді қайта бөлудің жалпы қабылданған құралы», – деді Олжас Бектенов.

Оның мәліметінше, халықаралық тәжірибені зерделеу және Қазақстанның сақтандыру нарығын талдау қорытындысы бойынша жұмыс тобы «Қазақстанда апатты оқиғалардан міндетті сақтандыруды енгізу» туралы шешім қабылдады.

Тиісті заң жобасын Қаржы нарығын реттеу агенттігі әзірлейтін болады.

Сонымен қатар, бұл агенттік басқа да іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр: біріншіден, меморгандардың жауапты орындаушыларын айқындай отырып, «Апатты оқиғалардан сақтандыруды енгізу жөніндегі жол картасын» әзірлеп, бекітеді.

Екіншіден, апатты оқиғалардан сақтандыру моделін бекітеді. Үшіншіден, апатты оқиғалардан сақтандыруды енгізу бойынша заңнамалық түзетулерді, нормативтік құқықтық базаны дайындайды.


Дереккөз: Inbusiness.kz