Бүгіннен бастап қауымдастықты басқаратын Мағзұм Мырзағалиевтің кандидатурасын Тимур Құлыбаев ұсынды, деп нақтылады бірлестік баспасөз қызметі.
Қауымдастық төрағасының лауазымы қоғамдық бастамаға негізделгендіктен жалақы қарастырылмайтыны атап өтілді. KAZENERGY-дің 36-шы бетпе-бет отырысы қалай өткенін мына жерден оқи аласыз, деп жазады Inbusiness.kz сайты.
«Теңізшевройл» бас директоры Кевин Лайон, «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов пен басқа да сөз сөйлеген спикерлер KAZENERGY компаниясының KEBCO отандық мұнай сортын таныту, жетілген кен орындарын қолдау бойынша салық реформаларын жүргізу, мұнай-газ және энергетика саласындағы проблемалық мәселелерді шешу үшін заңнаманы жетілдіру және елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту сияқты маңызды мәселелерге қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Қауымдастық тарихына көз салар болсақ, оның кірпішін қалаған бастамашылардың бірі Тимур Құлыбаев еді. Ірі салалық қауымдастық 2005 жылы құрылды. Ол мұнай-газ бен энергетика нарығының 50-ден астам ірі компанияларын: Chevron, Shell Kazakhstan, Eni Spa, PetroKazakhstan, Total, «Лукойл Оверсиз», «ҚазМұнайГаз», «ҚазТрансОйл», «ҚазТрансГаз», «ҚазМұнайТеңіз», KEGOC, «ҚМГ Энерго» және басқаларды біріктірді. Кейінірек KAZENERGY қатысушыларының саны 80-ге дейін жетті.
KAZENERGY энергетика саласына қатысушылардың мүдделерін үкіметтік деңгейде қорғай алатын алғашқы коммерциялық емес ұйым болып тарихта қалады. 2008 жылы қауымдастық Дүниежүзілік мұнай кеңесіне (ДМК) кіріп, әлемдік беделді құрылымда саланың мүдделерін білдірді. ДМК мүшелігі Қазақстанға ғылыми технологиялық жаңалықтар саласындағы жедел ақпаратқа ие болып, әлемдегі мұнай-газ саласының құбылмалы ағынынан қалыс қалмауға мүмкіндік берді.
2014 жылы Қазақстан алғаш рет Энергетикалық Хартия жөніндегі конференцияны — халықаралық энергетикалық секторда заңнамалық ережелерді белгілейтін халықаралық ұйымның жоғары басқарушы органын басқарды.
Бұдан басқа, қауымдастық көптеген жылдар бойы IEA халықаралық энергетикалық агенттігімен және IRENA жаңартылатын энергия көздері агенттігімен ынтымақтасып келеді, сондай-ақ Дүниежүзілік энергетикалық кеңесте (ЖЭС) Ұлттық комитет ретінде Қазақстан атынан мүшелік етеді.
Қауымдастық геологиялық-геофизикалық деректердің сапасын арттыруға, талдау мен модельдеуге, ресурстарды бағалауға, деректерді дайындауға және әлеуетті инвесторлармен өзара іс-қимылға бағытталған геологиялық саланы дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын әзірледі.
Сонымен қатар қауымдастық әлеуметтік жобалардан басқа адами капиталды дамытуды да назардан тыс қалдырмайды. Осылайша, KAZENERGY Білім беру бағдарламасына бастамашылық жасап, ЖОО мен колледждердің 4,5 мыңға жуық студентіне гранттар мен стипендиялар сыйлады.
Ал бүгінгі басты жаңалық, Қауымдастық басшылығының ауысуы — жаңа тарихи кезеңдегі KAZENERGY стратегиялық даму жоспарының бір бөлігі ғана. Сол арқылы қол жеткізілген табыстарды нығайтудан бөлек, мұнай-газ саласын одан әрі дамыту үшін мемлекеттің жаңа бастамаларын енгізу көзделеді. Сонымен қатар мұндай қадам — саладағы ашықтық принципінің айғағы.
Ал мұнай-газ саласына халықаралық жобаларды іске асыру тұрғысынан орасан зор әсер еткен геосаяси дағдарысты ескерер болсақ, KAZENERGY қауымдастығының жинақталған көп жылдық тәжірибесі мен беделі туындауы мүмкін барлық сын-қатерлерді тиімді шешуге ықпал ете алатыны сөзсіз, бұл мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мәселесінде өте маңызды.
Бұған дейін KAZENERGY Қазақстандық мұнай-газ және энергетикалық кешен ұйымдары қауымдастығының төрағасы болып Мағзұм Мирзағалиев сайланғанын жазғанбыз.
дерекөз: inbusiness.kz