Кеше Inbusiness.kz мемлекетке сатқындық жасағаны үшін 18 жылға түрмеге қамалған бұрынғы Үкімет басшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов ел Президенті Қ.Тоқаевтан өзіне кешірім жасауды сұрағанын хабарлады.
Ақпарат құралдары бұл деректі Informburo.kz-ке сілтеме жасай отырып, таратты. Ол өз кезегінде ақпаратты ҰҚК-дан алғанын жазды.
Ведомство Мәсімов Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім өтінген өз өтінішін биылғы наурызда бағыттағанын нақтылады.
ҰҚК қазіргі уақытта сотталған Мәсімовке қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша «аса ірі көлемде пара алды» және 218-бабы бойынша «қылмыстық жолмен алынған ақшаны, өзге мүлікті заңдастырды, жылыстатты» деген қосымша айып тағылғанын және сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.
Сотқа дейінгі жаңа тергеудің басталуына байланысты Кәрім Мәсімов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаулысы негізінде колониядан елордадағы ҰҚК тергеу изоляторына ауыстырылды.
Тоқаевтан кешірім жасауды сұраған хатын да изолятордан жібергені белгілі болды.
Бұл ретте 366-шы бап сотталғанның мүлкін тәркілеп, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. 218-ші баптың ең жоғарғы жазасы – он жыл абақтыға жабу.
Заңгер Ержан Асыл Мәсімовқа кешірім жасау-жасамау – тек Президенттің құзырындағы мәселе екенін түсіндірді.
«Егер Мәсімов кешірім жасауды сұраса, онда өзіне сотпен тағылған айыпты мойындағаны. Кешірім жасауды сотталғанның өтінішхаты негізінде Қазақстан Президенті жүзеге асырады. Мәсімов өтінішхатын бұдан үш айдай бұрын, наурызда жолдағаны мәлімделді. Бірақ өтінішті қарауда Мемлекет басшысын ешкім асықтыра алмайды. Президент әбден ойластырып, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, сарабдал шешім қабылдауға тиіс. «Тоқаев бұл өтінішті құп алса, Мәсімов бірден бостандыққа шығады» деген сөз жоқ. Кешірім жаза мерзімін қысқарту, жазаның неғұрлым жеңіл түрімен алмастыру немесе қосымша жаза түрінен босату түрінде де болуы мүмкін», – деді ол.
Рәсім бойынша Мемлекет басшысының алдына тиісті шешім жобасын қоймас бұрын, Президент жанындағы Кешiрiм жасау мәселелерi жөнiндегi комиссия тиісті материалдарды егжей-тегжейлі қарайды.
Комиссияның шешiмi оның отырысына қатысқан мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданады. Сотталған адам үшiн неғұрлым қолайлы мәселе дауысқа бiрiншi болып қойылады. Комиссия мүшелерiнiң дауыстары тең бөлiнген жағдайда төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады. Комиссияның шешiмi хаттамамен ресiмделiп, оған отырысқа қатысқан барлық мүшелерi қол қояды.
Айтпақшы, сарапшының айтуынша, Кәрім Мәсімов алдын ала құзырлы органдардың «ақ батасын» алуы керек: комиссияға Жоғарғы сот төрағасы, Бас прокурор және Ішкі істер министрі оған кешірім жасаудың орындылығы не орынсыздығы туралы қорытындыларын бір айдан кешіктірмей беруі шарт.
Бұл шешімді қарай келе, Қ.Тоқаев кешіруден бас тартуға да құқылы.
«Жалпы, билік Мәсімовке онсыз да рақымшылық танытты. Біріншіден, оған былтыр тағылған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша жалпы саны 39 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған еді. Содан жиынтығында 18 жылға сотталды. Екіншіден, 2023 жылғы маусымда Астананың қылмыстық істер бойынша апелляциялық соты Мәсімов пен оның бұрынғы қос орынбасарына үкімді жұмсартып, жазаларын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеден орташа қауіпсіз мекемеде өтеуге ауыстырды», – деп еске салды сарапшы.
Яғни, заңгердің айтуынша, Мәсімов пен оның экс-орынбасарлары қатаң режимдегі колониядан жалпы режимдегі колонияға көшірілу арқылы біршама жеңілдікке қол жеткізді. Өйткені Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, орташа қауіпсіз мекемелерде «дәрежесі бірінші оң мінез-құлықты» сотталғандар жаза мерзімінің кемінде алты айын өтеген соң, жүктелген еңбекке адал қараса, жазаны өтеудің «дағдылы жағдайларынан» «жеңiлдетiлгеніне» ауыстырылады.
Бұл жерде жазасын дағдылы жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады. Олар:
- ай сайын тамақ өнімдерін, бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға бақылау шоттарындағы қаражатты 6 АЕК-ке (2024 жылы 22 152 теңге) дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
- бір жыл iшiнде сырттан 6 сауқат-сәлемдеме, 6 бандероль алуға;
- 1 жыл ішінде қалаған адамымен, жұбайымен 6 қысқа мерзімді және 2 ұзақ мерзімді кездесуге құқылы.
Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар:
- ай сайын тамақ өнімдерін, бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға бақылау шоттарындағы қаражатты 12 АЕК-ке (44 304 теңгеге) дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
- 1 жыл ішінде сырттан 12 сауқат немесе сәлемдеме және 12 бандероль алуға;
- 1 жыл iшiнде 6 қысқа мерзiмдi, 6 ұзақ мерзімді кездесу алуға құқылы.
Жазасын жеңiлдiктi жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар тіпті түрмеден сыртқа шыға алады: мекеме бастығының қаулысы бойынша оларға тәулік бойы бақылауда және қадағалауда болып, күзетілетін периметрдің шегінен тыс жерде, бірақ мекемеге іргелес жатқан аумақтың шекарасы шегінде тұруға және еркiн жүрiп-тұруға рұқсат етіледі.
«Апелляциялық саты К.Мәсімовке, Ә.Садықұловқа және Д.Ерғожинге қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін жазаны қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеден орташа қауіпсіз мекемеде өтеу бөлігінде өзгертті. ҚК-нің 6-бабына сәйкес, сотталғандардың жағдайын жақсартатын заң кері күшке ие және соттар оны қолдануға міндетті. Парламент қабылдаған, 2023 жылғы 21 мамырда күшіне енген заңнамалық өзгерістерге сәйкес, бұрын бас бостандығынан айрылмаған, қасақана қылмыс жасағаны үшін 2 жылдан көп мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, жасаған қылмысының ауырлығына қарамастан, жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтеу тағайындалады», – деп түсіндірді бұл жеңілдіктің мәнісін Астана қалалық соты.
Бұдан бұрын, 2023 жылғы сәуірде сот Кәрім Мәсімовты Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлімі бойынша мемлекетке опасыздық жасады, сондай-ақ билікті күштеп басып алуға талпынды, билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдаланды (362-бап) деп таныды. Тиісінше, Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталды.
Бұған қоса, сот оның дүние-мүлкін тәркілеуге үкім шығарды және мемлекеттік қызметке тұруға өмір-бақиға тыйым салды.
56 жасар Кәрім Мәсімов ҰҚК-ны 2016 жылғы 8 қыркүйектен бері басқарған болатын. Оның алдында 2007–2012 және 2014–2016 жылдар аралығында Премьер-министр болды. Соның аралығында Президент Әкімшілігінің басшысы, Мемлекеттік хатшы қызметтерін атқарды. 2022 жылғы 5 қаңтарда лауазымынан, ертесіне – бас бостандығынан айрылды.
Қанды қаңтар оқиғаларының бір жылдығында Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеме жасап, 2022 жылғы 5 қаңтарда ҰҚК басшысы ретінде Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары «Алматыда, Қызылордада, Алматы облысында ҰҚК департаменттерінің ғимараттарын тастап шығу туралы бұйрық бергенін» жария етті. Сонымен қатар «Алматы және Жамбыл облыстары полициясының ғимараттарын да тастап кеткен». Салдарынан, Бас прокурордың дерегінше, «олардан шамамен үш мың бірлік қару ұрланған, оның үлкен бөлігі әлі күнге табылмады».
ҰҚК қызметкерлері Кәрім Мәсімовты 6 қаңтарда тұтқындады. Ізінше оның бұрынғы екі орынбасары Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожиннің қолдарына кісен салынды.
Халықаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Кәрім Мәсімовты түрмеден босатуды бұдан бұрын Біріккен ұлттар ұйымындағылар сұраған екен. БҰҰ-ның жосықсыз тұтқындаулар жөніндегі жұмыс тобы Қазақстан Үкіметін «К.Мәсімовты дереу және шартсыз босатуды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауға» үндеген көрінеді.
Жалпы, кешіру-кешірмеу туралы шешім қабылдауда Президент заң жүзінде мерзім бойынша шектелмеген. Комиссияның ұсыныстарын қарау нәтижелері бойынша Қ.Тоқаев кешірім жасау туралы жарлық шығарады, онысы ешбір тараптан шағымдануға жатпайды.
Егер Тоқаев кешірім жасау туралы өтінішхатты қабылдамаса, комиссияның жұмыс органы, яғни Президент әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттік құқық бөлімі оның шешімі туралы К.Мәсімовты хабардар ету үшін мекемеге, жазаны орындайтын органдарға, ішкі істер органдарына жазбаша хабарлайды.
Дереккөз: Inbusiness.kz