Вс. Ноя 24th, 2024

Әзірбайжан БАҚ пікірінше: Тимур Құлыбаев — Орталық Азиядағы ең ірі меценат. Қайырымдылыққа 260 миллион доллардан астам қаражат жұмсады.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 14 ақпан күні өткен ұлықтау рәсімінде Түркі әлемі елдерімен ынтымақтастықтың маңызды екенін баса айтты. Ол өз сөзінде түркі әлемін «отбасы» деп, Әзербайжанның түркі мемлекеттері ұйымына мүше барлық елмен «бауырластық қатынастарын» атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Позиция басылымына сілтеме жасап.

«Бұл – үлкен география, үлкен аумақ, үлкен әскери күш, алып экономика, табиғи ресурстар, көлік жолдары, жас тұрғындар, өскелең ұрпақ және біз – тегі бір, тамыры бір халықтармыз», – деді Ильхам Әлиев.

Әзербайжан көшбасшысының экономика, ресурстар және көлік саласын атап өтуі кездейсоқтық емес. Себебі бұл серіктес елдерді берік байланыстырады. Бұл ретте Қазақстан – Әзербайжанның түркі әлеміндегі басты серіктестерінің бірі.

Қазақстан Қарабақтың қалпына келтіруіне қолдау көрсетті

Қазақстан Әзербайжан Қарабақпен қайта қауышқаннан кейін оны қалпына келтіруге белсенді қатысқан алғашқы елдердің бірі болғанын есте сақтаған жөн. Кавказ тарих орталығының директоры, саяси талдаушы Ризван Гусейнов бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі жақсартатынын, олардың ынтымақтастығына жаңа кеңістік ашатынын атап өтті.

«Әзербайжан үшін Қарабақты қалпына келтіру мәселесі өте маңызды. Жеке елдердің қысымына қарамастан, бізге көмектесуге әзір достарымызды осылай танып отырмыз. Қазақстан Қарабақты қалпына келтіруге қатысып қана қоймай, Әзербайжан мен Арменияның екіжақты байланыстары бойынша халықаралық деңгейде делдал рөлін атқарып келеді», — деді Ризван Гусенов.

Бұл ретте Әзербайжан геосаяси зерттеулер орталығының басшысы Таир Джафарли Қазақстан Әзербайжанмен тарихи әрі экономикалық тораптармен байланысты екенін де жеткізді. Екі елдің тұрақты дамуы көптеген мемлекетті логистикамен байланыстыратын транзиттік бағыттардың жұмысына тікелей байланысты.

«Оңтүстік Кавказда бейбітшіліктің орнауы бұл транзиттің толық ауқымды жұмысының бастауы болады. Қазақстан Президентінің Әзербайжан мен Армениядағы бітімгершілік миссиясы транзиттік жолдардың жұмысына тұсау болатын барлық кедергіні жояды», — деді ол.

Сарапшының сөзінше, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз елінің экономикалық дамуындағы Әзербайжанның маңызын жіті түсінеді, сол себепті қираған Қарабақты қалпына келтіру ісіне белсенді атсалысып отыр. Екінші жағынан қазақстандық транзиттің мүмкіндіктерін кеңейтуде Қарабақ арқылы әуе қатынасы оң рөл атқарады, деп жалғастырды Таир Джафарли.

Экономика өсіп келеді

Қазақстан түркі әлеміндегі ең дамыған елдердің бірі болып қалып отыр, сол себептен оның экономикадағы оң тәжірибесі барлық әріптес елдер үшін пайдалы болуы мүмкін. Әсіресе елдің банк секторындағы белсенділігі айқын байқалады, бұл экономиканың нақты секторын несиелендіруге және қолдауға ықпал етіп, тиісінше экономикалық өсімді ынталандырады. Бұл қызметтің маңызды элементі – акциялары 2006 жылдан бастап Лондон қор биржасында (LSE) саудаланып келе жатқан Қазақстандағы ең ірі қаржы институты Halyk Bank қызметі. Бұл Қазақстанның ішкі, сонымен қатар халықаралық нарықтағы ірі қаржы ойыншысы ретіндегі маңызын көрсетеді. Тиісті фактор елдің халықаралық қатысуына және инвестициялық тартымдылығына серпін беріп отыр.

2023 жылы Қазақстанның ең ірі 10 салық төлеушісінің қатарында мұнай-газ секторы, металдарды өндіру және өңдеу, темекі өнімдерін өндіру кәсіпорындарымен бір қатарда жекеменшік Halyk Bank-тың тұрғаны Қазақстанның экономикалық дамуындағы қаржы секторының маңыздылығын айқындайды.

Қазақстандық Halyk Bank жақында сингапурлық ING Bank, қытайлық Bank of China және Қазақстанның Мемлекеттік Даму Банкімен бірге синдикатқа кірді, олар бірлесіп кальцийленген сода шығаратын зауыттың жобасын несиелендіреді. Ірі кәсіпорын өнеркәсіп үшін маңызды осы тауар түріне деген импорттық тәуелділікті толығымен жабады. Бұл Қазақстанның коммерциялық банктері экономикалық өсімге қалай қолдау көрсететінін айқындайтын мысалдардың бірі ғана.

2024 жылы S&P Global америкалық медиа холдингі: «Біз Қазақстан Республикасының банк секторы соңғы жылдары өңірлердегі геосаяси тәуекелдердің шиеленісуі аясында макроэкономикалық тәуекелдерге анағұрлым жоғары тұрақтылық көрсеткенін байқап отырмыз. Банк секторының активтері мен қаржылық көрсеткіштерінің сапа көрсеткіштері болжамды деңгейден едәуір жоғары болды.

Бөлшек сегментке келсек, Қазақстанның банк жүйесі өңірдегі ең прогрессивті жүйелердің бірі болып қалып отыр, ал цифрландыру бойынша ол көш бастап тұр. Қазір елдің банктері физикалық кеңселерді қажет етпейтін цифрлық қызметтерді ұсынады, клиент ретінде тіркелуден бастап қор нарығындағы инвестициялар мен саудаға дейінгі пайдаланушының барлық тәжірибесі онлайн режимде іске асырылады.

Қазақстанның тәжірибесіне Еуроодақ елдері де қызығушылық танытып отыр. Мысалы, қазақстандық Kaspi Bank басшысы Михаил Ломтадзенің сөзінше, «мәселен, Эстонияның мемлекеттік құрылымдары Kaspi-дің Эстонияға келіп, олардың қызметтерін қолайлы етуді сұрап отыр».

Сондай-ақ, Halyk Bank цифрлық сервистерін белсенді дамытуды жалғастырып қана қоймай, мемлекеттік қызметтерді интеграциялау және инвестициялар мен сақтандыру бойынша тиімді шарттар ұсынуда табысқа жетіп отыр, осы салаларда және банкаралық төмен комиссияларында да көшбасшы атанды. 2024 жылы «Business mobile banking 2024» зерттеу қорытындысы бойынша Halyk Bank-тың Onlinebank қосымшасы бизнеске арналған мобильді банктер арасында көшбасшы деп танылды.

Бір қызығы, нарықтың басқа қатысушылары клиенттерге жаңа мүмкіндіктер ұсынуда бұл көшбасшылардан артта қалып жатқан жоқ.

Мысалы, цифрландыруда банк секторының өте жас ойыншысы Freedom Bank да алға шығып келеді, ол былтыр шағын және орта бизнес үшін жеңілдікті мөлшерлемемен цифрлық несие беру қызметін іске қосты. Сонымен қатар, Freedom Bank цифрлық бизнес несиесі қарапайым несиеге қарағанда 24 сағат ішінде алуға мүмкіндік беретін жылдамдығымен ерекшеленеді.

Бұл нарықта азаматтар мен бизнес үшін банктік қызметтердің қарқынды дамуына түрткі болған еркін бәсекелестік ортаның қалыптасуының нәтижесі болды.

Қазақстанның банк секторындағы бәсекелестік осы елдің топ-менеджментінде қазақ кадрларын тәрбиелеуге мүмкіндік бергені де маңызды. Kaspi Bank-ті қоспағанда, Қазақстанның ірі банктеріндегі басқарма төрағалары – Қазақстан азаматтары. Бұл ретте Қазақстанның ірі қаржы институттарының басқарма төрағаларының ішінде әйелдер де бар, бұл Қазақстанның банк секторындағы кадрлық процестердің айтарлықтай прогрессивті гендерлік өлшемін байқатып отыр. Елдің банк секторының көшбасшысы Halyk Bank-ті Үміт Шаяхметова басқарады, сондай-ақ Еуразиялық банктің (Қазақстан банктері арасында нөмірі алтыншы банк) басқарма төрағасы Ләззат Сатиева.

Әзербайжан геосаяси зерттеулер орталығының басшысы Таир Джафарли Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев банк ресурстарын экономиканы ілгерілетуге бағыттауға ұмтылатын салауатты бәсекелестіктің жақтаушысы екенін еске салады. Сөзінше, қазір елдің қаржы нарығында жиынтық активтері 74 млрд доллардан асатын 20-дан астам екінші деңгейлі банк бар.

Өз кезегінде Әзербайжан геосаяси орталығының сарапшысы Надир Шафиев экономикадағы ақылға қонымды бәсекелестікті дамытудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Әзербайжандағы өндіріс саласына жеке секторға қарағанда мемлекет көбірек инвестиция салып отыр. Бұл бір жағынан экономика секторларын бақылауға белгілі бір мүмкіндіктер берсе, ал екіншіден жеке кәсіпорындар, атап айтқанда, банктер арасындағы бәсекелестіктің өсу мүмкіндігін біршама тежейді. «Бұл бәсекелестік арқылы дамуға ықпал етеді», — деді ол.

Бизнес пен елді дамытудағы басшының рөлі

Бірақ та, бизнесті, оның ішінде банктік бизнесті дамытуда менеджменттен бөлек, бірінші басшы немесе иесі де айтарлықтай рөл атқарады. Ол өзінің үлгісімен клиенттерге арналған қосымша игіліктер жасауға ұмтылуды ғана емес, жалпы алғанда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау көрсетеді.

Әзербайжан геосаяси орталығының сарапшысы Надир Шафиев ірі кәсіпорындар «елдің жалпы экономикалық дамуына әрі оның макроэкономикалық көрсеткіштеріне ықпалы бар екенін» айтты. Бұл жуырда болған су тасқынынан кейін Қазақстанның өңірлерін қалпына келтіру мысалынан айқын көрінді.

«Жеке кәсіпорындар мен олардың бірінші басшылары Президент Тоқаевтың тасқыннан кейін өңірлерді қалпына келтіру туралы үндеуін өте белсенді қолдады. Компанияларды басқаратын іскер адамдар ел басшысына әрі өз мемлекетіне сенеді. Әйтпеген жағдайда, олар шағын инвестиция салып  немесе одан жалтаруға тырысар еді. Сондай-ақ, мемлекет халықтың игілігі үшін жұмыс істеп жатқанын көрсетіп отыр. Кәсіпкерлер ел басшылығына сенді», — дейді Надир Шафиев.

Сарапшы Таир Джафарли Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің барлық экономикалық ресурсын зардап шеккендерге жаңа тұрғын үй салуға, кейбір ауылдарды су тасқынынан қорғалған жерлерге көшіруге және кәсіпорындар мен ауылдық жерлерді қалпына келтіруге бағыттағанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ, оның үндеуіне Қазақстандағы ірі бизнестің барлық өкілдері-компаниялар бірден жауап беріп, банктер мен қорлар су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына көмек ретінде қомақты қаражат аудара бастады. Оның ішінде Forte Bank бас акционері Болат Өтемұратов (Forbes Kazakhstan-да 6-орында тұр), Halyk Bank негізгі акционерлерінің бірі Тимур Құлыбаев (Forbes Kazakhstan-да 2-орында тұр), Jusan Bank-тің мажоритарлы иесі Ғалымжан Есенов (Forbes Kazakhstan-да 15-орында), Freedom Bank-тің иесі Тимур Тұрлов (Forbes Kazakhstan-да 5-орында) және т.б. бар.

Таир Джафарли нарықтық экономикасы бар кез келген мемлекет тек елдік капитал негізінде ғана емес, елдің ресурстарының көмегімен жаңа компаниялар құратын, саудамен айналысатын және банк жүйесін қалыптастыратын кәсіпкерлік негізінде дамитынын жеткізді.

«Ең әуелі мұны Қазақстан Президенті жүргізіп жатқан реформалармен байланыстырған жөн. (…) Экономиканы реформалаудағы ең маңызды дүние – көптеген кәсіпкердің өз активтерін шетелге шығармауында жатыр. Олардың капиталы Қазақстанда қалып, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашуға бағытталды, бұл елдің ЖІӨ-нің артуына әкеледі», — дейді Таир Джафарли.

Осындай әлеуметтік жауапкершілігі бар ірі кәсіпкерлердің мысалы ретінде мемлекеттің барлық бастамасын қолдап, Қазақстандағы ең ірі меценаттар болып қала беретін банктердің бас акционерлерін айтуға болады.

Мәселен, Тимур Құлыбаевтың өзі соңғы жылдары әлеуметтік бастамалар мен қайырымдылық жобаларға, соның ішінде білім беру жүйесіне, мәдениетке, спортқа және мұқтаж қазақстандықтарға тұрғын үй беруге 260 млн доллардан астам қаражат құйды. Орталық Азиядағы бірде-бір ірі кәсіпкер мұндай көлемде қайырымдылық көмек көрсеткен жоқ. Кейінгі мысалдардан Тимур Құлыбаевтың су тасқынынан кейін өңірлерді қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуын айтуға болады. Ол осы мақсатта жеке қаражатынан 70 млн долларға жуық қаражат бөліп, қазақстандық көшбасшының үндеуіне алғаш жауап берген кәсіпкерлердің қатарынан табылды.

Басқа банктердің ірі акционерлері Тимур Турлов, Болат Өтемұратов, Вячеслав Ким туралы да айтуға болады.

Банк секторының мысалында нарықтық экономиканы дамытуда және елдің жалпы дамуында бәсекелестіктің тікелей пайдасы анық білінеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынынан кейін өңірлерді өз қаражаттарымен қалпына келтіруді қолдау бойынша үндеуіне ірі қаржы ұйымдарының барлық иесі бірден жауап берді. Бірақ бұл Қазақстанда ұзақ жылдар бойы бәсекелес ойыншылары бар еркін нарық қалыптаспағанында болмас еді.

Атап айтқанда, банк акционерлері арасында дивидендтерді төлеу мен бөлудің ашықтыққа бейімделген жүйесі олардың қайырымдылық пен мемлекеттік саясатты қолдау үшін қаражат жұмсауына ықпал етеді. Мұны Қазақстанда Тимур Құлыбаев, Вячеслав Ким, Тимур Тұрлов мысалдарынан көруімізге болады. Банктердің өздері елдің негізгі салық төлеушілерінің қатарына кіріп, өз кезегінде бұл бүкіл Қазақстанның имиджі мен инвестициялық ахуалын нығайтып отыр.

Сол себепті Ильхам Әлиевтің түркі әлемінің «үлкен экономикасы» туралы айта келе, бауырлас елдердің бизнесті дамытудағы оң тәжірибесімен қатар, оның иелерінің мемлекет пен қоғамның дамуына белсенді қатысуына назар аударғаны да түсінікті.


Дереккөз: Pozitsiya.com