Ср. Окт 22nd, 2025

Ұйым бұл ұсыныс елдің құқықтық тұрақтылығына және инвестициялық ахуалына кері әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді. 

Қазақстан инвесторлар ассоциациясы Парламент депутаттарының коммерциялық банктерге өз атауларында «халық» («народный») сөзін қолдануға тыйым салу туралы бастамасына қарсы шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ассоциация өкілдерінің айтуынша, бастама нақты бір қаржы ұйымына — «Қазақстан Халық банкіне»бағытталған.

«Мұндай заңнамалық шектеу Конституцияға қайшы және еліміздің инвестициялық беделіне нұқсан келтіреді. Бұл бренд ондаған жылдар бойы қалыптасқан, ал атаудан мәжбүрлі түрде бас тарту инвесторлардың сенімін төмендетуі мүмкін», — делінген ұйым хабарламасында.

Сонымен қатар Ассоциация мұндай қадам халықаралық нарықта Қазақстанның имиджіне кері әсер етуі ықтимал екенін атап өтті, себебі «Халық банк» акциялары Лондон қор биржасында саудаланады.

«Біз құқықтың үстемдігі мен экономикалық парасатқа негізделген диалог қажет деп санаймыз. Елдің қаржылық тұрақтылығын сақтау бәріміздің ортақ міндетіміз», — делінген мәлімдемеде.


Дереккөз: inbusiness.kz