Пт. Ноя 22nd, 2024

Сарапшылар доллар бағамының әсері қандай болатынын айтты. 

Осыдан бірнеше күн бұрын доллар бағамы 500 теңгеге жеткен болатын. Ұлттық банктің 22 қарашаға арналған ресми бағамы 1 доллар үшін 494,87 теңге болып белгіленді. Қор нарығындағы құбылмалы жағдай қазақстандықтардың сатып алу қабілетіне қалай әсер етеді? Қымбатшылық күтіле ме? Ұлттық валюта бағамы одан сайын құлдырауы мүмкін бе? Редакция тілшісі осы тақырып төңірегінде сала мамандарының пікірін білді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Доллар бағасы құнының өсуі, теңгенің әлсіреуі қазақстандықтарға, яғни қарапайым халыққа өте ауыр соққы болады. Себебі қымбатшылыққа әкелуі мүмкін. Бізде көптеген зат импортталады. Импорттан алынатын техника, азық-түлік, тұтыну тауарлары, киім-кешек бағасы алдағы айдан бастап қымбаттайтын болады. Одан бөлек жалпы бұл бизнеске де зиянын тигізуі мүмкін. Осы жағына да ескеру керек. Бірақ та алдағы уақытта қымбатшылық күтіле ме дегенге келсек, күні кеше Ұлттық Банк ресми мәлімдеме жасады. Жалпы квазимемлекеттік секторлардың кірісінің 50 пайызын доллардан теңгеге ауыстыру керек. Әрине, бұл алдағы уақыттарда қысқа мерзімде теңгенің қайтадан тұрақталуына, доллар бағамының қымбаттап кетпеуіне әкеледі»,  – деді қаржыгер Жасұлан Көшербаев.

Сарапшының пікірінше, бұл шешім – қысқа мерзімді құрал. Оны Ұлттық Банк бірінші рет қолданып жатқан жоқ, деп атап өтті ол.

Теңгеге ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді.

«Сыртқы факторларға тоқталатын болсақ, әрине, бұл доллардың күшеюі. Доллар тек теңгенің құлдырауы деп түсіндіруге келмейді, себебі көптеген әлемдік валюта бар. Оның ішінде еуро, фунт стерлинг болсын, долларға шаққан кезде құлдырап жатыр. Дәл сол сияқты біздің теңге де сонымен бірге ілесіп келе жатыр. Доллардың индексі соңғы уақытта жақында бес пайызға өскенін Ұлттық банк те атап өткен болатын. Яғни, бұның басты себебі АҚШ-та үлкен сайлау өтті, Дональд Трамп президент болды, оның АҚШ-қа келетін импортты азайтамын деген үлкен уәделері бар. Импортты азайтатын болса, доллар алдағы уақытта әлі көтеріледі деген сөз. Мұнайды шығаруды дамытамын деген уәделері бар. Бұл да халықаралық нарықта мұнайдың бағасына әсер етуі мүмкін. Мұнай бағасының төмендеуі халықаралық аренада жалпы теңгенің әлсіреуіне алып келеді», – деді қаржы саласының маманы.

Айтуынша, бұдан бөлек Ресейдің жағдайы да теңгеге өз қысымын көрсетеді.

«Ішкі факторларға келетін болсақ, елдегі бюджет дефициті. Мұнай бағасының төмендеуінен бізде бюджетте үлкен дефицит бар. Одан басқа импорт көбейіп келе жатыр. Осы ішкі факторлардың әсері біздің теңгеге әсер етіп жатыр. Қазіргі ақша-кредит саясаты инфляцияны ауыздықтау мақсатында инфляциялық таргеттеу қолданылады. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатын жақсарту мақсатында жасап жатқан шараларын айтса болады. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің кірісінің 50 пайызын теңгеге айырбастауға міндеттеу қысқа мерзімді әсер береді. Қысқа уақыт аралығында теңгенің құлдырауын ауыздықтап, ақша-несие саясатын жақсарту керек», – деп есептейді қаржыгер Жасұлан Көшербаев.

Валюта бағамы 500 теңге деген психологиялық тұрғыдан белгіленген меже болып тұр, деп есептейді экономист Мақсат Халық.

«Интервенция басталды. Ұлттық банк ол арқылы доллар бағамын қайтадан 500-ден төмен түсіруге әрекет жасап жатыр. Дейтұрғанмен, алдағы уақытта негізінен 500, одан астам теңгені көру қалыпты дүниеге айналады. Әрине, бірінші кезекте импорттық тауарлардың қымбаттауына әкеледі. Әсіресе сырттан келетін кәсіпкерлер долларға алып келетін тауарлардың бәріне белгілі бір дәрежеде өсіміне ықпалын тигізеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда импорттық тауар болмаса да, доллар өсіп жатыр деп бағаны өсіру әдеті бар. Сондықтан да бұл кәсіпкерлердің жеке өзінің шешіміне байланысты болады. Бізде бірақ бірінші пайда тұрғандықтан, көп кәсіпкер доллардың өзінің кәсібіне әсері болмаса да, елде өндіріп отырған тауар болса да, бағасын өсіруге әрекет жасайды. Өйткені бәрі қымбаттап жатыр деген сылтау»,  – деді ол.

Сарапшы кейбір өндірістердің шикізаты сырттан келетінін, олар шикізатты доллармен алғандықтан, өнімді осында өндіріп отырса да, тауар бағасына әсер ететінін айтты. Оның айтуынша, бұл елде инфляцияға да әсерін тигізеді және ол халықтың төлем қабілеттігіне де кері әсерін тигізуі мүмкін.

                               Әлемдегі қаржы нарығында тұрақсыздықтар байқалып тұр

«Сыртқы факторлар негізінен геосаяси факторлар деп айтушы едім. Оның ішінде қазір Ресейде рубль қатты құнсызданып жатыр. Көрші елдегі инфляциялық үрдістердің күшеюінің белгілі бір дәрежеде біздің нарыққа да ықпалы бар. Екінші фактор – жалпы әлемдегі жағдай. Дүние жүзінде қаржы нарығында тұрақсыздықтар байқалып тұр. Көп инвесторлар өзінің қаражаттарын сақтау мақсатында алтынға инвестиция салып жатыр. Алтынға деген сұраныс қатты артқан, оның бағасы да рекордтық көрсеткішке жетіп тұр. Бұл әлемде қаржылық тұрақсыздық орын алуы мүмкін деген үлкен бір сигналдың белгісі. Бұл жағдайлар салыстырмалы түрде келгенде Қазақстан үшін бір қауіп төндіріп тұр деп айтуға негіз бар»,  – деді экономист Мақсат Халық.

Өйткені әлемде қаржылық тұрақсыздық болса, ол Қазақстанды айналып өтпейді, деп жалғастырды спикер.

Одан кейін халықтың ішкі девальвациялық күтуі деген бар, деді экономист Мақсат Халық. Сарапшы қазір қоғамда «теңгеміз құнсызданады» деген үрдіс басым боп тұрғанын жеткізді. Бұдан басқа ол теңгенің құнсызданып кетпеуін реттеп отырған жағдайларға тоқталды. 

«Біріншіден, бұл Ұлттық қор аударымдары. Соңғы жылдарда Ұлттық қор аударымдары өте көп болып кетті. Өткен жылы 5 трлн теңгеден асып кеткен болатын. Биыл да бұл көрсеткіш одан кем түсіп тұрған жоқ. Аударымдардың үлкен бөлігі бірінші тоқсанда жүзеге асты. Одан кейін Ұлттық қор аударымдарының азаюы бірден жаздан бастап теңгемізге қысым түсіре бастады деуге негіз бар. Бұл жағдайды реттеу үшін Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатына былтыр «Қазмұнайгаз», биыл «Қазатомөнеркәсіп» компанияларының акцияларын сатып алуға жұмыстар жүргізіп жатыр»,  – деп атап өтті спикер.

Сөзінше, теңгені құнды қылуға бағытталған әрекеттер жасалып жатыр. 

«Енді қандай реформа қажет дегенге келсек, теңгеміз мейлі 500-дің үстіне шығуы мүмкін, егер де инфляция төмен болса бұл елдің жағдайын қатты төмендетіп жібереді деген дүниеден аулақ болуымызға болады. Ұлттық банк қазір инфляцияны ақырындап түсіріп келе жатыр. Осы жолы Ұлттық банк пен Үкімет консенсус жасап, инфляцияны бес пайыздық дәрежеге дейін түсіреміз деген келісімге келіп жатқан көрінеді. Бұл саясат жүзеге асқан жағдайда онда дұрыс қадамдар орын алады деуге негіз бар. Тиісінше сол арқылы теңгенің құны сақталады деп айтуға болады»,  – деді Мақсат Халық.


Дереккөз: inbusiness.kz