Ср. Апр 16th, 2025

Алматыда халықаралық білім стандарттарын қазақстандық білім беру жүйесіне енгізу мәселелері талқылануда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматыда өтіп жатқан ТМД елдерінің Халықаралық бакалавриат мектептері қауымдастығының (IBSA) «Заманауи білім – жарқын болашақтың кілті» атты халықаралық конференциясында білім беру жүйесін жаңғырту, оқыту үдерісіне жаңа технологияларды енгізу және негізгі адамгершілік құндылықтарды сақтау мәселелері басты тақырыпқа айналды. Бұл – жыл сайын өтетін ауқымды шара, оған жақын және алыс шет елдерден келген ұстаздар мен білім саласының мамандары қатысуда. Конференция — білім беру саласындағы соңғы жаңалықтар мен жаһандық өзгерістерді талқылайтын ашық алаң.

Конференцияға Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Армения және Эстония елдерінен 40 Халықаралық бакалавриат мектебінің өкілдері қатысуда. Қатысушылар жаһандық трендтермен танысып, өз тәжірибесімен бөлісіп, жасанды интеллектке негізделген жаңа технологияларды білім беру процесіне енгізу мәселелерін талқыға салды.

Халықаралық бакалавриат ұйымы (IBO) шамамен 60 жыл бұрын Швейцарияда құрылған. 3 жас пен 19 жас аралығындағы балалар мен жастарға арналған әртүрлі халықаралық білім беру бағдарламаларын жасап шыққан. Еуропа, Африка және Таяу Шығыс елдері бойынша IB бағдарламаларын дамыту және мойындату жөніндегі аға менеджер Ведрана Павлетичтің айтуынша, қазіргі уақытта мектептердің бірлесіп, сапалы білімнің ел дамуындағы маңызын талқылауы өте өзекті.

Астана қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің директоры және IB мектептері қауымдастығының президенті Елена Хамитованың пікірінше, Халықаралық бакалавриат бағдарламалары тек сапалы білім беріп қана қоймай, оқушыны жан-жақты дамытып, оны толыққанды тұлға ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұл конференция қауымдастық үшін айтулы оқиға. Ол ортақ стратегияны қалыптастыруға, тәжірибе және идея алмасуға жол ашады. Білім беру трендтері, жаңа технологиялар, әр оқушының жеке қабілеті мен қызығушылығына бағытталған білім беру траекториясын құру – іс-шарада талқыланатын басты тақырыптар. Бұл дегеніміз – әр оқушының жеке қабілеті мен мүмкіндіктерін ескере отырып оқыту, жаңа технологияларды енгізумен қатар, қоғам мен әр адам үшін ең маңызды адамзат құндылықтарын сақтау, – деді Елена Хамитова.

Жыл сайын өтетін бұл конференция білім саласының мамандарымен қатар, Халықаралық бакалавриат бағдарламаларын елімізде енгізуде тәжірибесі мол NNEF қоғамдық қорының өкілдері үшін де тәжірибе алмасу алаңы болып отыр. Қауымдастық президентінің айтуынша, Алматыда халықаралық оқыту стандарттарын қазақстандық жүйеге біріктіру мәселелері кеңінен талқыланбақ.

«Мирас» халықаралық мектебінің оқушылары мен ұстаздары конференцияның ашылу салтанатына арнайы музыка мен би элементтерін қамтыған кең көлемді концерттік бағдарлама дайындады.

Халықаралық конференция аясында заманауи білім берудің өзекті мәселелері, жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізу, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін ұдайы арттыру қажеттілігі тақырыптарын қамтитын бірнеше панельдік сессия өтеді.

ТМД елдерінің Халықаралық бакалавриат мектептері қауымдастығы 2006 жылы NNEF қоғамдық қорының қолдауымен құрылған. Бүгінде қауымдастыққа 40 білім беру ұйымы мүше, оның ішінде 14-і Қазақстанда ашылған білім ордалары. NNEF қоғамдық қоры — халықаралық білім беру жүйесімен жұмыс істейтін еліміздегі жетекші университеттер мен мектептердің құрылтайшысы.


Дереккөз: BAQ.kz