Халықаралық “Мирас” мектебінің оқушысы Король Абдул-Азиз Гранттын жеңіп алды
«NNEF» қоғамдық қорының «Мирас-Астана» халықаралық мектебінің оқушысы Саяжан Жақсығалиева ірі ғылыми-инженерлік Regeneron ISEF 2024 байқауының жеңімпазы атанды. Іс-шара 11-17 мамыр аралығында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтті.
Бойжеткен Сауд Арабиясының королі Абдул-Азиз негізін қалаған «Mawhiba» қорының арнайы сыйлығын алды. Қор әртүрлі ғылыми салалардағы дарынды студенттерді анықтау және қолдау мақсатында құрылған. Саяжан жеңіп алған грант оның Фахд Король мұнай және минералдар университетіндегі оқуын толығымен қамтиды.
«Мен мұндай жоғары марапатқа ие боламын деп ойламаппын, «Химия және инженерия» номинациясы бойынша тағы екі қатысушы болды, мен басында түсінбедім, өйткені менің атымды атағанда Саясан Заксигалева деп айтты, сондықтан олардың кімді меңзеп тұрғанын түсіну қиын болды. Бірақ кейін үлкен экраннан өз есімімді көріп, қатты таңғалып, қуанып қалдым», — деп Саяжан өз әсерімен бөлісті.
Regeneron ISEF – 13 пен 18 жас аралығындағы мектеп оқушыларының ғылыми және инженерлік жетістіктерінің жаһандық шолу-байқауы. Ол жас ғалымдарды анықтау мен қолдауға, қолданбалы және іргелі ғылымдар саласындағы зерттеулерді дамытуға бағытталған. Жарысқа 70-тен астам елден барлығы 2000 оқушы қатысты. Жүлде қоры сыйлықтар мен шәкіртақылар түрінде 9 миллион доллардан асады.
Жас ғалым Америкаға химия және инженерия саласындағы ғылыми жобамен аттанды.
Саяжан суды мыс, қорғасын, мырыш, кадмий сияқты ауыр металдардан тазарту үшін табиғи полисорбент диатомитті пайдалануды ұсынды. Жоба идеясын оның химия пәнінің мұғалімі Асылхан Жұмат ұсынған.
«Әрбір ұстаз үшін шәкіртінің жетістіктері – оның еңбек жолындағы ең маңызды көрсеткіші. Ал Саяжан жеңген кезде менде мақтаныш сезімі пайда болды. Мұндай жағдайға кез келген мұғалімнің қолы жете бермейді», — деп Асылхан Жұмат бөлісті.
Сондай-ақ ғылыми жұмысты дайындауға көмектескен жобаның қосалқы басшысы, химия ғылымдарының докторы Аля Оспановаға және «Мирас-Астана» халықаралық мектебінің директоры Елена Хамитоваға алғысын білдірді.
Айта кетейік, Саяжан Жақсығалиева «Мирас» мектебінде «Халық» қайырымдылық қорының 100 пайыз грантымен білім алып жатқан шәкірттердің бірі. Мирас мектептерінде оқытуға арналған гранттық бағдарламаның негізін қалаушы NNEF қоры болып табылады, бағдарлама 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Саяжан бұрынғы жетістіктері мен қабылдау емтихандарын сәтті тапсыруының арқасында оқуына толық грантқа ие болды.
«Емтихан екі кезеңнен тұрды: біріншісі математикадан, екіншісі ағылшын тілінен. Содан біраз уақыттан кейін ата-анам қоңырау соғып, егіз әпкем екеуміз «Мирас» мекпебінде 100 пайыздық стипендия алғанымызды айтты. — деді Саяжан.
«Халық» қайырымдылық қоры осылайша көп балалы отбасылардан шыққан дарынды балалардың халықаралық бағдарламалар бойынша білім алуына қолдау көрсетеді.
2016 жылы құрылғаннан бері «Халық» қоры мен оның негізін қалаушылар Тимур мен Динара Құлыбаевтар толық емес және көп балалы отбасылардан шыққан жастардың халықаралық мектептерде білім алуына тең мүмкіндіктер беруге ұмтылып, білім беру гранттарына 300 миллион теңгеден астам қаржы бөлді. «Халық» қоры тек білім беруді қаржыландыруға ғана емес, сонымен қатар стипендиаттарды жаңа биіктерге жетуге шабыттандыруға тырысады.
Саяжан алдағы уақытта ғылыммен айналысып, нейробиолог болуды жоспарлап отыр.
«Мен, әрине, әлемнің жетекші университеттерінің бірінде жоғары білім алып, кейін Қазақстанға оралғым келеді, өйткені мен өз Отанымды шын сүйемін және оған болашақта пайда әкелгім келеді», — дейді жас ғалым.
Дереккөз: Tengrinews.kz