Чт. Ноя 21st, 2024

«Халық» қайырымдылық қоры Halyk Bank-пен бірлесіп, кешеден бастап Атырау облысы Құлсары қаласының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына атаулы қаржылық көмек сомасын төлей бастады. Осы мақсатқа Қордың негізін қалаушы, белгілі меценат Тимур Құлыбаев 31,4 млрд теңге аударды.

«Су тасқынынан зардап шеккен адамдардың басына түскен қиын жағдайды терең түсінемін. Алғашқы күндерден бастап біз су апатынан орасан зиян келген аймақтарға көмек көрсетіп келеміз. Және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен біз барлық қиындықтарды бірлесе жеңіп шығатынымызға сенімдімін», – дейді Тимур Құлыбаев.

Алдын ала жүргізілген дайындық жұмыстарының нәтижелері бойынша кешеден бастап Атырау облысындағы Құлсары қаласы азаматтарының жеке тұрғын үй-жайларын қалпына келтіруге төлемдер төлене бастады. Зардап шеккендерден келіп түскен өтініштер негізінде әкімдіктердің жедел штабы арнайы тізім жасап, келтірілген шығындардың көлемін тәуелсіз сарапшылар бағалауда.

Бөлінген қаражат тұрғындардың зақымданған өз үйін жөндеп, қалпына келтіру немесе жаңа үй сатып алып беру мақсатында беріліп жатыр. «Халық» қоры мен Halyk Bank көмек қолын соза отырып, апаттан үлкен қиындық көрген жандардың өз шаңырақтарына шаттана оралып, бұрынғыша шаттақ пен берекеге бөлене беруіне  осы атқарылған шаралардың шарапаты тисе екен деген тілекті шын жүректен тілеп отырған жайы бар.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Халық» қоры мен Halyk Bank Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Павлодар, Ұлытау және Абай облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ұйым қызметкерлердің бір күндік жалақысын қосқанда, 1 млрд 445 млн теңге қаражат бөлген болатын. Сонымен қатар, Тимур Құлыбаев Атырау облысын қалпына келтіруге қосымша 30 млрд теңге бөлу жөнінде шешім қабылдады. Жалпы айтқанда, су тасқынының зардаптарын жою мақсатына 31.4 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.


Дереккөз: Tengrinews.kz