Есірткі атты зауалдың қоғамда дерт боп дендеп бара жатқаны саналы жанды алаңдатары анық. Әсіресе жас ұрпақ үшін қатері көп.
Өйткені, оңай ақша мен тез ләззат үшін тәлкек боп жатқан тағдырлар қаншама. Сондықтан да онымен күресті бір сәтке де босаңсытуға болмайды.
Өмір бақи бас бостандығынан айыру керек
Мұндағы тікелей жауапкершілігін мемлекет өте жақсы түсінеді. Бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылуда. Соның ақжолтай бір қадамы – қыркүйек айының ортасында Ішкі істер министрлігі ішінде есірткі қылмысына қарсы күрес қызметінің Комитет боп дербес құрылғаны. Аталған бағыттағы күрестің одан сайын күшейе түскені осыдан-ақ білінеді. Ал оған дейін елімізде заң қатаңдатылып, есірткі «жасырып кетушілерге» жаза мерзімі 10-15 жылға дейін созылған болатын. Одан бөлек есірткі өндірісінде қолданылатын химиялық жабдықтардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Ол аз болса, таяуда депутаттар есірткі өндірісімен айналысқандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесуді ұсынды. Парламент Мәжілісінде қазіргі уақытта «Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес туралы» заң жобасы қаралуда. Онда депутаттар Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорларды заңсыз өндіру, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау және жөнелту үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін өзгертулер енгізуді ұсынып отыр.
«Есірткі үшін жазаны қатаңдату соңғы рет 2020 жылы жүзеге асырылды. Сол кезде есірткіні интернет арқылы сату, қоғамдық орында сату және тағы да басқа әрекеттер аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Есірткі өндірушілерді 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Соған ұқсас жазалар есірткі таратудың аса қауіпті емес түрлері үшін де белгіленді. Бұл есірткіні «жасырып кетушілер» проблемасын тез арада шешуге мүмкіндік берді. Өйткені, ол кезде мұндай әрекеттер кең тарап, ауызекі тілде «закладчик» деп аталатындар үшін нақты жаза жоқ болатын.
Енді қазір заңнаманы одан әрі қатаңдата түсу үшін Мәжіліске жаңа заң жобасы келіп түсті. Онда Қылмыстық кодекстің 297-бабының 4-бөлігінде есірткіні заңсыз өндіргені үшін жауапкершілікті күшейту көзделген. Бұл норманың санкциясы бойынша 15-20 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, қазір есірткіні медициналық емес мақсатта тек қоғамдық орындарда ғана қолдануға тыйым салынған. Ал үйде немесе басқа да жерлерде қолданса заңсыз емес. Оған деген сұраныстың басылмай тұрғаны да сондықтан. Енді осы тұстан «қоғамдық орын» деген сөзді алып тастау ұсынылып отыр. Әйтсе де, есірткіге қарсы күрестің мұндай әдістерін қолдамай отырғандар да бар», – дейді Мәжіліс депутаты Снежана Имашева.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған түзетулердің арасында дәріні рецептсіз сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу де бар. Өйткені, кейбір дәрілер әсерін күшейте түсетін синтетикалық есірткілер көп екен. Соларды еркін сатуға болмайды.
Кәріз суынан сынама алынбақ
Әрине, елімізде есірткі қылмысымен күрес шындап қолға алынғаны рас. Оған жедел ден қою мақсатында жергілікті, арнайы және орталық органдардан бастап заң шығару деңгейіне дейінгі билік тармақтары жұмылдырылып, іс-қимыл алгоритміне өзгерістер енгізілген. Бір-ақ мысал. Бұрын синтетикалық есірткілердің формуласы ауысқан сайын заңға өзгеріс күтіп, ішкі істер органдары қолы жіпсіз байланатын. Міне, бұл мәселені Үкімет, тіпті Ішкі істер министрі деңгейінде бір қаулы немесе бір бұйрықпен шешетіндей мүмкіндіктер жасалды. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Үкімет қаулысымен «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары» бекітілді. Оның шеңберінде биыл қаңтардан бастап синтетикалық есірткі құралдарын анықтау бойынша сараптамалар жүргізу мерзімі 30 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Алайда заманауи жабдықтардың арқасында Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы бұл мерзімді бір күнге дейін қысқарта алып отыр. Жыл басынан бері осындай 1456 сараптама тағайындалған болса, соның 95%-ы 1 күннің ішінде орындалған екен.
Одан да өзге батыл-батыл шаралар қолға алынған. Қаншама арнайы операциялар өткізілуде, қаншама зертханалар жойылуда, қаншама ұйымдасқан қылмыстық топтар құрықталып, қаншама сайттар мен интернет-дүкендер бұғатталды, қаншама граффитилер боялды. Халық арасында, әсіресе жастармен көптеген кездесулер, спорттық, зияткерлік іс-шаралар ұйымдастырылып, алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Осылардың ішінде ерекше атай кетер жаңалық – кәріз суларынан есірткі мен психотропты заттарға сынама алына бастағаны. Әзірге тек Астана қаласында пилоттық режимде іске қосылған бұл бастаманың тиімділігіне күмән жоқ.
«Мұндай тәжірибе Батыс Еуропада кеңінен қолданылады. Елімізде Әділет министрігі мен Бас прокуратураның бірігуімен қолға алынып отыр. Шайынды кәріз суының құрамын талдау — белгілі бір ғимаратта есірткі тұтынып жатқанын нақты уақыт режимінде анықтауда таптырмас әдіс. Әзірге мектептер, тұрғын үй кешендері мен түнгі клубтар маңында зерттеу жүргіздік. Қорытындысында алты сынаманың бесеуінен мефедрон, а-PVP, метадон, трамадол, кетамин, каннабиноид сынды тағы да басқа психотропты препараттар анықталды. Соның нәтижесінде Астанада есірткі заттарының барлық түрі қолданылады деген тұжырымға келіп отырмыз. Осылайша есірткінің таралу аумағы мен тұтыну ошағын нақты анықтауға мүмкіндік туып тұр. Бұл әдістің тиімділігі – есірткіні тек шайынды судан емес, ағзадан бөлінген метаболиттерден де анықтай алатынымыз. Осы мақсатта арнайы заманауи құрал-жабдық сатып алынды. Тасымалдап жүруге болатын бұл құрылғымен кез-келген уақытта, кез-келген ғимараттың кәріз суын тексеруге болады. Онда да ол судан есірткінің өзін ғана емес, оның ыдырап кеткен күйіндегі түрлерін де анықтай аламыз. Алдағы уақытта зерттеуді Қазақстан бойынша жасағымыз келеді. Бірінші кезекте білім беру мекемелерінің құбырынан сынама алу арқылы оқушылар мен студенттер арасында есірткі тұтынатындардың бар-жоғы анықталмақ», – дейді ӘМ Сот сараптама орталығының директоры Руслан Сатыбалдиев.
Одан өзге қаржы ұйымдарының жүргізіп жатқан жұмыстары өз алдына бөлек тақырып. Бұл күреске Ұлттық банктен бастап қаржы мониторингі, қаржы нарығын реттеу сияқты органдар жұмылдырылған. Мәселен, есірткінің таралу белгілері мен критерийлері барлық банктерге жіберілген, жаңа клиентті тіркеу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіру енгізілген, банктердің ішкі бақылау шаралары күшейтілген, бір клиентке бірнеше банк картасын шығаруға шектеу қойылған, резидент емес және кәмелетке толмағандарға төлем карточкаларын беру кезінде қосымша бақылау белгіленген. Осылардың бәріне онлайн режимде мониторинг жасалатын болады. Аталған нормалар қолға алынғаннан бері бірнеше карта ұстаушылар саны 9,5 мыңнан 3,6 мың клиентке қысқарып, 1,5 мың клиентке қашықтықтан қызмет көрсету тоқтатылған екен. Күдікті деп танылған 30 мыңға жуық «дроппердің» банктік карталары бұғатталған.
Жан-жақты жұмыстар жүруде, бірақ шашыраңқы…
Тізбелей берсе осы сияқты атқарылып жатқан шаруалар аз емес, бірақ есірткі атты зауалды еңсеруде әзірге жеткіліксіз. Сондықтан да әлі жасалуға тиіс жұмыстар өте көп. Мұнда жан-жақты жұмыстар жүріп жатқанымен, бірізділік жоқ, шашыраңқы. Бұл туралы таяуда ғана Жоғары аудиторлық палатадағылар мәлім етті. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындыларын жариялаған жиында көптеген шикіліктер айтылды. Соның бірі — жекелеген ұйымдар арнайы техникалық құралдар мен тексеру жабдықтарын сатып алу шығындарын жоспарлаған кезде нақты бағасынан 4-5 есе қымбат етіп көрсеткен. Осылайша 133 млн теңгеге жуық қаражат тиімсіз жоспарланған. Ал жалпы сомасы 2,2 млрд теңге болатын заң бұзушылықтар анықталған. Соның ішінде 2 млрд теңге игерілмей бюджетке кейін қайтарылған болса, 251,6 млн теңге тиімсіз жұмсалған, ал 14 млн заң бұзушылықтарға жол беріле отырып шығындалған. 2019-2024 жылдар аралығына жүргізілген аудиторлық іс-шаралармен Ішкі істер, Денсаулық сақтау және Әділет министрліктері, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметінің ведомстволық бағынысты ұйымдары қамтылған екен.
«Нашақорлықтың алдын алудың бірыңғай моделін әзірлеу бойынша бастама әлі іске асырылған жоқ. Сонымен қатар есірткіге тәуелді адамдарды әлеуметтік оңалту медициналық қызмет болып саналмайды және Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан реттеуге жатпайды. Нәтижесінде бұл бағытта стандарттар мен бекітілген әдістемелер жоқ. Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы күрес үшін қажетті техника мен жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ қызметтік-іздестіру иттерін даярлау жұмыстары баяу жүруде», – делінген Мемлекеттік аудит қорытындысында.
Нашақорларды есепке алуды міндеттеу қажет
Биылғы жыл басынан ішкі істер органдары есірткіге қатысты 6 279 құқық бұзушылықты анықтаған екен. Солардың жиынтығында заңсыз айналымнан 19 тонна 261 келі әртүрлі есірткі шығарылыпты. Тек «Қарасора-2024» операциясының өзінде 15 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Көңілді жұбататыны былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 32 тоннаға жуықтапты. Мұны есірткі қылмысына қарсы күрестегі бір жетісік деуге болғандай. Сондай-ақ 48 есірткі зертханасы жойылып, 226 келі тұтынуға дайын синтетикалық препарат, 2 тонна 487 келі прекурсор, 72,1 келі каннабис тұқымдас есірткі алынған.
Цифрларға қарап отырып, биылғы жылы теріс көрсеткіштердің төмендеп келе жатқанын байқауға болады. Өйткені, былтыр құқыққорғау органдары тауып тәркілеген есірткі түрлері 41,1 тоннаға жеткен. Ал жойылған зертханалар саны 75 болыпты. Интернеттегі жұмыс бойынша да осылай. ІІМ мәліметі бойынша былтыр елімізде 3 мыңнан астам наркодиллер сайттар мен Telegram-дағы 1,3 тыс интернет-дүкен бұғатталған.
«Биыл 2,9 мыңнан астам есірткі сайты жойылды. Интернет арқылы есірткі сатудың 503 фактісі анықталды. Бұл жолы «қатардағы жасырушылар» (292 адам) ғана емес, есірткі бизнесінің ұйымдастырушылары да әшкереленеді. Олар — әкімшілер, операторлар, «көтерме сатушылар» және «буып-түюшілер». Осындай 65 адам ұсталды. «Telegram» өкілдерімен өзара әріптестік орнатылды. Нәтижесінде 1,5 мыңнан астам құқыққа қайшы контент, оның ішінде 30 «интернет-дүкенінің» 670 резервтік алаңдары жойылды. Есірткіні жарнамалау және насихаттау фактілері бойынша 191 сотқа дейінгі өндіріс қозғалды. OLX сайтымен меморандум жасалды. Енді оның қызметкерлері күдікті жарнамаларды өздері анықтап, бұғаттайтын болады», – дейді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің ақпараты бойынша бүгінгі таңда Tik-Tok, Telegram, OLX, VK және басқа да танымал платформалармен ынтымақтастық бойынша шаралар қабылдануда екен. Бұл заңсыз контентті жедел жойып отыруға мүмкіндік береді. Мысалы, осы уақытқа дейін OLX платформасында курьер кейпіндегі «есірткі жасырушыларды» жалдау жөніндегі 4,3 мыңнан астам хабарлама жойылған. Цифрлар туралы айтқанда, бізді алаңдататыны: елімізде қанша нашақор бар екені белгісіз.
«Ресми дерек бойынша «психоактивті заттарды қолдану салдарынан психикасы бұзылған» деген диагнозбен елімізде 108 722 адам тіркеуде тұр. Олардың 18 329-ы есірткі мен психотропты заттарға тәуелді нашақорлар. Соның ішінде, 91%-ы (16 817) – ер адамдар болса, 9%-ы (1512) – әйелдер, 2 734 адам, яки 15%-ы 18-29 жас аралығындағы жастар, 66-сы балалар мен жасөспірімдер. Өкінішке қарай, бұл нақты статистика емес, өйткені көп адам өзінің нашақор екенін жасырады», – дейді ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы Анжела Бексұлтанова.
Ал ІІМ өкілі Бақытжан Әмірханов шынайы көрсеткіш бұдан 10 есе артық болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан да есепке алу шарасын міндеттеу қажет.
«Нашақорлардың нақты санының жоқ болатын себебі, есепке алу үшін олардың келісімі керек. Ондайдан барлығы қашқақтайды. Сондықтан ресми 18 мың болғанымен, іс жүзінде олардың саны ендігісі 200 мыңға жетіп қалған болуы мүмкін. Оны анықтау үшін есірткі тұтынатын азаматтарды тіркеуге тұруға мәжбүрлеу қажет. Ол үшін бас тартқан жағдайда әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынып жатырмыз. Егер, осылай етер болсақ мұндағы жұмыс та нақтылана түспек», – дейді ол.
Ішкі істер маманының сөзінің жаны бар. Есірткіге душар болғандардың нақты саны көз алдымызда тұрар болса, медициналық оңалту мақсатында оларға қанша көлемде есірткі керек екенін есептеп, ішкі тұтыну көлемін анықтауға болады. Ол үшін бұл жұмысты мемлекет өз мойынына алу керек. Есірткі заттарының заңсыз айналымын шектеудегі бір қадам осы болмақ.
Сөз соңында маңызды бір цифрды келтіре кетсек: бүгінде елімізде есірткі қылмысын жасағаны үшін 4 293 адам жазасын түрмеде өтеп жатыр екен. Бәрінен сорақысы олардың арасында есірткімен күресте алдыңғы шепте жүруге тиіс ішкі істер органдары қызметкерлерінің де бар екені. Мәселен былтыр 12 полиция қызметкеріне айып тағылған болса, биылғы 9 айда тағы да 12 қызметкер істі болған. Бұл мұндағы тайталаста ІІМ-нің беделіне нұқсан кетіретіні рас. Сондықтан да есірткімен күресте босаңсуға болмайды. Тек мемлекеттің мойынына ғана артып қоймай, қоғам болып атсалысуымыз қажет.
Дереккөз: inbusiness.kz