Пн. Июн 30th, 2025

Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. 

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қабылданған жаңа Салық кодексінің маңызына тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Үш кодекстің жаңартылып, қабылдануы Президентіміздің іргелі реформаларының іске асуының нақты көрінісіне айналды. Бұған дейін бірде-бір заң жобасы жаңа Салық кодексі сияқты кең талқыланбаған шығар. Жұмыс тобы отырыстарына қатысқан мамандар мен түрлі сала өкілдерінің саны 300 адамға дейін жетті. Заң шығарушылар алдында қолданыстағы тәртіпті түбегейлі өзгерту, салық жүйесін жеңілдету, ережелерінің түсінікті болуын қамтамасыз ету міндеті тұрды. Сөйтіп, байыпты пікірталастар нәтижесінде Парламент барлық түйткілді мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келді. Депутаттар бизнеске артық салмақ салмай-ақ, салық саясатын экономиканың тұрақтылығына,  азаматтардың бақуаттылығына бағыттауға қол жеткізді», – деді Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, әділеттілік идеясы корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесі мен жеке табыс салығының прогрессивті межесінен көрініс тапты.

«Енді кім көп табыс тапса, сол салықты көбірек төлейді. Бұл ретте, табысы төмен азаматтар үшін елеулі жеңілдіктер қарастырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер жеке табыс салығынан босатылады. Депутаттарымыз бұл ұсынысты бірнеше жылдан бері айтып жүрген болатын», – деді Мәжіліс спикері.

Көтерілген тағы бір маңызды әлеуметтік мәселе – дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерді қосылған құн салығынан босату.

«Сондай-ақ, депутаттар кітап оқу мәдениетін насихаттау үшін баспалар мен баспасөз басылымдарын қолдау жайын да қарастырды. Жалпы, қабылданған Салық кодексі   мемлекет – бизнес – қоғам арасындағы әділетті қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашпақ. Үкіметпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде біз сапалы, ашық, әділетті әрі түсінікті Салық кодексін қабылдадық», – деді ол.

Айта кету керек, бұған дейін депутаттар каникулға кеткенін жазған болатынбыз.


Дереккөз: inbusiness.kz