Чт. Май 9th, 2024

3-4 қазан күндері Астанада телевизиялық хабар тарату мен киноиндустрияның инновациялық технологиялары туралы Broadcasting / Cinema 2023 халықаралық көрме-конференциясы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл шара жыл сайын өткізіледі және ең алдымен көрмеде көптеген техникалық инновациялар көрсетіледі.

Оны ұйымдастыратын TKT1957 LLC (Грузия) 1957 жылдан бастап кинематографистер мен теледидар инженерлеріне арналған «Кино және теледидар техникасы» (TKT) журналын шығаруға маманданған.

технология
Фото: ҚазАқпарат

Журнал КСРО кино және теледидар мамандарының бірнеше буынына арналған басылым болды.

журнал
Фото: ҚазАқпарат

Олар 2018 жылы кино және ТВ саласындағы мамандар үшін дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастыра бастады. Пандемиядан кейінгі 2022-2023 жылдары Баку, Алматы, Тбилиси, Астана, Ташкентте салалық конференциялар өткен.

«International Broadcast Conference – біздің кәсіби қызметіміздегі саланың жетістіктерін көрсететін ауқымды іс-шара. Амстердамда өтетін шараларға барлық адам бірдей қатыса алмайды. Бірақ белгілі бір дәрежеде біздің міндетіміз — бұл олқылықтың орнын толтыру, Қазақстанның кәсіби қоғамдастығына көрмеде болып жатқан оқиғалармен танысуға қосымша мүмкіндік беру. Мұнда бірқатар серіктестеріміз Қазақстаннан келген әріптестерімізге жаңашылдықтар туралы айтып береді. Негізгі мақсат – адамдардың әлеуметтенуі, тәжірибе алмасуы және өз технологиялары туралы сөйлесуі», — деді конференция президенті, Қазақстан телевизия саласының ардагері Владислав Богусевич.

конференция
Фото: ҚазАқпарат

Конференцияның алғашқы күні эфирлік жоспарлауға арналған интеллектуалды шешімдер, теледидарға сұранысты арттыру жолдары, креативті индустрияны дамыту, кезекті технологиялық революция дәуіріндегі Қазақстанның киноиндустриясы, жасанды интеллектіні қолдану тақырыптары талқыланды.

Сондай-ақ, бүгін телевизия, медиа және киноны дамытудағы жетістіктері үшін хабар тарату және киноөндіріс индустриясының техниктеріне «TKT International Awards» халықаралық сыйлығы табыс етілді.

медиа
Фото: ҚазАқпарат

«ТВ мен кинодағы жыл тұлғасы» номинациясында «Қазақстан» РТРК АҚ техникалық директоры Шығыс Әкімов үздік деп танылды.

«Жылдың үздік жобасы» аталымында Atameken Business телеарнасының виртуалды жүргізушілері i-Sanj и i-Sana (белгілі қазақстандық актер Санжар Мәди мен «Қазақ аруы» Сәния Темірхан) марапатқа ие болды.

конференция
Фото: ҚазАқпарат

Сондай-ақ, «Белгісіз батырлар» алғашқы тарихи комедиясына «Киноөндірістегі инновация үшін» сыйлығы берілді.

«Қазақстанның телехабар тарату ісін дамытуға қосқан үлесі үшін» Владислав Богусевич марапатталды.

БАҚ
Фото: ҚазАқпарат

Ақпарат көзі: inform.kz