1 маусымнан бастап «Орал — Маңғыстау» бағытындағы пойыз құрамында әйелдер вагоны пайда болды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ 1 маусымнан бастап №614/613 «Орал — Маңғыстау» бағытындағы пойыз құрамында әйелдер вагонын іске қосады. Осылайша, жаңа вагонның қосылуымен «Әйелдер вагоны» қызметі көрсетілетін бағыттардың жалпы саны 12-ге жетеді», — делінген хабарламада.
Әйелдер вагонында билеттер тек әйел жолаушыларға сатылады, ал қызмет көрсету міндетін арнайы дайындықтан өткен әйел жолсеріктер орындайды. Сонымен қатар бұл вагонда жеті жасқа дейінгі ұл балалардың бірге жүруіне рұқсат берілген.
Әйелдер вагонына билеттерді вокзалдағы кассалардан сатып алуға болады. Бұл кезде касса қызметкеріне әйелдер вагонынан орын таңдағыңыз келетінін алдын ала айту қажет. Сондай-ақ билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан онлайн сатып алуға мүмкіндік бар. Онлайн рәсімдеу кезінде билеттің әйелдер вагонына тиесілі екенін білдіретін «ӘВ» (әйелдер вагоны) белгісіне назар аудару керек.
Билеттер сатылымы пойыздың жөнелтілуіне 45 күн қалғанда ашылады, бұл жолаушыларға өз сапарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта әйелдер вагондары келесі бағыттарда жүреді:
- №77/78 «Алматы — Маңғыстау»;
- №351/352 «Алматы — Маңғыстау»;
- №45/46 «Павлодар — Түркістан»;
- №37/38 «Маңғыстау — Семей»;
- №47/48 «Атырау — Астана»;
- №33/34 «Ақтөбе — Алматы»;
- №4/3 «Астана — Алматы»;
- №71/72 «Астана — Шымкент»;
- №354/353 «Астана — Семей»;
- №24/23 «Ақтөбе — Алматы»;
- №25/26 «Алматы — Шымкент»;
- №614/613 «Орал — Маңғыстау».
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ