Елордада Astana Finance Days форумы өтіп жатыр.
Сарапшылар Қазақстандағы исламдық қаржы банк секторының әлеуеті қандай деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Al Safi Bank CEO Мирлан Таймурзаев қаржы институтының тәжірибесімен бөлісті.
«Сын-қатерлер туралы айтатын болсақ, әрине, жұмыс жақсы жүргенімен, кейбір қиындықтар да кездеседі. Жалпы ислам банктері, қаржы орталығының банктері ұлттық төлем жүйесінде интеграцияланбаған. Бұл дегеніміз бізді екінші деңгейлі банк ретінде қарастыра алмайды, яғни, біз банктік операциялар жасай алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бізге қаржы орталығында алған лицензиямызға сәйкес жұмыс істей алмай отырмыз деген сөз. Бұл жағдайда тек қана заң жағынан исламдық банкті қаржы орталығындағы талаптарына сәйкес қайта қарастыру керек. Біз өз тарапымыздан бұл мәселені бірнеше рет көтерген едік. Исламдық банктегі сын-қатердің бірі бұл оның мәртебесін жаңа заңға енгізіп, бекіту деуге болады», – деді ол модератордың сұрағына берген жауабында.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Басқарма Төрағасы Фархат Сарсекeев исламдық қаржыландыру Қазақстан үшін әлі жаңа бағыт екенін баса айтты. Оның айтуынша, халық бұл сала туралы жеткілікті деңгейде хабардар емес.
«Екінші мәселе – исламдық қаржыландырудың өңірлерге таралуы. Қазақстанның аумағы кең. Исламдық қаржыландыру тек Алматы мен Астанада ғана танымал, өйткені бұл қалаларда тиісті институттар орналасқан», – деді спикер.
Фархат Сарсекeев салада сұраныс бар екенін жасырмады.
«Даму» туралы айтатын болсақ, біз шағын және орта бизнесті қаржыландырумен айналысамыз. Өкінішке қарай, барлық саланы қамти алмаймыз. Қазір біз Үкімет бекіткен 5 басым бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Олардың қатарына өңдеу өнеркәсібі, туризм, білім беру, медицина және көлік салалары кіреді. Бұл салаларда исламдық қаржыландыру құралдары арқылы қолдауға дайынбыз», – деп атап өтті «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Басқарма Төрағасы.
Исламдық даму банкі институтының (IsDBI) исламдық қаржы бойынша зерттеу командасының жетекшісі Йахья Алим Ур Рехман елімізде исламдық қаржыландыру жүйесін дұрыс қалыптастыру маңызды екенін баса айтты.
«Нарық ойыншылары институционалдық деңгейде ұсынылатын өнімдерді жақсы түсінуі керек. Сондай-ақ олардың бағасы нарыққа сай әрі қолжетімді болуы тиіс. Бұдан басқа нарықтың нақты қажеттіліктері де ескерілуі қажет. (…) Адамдар шариғаттың қалай жұмыс істейтінін және оның исламдық қаржыландыру жүйесіне қалай интеграцияланғанын түсінуі маңызды», – деді Йахья Алим Ур Рехман.
Дерекөз: inbusiness.kz